Қандастар Ассамблея

Орыс халқының салт-дәстүрлері

27.08.2014 101959
Орыс халқының салт-дәстүрлері

Бір тудың астында бір үйдің бауырларындай күн кешіп жатқан өзге ұлт өкілдерінің бірі – орыс халқы. Атадан балаға жалғасып отырған салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптарын, зерттеп қарасақ, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен ұқсастықтарын айқын байқаймыз. Бұған бірден-бір себеп ретінде жергілікті халықтың тұрғындармен етене сіңісіп, өз дәстүрін сақтай отырып, өзгенің мәдениетін бойына дарыта білгендігінде. Өзге елде тұрып, өз жауһарларының бірі салт-дәстүрі, тілі болсын, әлгі күнге дейін өшірмей мәңгілік ұрпаққа мұра етіп келеді. Бұл орайда елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Біздер, қазақстандықтар – бір халықпыз! Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы. Егеменді дамудың 22 жылында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар жасалды. Олар көктен түскен жоқ. Бұл құндылықтар – уақыт сынынан өткен Қазақстандық жол тәжірибесі. Бұл – тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы» десе, келесі бір сөзінде «Патшалықтың, төңкеріс дүмпуі мен тоталитаризмнің барлық ауыртпалығы мен қиыншылықтарына қарамастан, біздің еліміздің аумағында тұратын қазақтар және басқа да халықтардың өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін сақтай алды» – деп атап өткен еді. Сол ерекшелігін сақтай отырып, бізбен біте қайнаса тіршілік етіп жатқан орыс халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына тоқтала өтсек.

 Орыс халқында ерекше саналатын салт-дәстүрлердің бірі – ыдыс шағу ырымы.  Бұл дәстүр адам өміріндегі өзгерістерге байланысты орын алады. Мысалы, адам дүниеге келгенде, үйлену тойында немесе адам қайтыс болғанда.

Сәби дүниеге келген уақытта арнайы шыны ыдыста күріштен немесе бидайдан ботқа пісіріледі. Қонақтар тамақ ішіп болған соң, дастарханға осы дәм әкелінеді. Кімде-кім ыдысқа көп ақша салса, сол адам ыдысты сындыру құрметіне ие болады. Шыны ыдыс сынған уақытта ішіндегі ботқа сол қалпында, яғни шашылмаған күйінде тұруы қажет. Бұл дәстүр отбасы бақытқа, ырысқа, байлыққа кенеледі деген мағынаны береді. Алғашқы болып астан жас босанған ана дәм татады. Егер ас келген қонақтардан артылып жатса, үй иесі қалған ботқаны малдарына, одан қалса бақшаларына шашады. Сол сияқты сәбиді аспалы  немесе ағаш бесікке салып оны үш рет темір пышақпен аластайды. Егер ер бала болса, пышақ, ал қыз бала болса жастығының астына қайшы қояды. Бұл дәстүрді баланы бәле-жаладан, тіл-көзден аман болсын деп жасайды.

Үйлену тойында ыдыс сындыру салтының мағынасы, егер жас келін босағаны адал аттаса, той күннің ертеңіне қайын енесі өзінің қымбат бір ыдысын сындырады. Ыдыс өте майда бөлшектерге бөлініп, ұнтақталып шағылуы тиіс. Бұл дәстүр бас қосып жатқан екі жастың өмірі молшылық пен байлыққа толы болсын деген мағынаны білдіреді.

Сондай-ақ суыт хабар келіп, отбасында біреу қайғылы жағдайға душар болғанда немесе адам қайтыс болғанда олар міндетті түрде қара көйлек киіп, бастарына қара орамал тартады. Адам о дүниелік болғанда қызық дәстүрлерінің бірі дастарқан теріс жайылып, үстіне қойылған ыдыстар төңкеріліп қойылады. Тіпті қасықтар да күнделікті өмірден өзгеше, яғни төңкеріліп қойылады. Бұл дәстүрдің мағынасы әруақтар сенімен бірге тамақтанады деген мағынаны білдіреді. Сонымен қатар қайтыс болған адамды жерлеп келгеннен кейін, артынан туыстары іші суға немесе бидайға толы ыдысты сындырады. Онысы «артында қалған ұрпақтары аман болсын, арты мол болсын» дегенді білдіреді екен.

Адамды жерлегенде табыттың астына темір зат салып, ал бас жағына іші суға толтырылған ыдыс қояды. Бұл ырымның мағынасы аруақтар тыныш болсын, шөлі қанып жатсын дегенді білдіреді.

