Отан – от басынан басталады

27.09.2016 5217
Астанада отбасы күні мерекесі қарсаңында «Отан – от басынан басталады» атты рухани-сазды кеш өтті.

Астанада отбасы күні мерекесі қарсаңында «Отан – от басынан басталады» атты рухани-сазды кеш өтті. Кеш мақсаты – жас ұрпаққа отбасы құндылығын дәріптеу, қазіргі замандағы отбасы тәрбиесіндегі ананың рөлін нығайту, жастарды жарасымды отбасылық өмірге даярлау.

Кеш барысында әр салада табысқа жеткен танымал отбасылар өз өнерін көрсетіп, ұлттық тәрбие мен жалпыадамзаттық рухани негіз – тұлға құндылығы туралы сахналық көріністер қойылды. Сонымен бірге үлкендер мен жастар арасында сұрақ-жауап форматында ашық диалог құрылып, қоршаған ортамен жарасымдылық мәселелері талқыға салынды.

Бүгінгі шараға шақырылған сыйлы қонақтардың бірі – Дариға Жолдықожақызы көп балалы ана. Жолдасымен қырық жылдай отасқан Дариға әже бізге отбасы бірлігін сақтаудың үш сырын айтып берді. Береке-бірлігі мол үлгілі отбасында тәрбиеленген баланың таным жүйесі кең, болашақ өркениетке қосар үлесі де зор болмақ дейді. Сонымен бірге отбасы мүшелері тәрбие мен оқу жоспарын іске асыруда мектептің ең басты одақтасы болатындығын айтады.

Дариға Жолдықожақызы, көп балалы ана:

– Жолдасыммен қырық жылға жуық отастым. «Үйлену – оңай, үй болу қиын» деген сөз тегін айтылмаған. Отбасын құру үшін, ең алдымен сезім керек, екінші түсіністікпен қарау, үшінші кешірімді бола білсе - отбасы іргесі нығая түспек. Менмендік, өзімшілдіктің соңы жақсылыққа апармайды. Төрт қыз, бір ұл тәбиелеп өсірдім. Қызымды қияға, ұлымды ұяға қондырған бақытты әжемін, Құдайға шүкір. Әрбір ата-ананың арманы ұл-қызының өмірден өз орнын табуы. Жігіт адам сесті, қыз бала есті болса, алатын жау жоқ.

Астана қаласы Тілдерді дамыту және үйлестіру жұмысы бөлімінің  бас маманы Гаухар Елембаева:

–«Мерейлі отбасы» республикалық дәстүрлі байқауы жыл сайын өтіп келеді. Отбасылық байқаудың негізінде бүгінгі шараны ұйымдастырып отырмыз. Қазіргі күні жастар отбасы беріктігін сақтап қала алмау мәселесіне жиі ұшырайды. Отбасы – шағын мемлекет. Ең басты тәрбие отбасынан басталуы керек. Осы себепті бүгінгі ауқымды шарада жастар мен үлкендер арасында отбасы құндылығы туралы әңгіме өрбітпекпіз.

Белгілі әнші Досымжан Таңатаров неке және отбасы түсінігіне тоқталып өтіп, қоғамның тұрақты болуына, дамуына отбасының тигізетін әсері зор екендігін айтады. Әнші отбасылық құндылықтардың, жастардың бойында адамгершілік қасиеттердің жоғалуы қазір үйреншікті болып бара жатыр дейді.

Досымжан Таңатаров, ҚР Мәдениет қайраткері:

«Әр отбасы – мемлекеттің ірге тасы. Әркім өз отбасына жауапкершілікпен қарайтын болса, ол – мемлекеттік деңгейдегі жауапкершілік деген сөз. Отбасы дегенде, көп жағдайда жақсы көру, сүю сезімдері жайлы айтылады. Алайда сезімнен бұрын жауапкершілік деген асыл қасиет бар. Қазіргі ақпарат кеңістігінде өмір сүріп жатқан балалар өте білімді, білмейтіндері жоқ. Бірақ, осы бір адами сезімдер мен жауапкершілік қасиеттеріне келгенде тартыншақтап жатады. Біз балаларды жасандылыққа тәрбиелеп жатырмыз. Үлкенді-кішілі, саяси-мәдени шараларға балаларды, оқушыларды жаппай отырғызып қойып, көзбояушылыққа, жасандылыққа үйретеміз. Осыны көріп өскен бала өмірде өтірік айтуға болады деп ойлауы мүмкін. Өтірік күлу, өтірік айту, жауапкершіліктен қашудың барлығы осындайдан шығады. Кішкентай кезімізде біреуге көмектесу керек дегенді құлағымызға сіңіріп өсірді. Оқу, теория мәселесіне ғана көңіл бөле бермей, адами құндылықтарды дәріптеуді ұмытпауымыз керек.

Астана қаласы Әділет департаментінің мәліметінше, 2015 жылы 11 269 неке тіркелсе, жыл ішінде бұл некенің 40,1 пайызы ажырасуға өтініш білдірген екен.


Ая ӨМІРТАЙ

Суретке түсірген - Нұрбек ӘЛМАНБЕТ

 

Ұқсас материалдар