Қазақ халқындағы секілді орыс дәстүрінде де ер адам үйдің басшысы, отағасы, отбасының қорғаушы, қамқоршысы саналады. Ер адам тұтынған заттар киелі деп есептеліп, құрметпен қараған. Мәселен, үйлену тойынан кейін, қалыңдық өз ер азаматының аяқ киімін шешіп жоғары қояды, бұл ер азамат қашанда әйел адамнан жоғары тұру деген мағынаны білдірсе керек.

Орыстарда қасықтарға қатысты ерекше дәстүрлері бар. Бірнешеуіне тоқтала кетсек.

Мысалы, олар ер азаматтарына құрметпен қарайтыны соншалықты күнделікті ас ішетін қасығын тағамды араластыруға пайдаланбаған. Бұлай ырымдауына себеп егер ер адам қасығын пайдаланса, сол үйден ырыс, байлық кетеді деп жорамалдаған. Сондай-ақ ер адамдардың қасығын балаларды көз тигеннен сақтандыру үшін тұтынған. Ер адам қайтыс болған соң оның қасығы киелі деп саналып, таза жерде сақталған.

Сондай-ақ өздерінің пайдаланған қасықтарын қыздар мен жігіттер бір-бірлеріне ұсыну арқылы өз сезімдерін білдірген.

Жаңа үйге қоныс тепкенде, үй тұрғызғанда да орындалатын өзіндік дәстүрлері бар. Мысалы, жаңа үйге кіргенде аулаға әтешті жібереді. Бұл дәстүр әтешсіз аулада мал болмайды, болған күнде де сиырдың сүті сұйық болады дегенді білдіреді. Орыстардың өзге халықтан ерекшелігі ырым-тыйымға қатты сенгіш келеді. Мысықты бірінші болып үйге енгізудің себебі, алғашқы болып үйге енген адам бірінші қайтыс болсын деп ырымдаған. Ескі үйден жаңа үйге қоныс аударғанда, ескі үйдің жанып тұрған отын немесе күлін ала барған.

Кішкентай балаға қатысты салт-дәстүрлерінің бірі нәрестені шіркеуден шоқындырып алап келгеннен кейін оны арнайы босағаға жатқызады. Бұл дәстүрдің мағынасы «Жас сәбиді жамандықтан босағаның киесі қақсын, әрқашан аман сақтасын, есейгенде босағасы берік болсын» дегенді білдіреді. Сондай-ақ тоғыз айға толмай қайтыс болған баланы босаға іргесіне жерлеген. Сондықтан орыстардың салты бойынша босағаны басуға, босағада тұрып тамақ жеуге, қал-жағдай сұрасып, амандасуға болмайды. Тек әке-шешесінен бірдей айырылған жетім балар ғана босағада тұрып, нан мен тұз жеуіне болады. Бұл кішкентай балаларын ата-анасын ойламасын, қорқыныштары сейілсін деген мағынада айтылады. Жалпы орыс халқының босағаға қатысты дәстүрлері де қазақ халқына өте қатты ұқсас. Себебі біздің халқымызда да босағаны киелі санайды.

Терезеге қатысты тиымдар. Орыстар терезенің сыртқы қоршаған ортамен байланысы көп деп есептеген. Мысалы, терезеден түкіруге, мысықты лақтыруға, суды төгуге, сүйектерді тастауға болмайды. Адам қайтыс болғанда терезе алдына бал салынған суы бар ыдыс қояды. Адамның денесінен ұшып шыққан жаны осы сумен жуынып, тазаланады деп ырымдаған. Суды күнге дейін қойып қойған. Егер шоқындырылмаған бала қайтыс болса, оны терезеден табытпен шығарған. 

Жалпы айтқанда орыстарда өзге халықтар секілді ерекше аталап өтілетін мерекелері бар. Олардың қатарына пасха, «Рождество», «Русалка», «Ярило», «Петровки», «Купало», «Башихо», «Троицын день», «Башихо» деп аталатын мерекелері бар.

Ұлы батырымыз Бауыржан Момышұлы айтқандай, «халықтың ізгі дәстүрі – біздің ең асыл мұрамыз» десе, батыс ойшылы В.Г Белинский: «Әдет-ғұрып замандар бойы сыннан өтеді. Өз дәуірінде ардақталып, ата-бабадан әулетке мұра болып ауысып, рудан руға, ұрпақтан ұрпаққа жетеді», – деп атап өткен екен. Сондықтан да ұлттық болмысымызды айқындайтын дәстүрлеріміз қашанда ардақ тұтып, сақтауға бүгінгі ұрпақ – біз міндеттіміз. 

 

Мәліметтер «Үлгілі үйдің ұл-қыздары» кітабынан алынды. Алматы 2000 жыл. Санат баспасы

Ұқсас материалдар