Қандастар Ассамблея

Оразгүл Асанғазықызы: Күліп тұрған әйел бәрін жеңеді

10.09.2015 4269
Қыркүйек айының екінші жексенбісі елімізде 1998 жылдан бері «Отбасы күні» ретінде аталып өтіледі.

Қыркүйек айының екінші жексенбісі елімізде 1998 жылдан бері «Отбасы күні» ретінде аталып өтіледі. Мемлекетті құрайтын миллиондаған шаңырақтың мейрамы биыл «Қазақ хандығының 550 жылдығымен» бір мезгілге келіп отыр.

Отбасы күнін тарихи мерейтойдың көлеңкесінде қалдырмау мақсатында, Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында «Отан – отбасынан басталады» атты мерекелік шара ұйымдастырды. Оған үлгілі ана, парасатты әйел, кезінде Тілдерді дамыту басқармасында біраз жыл еңбек еткен, ал бүгінгі таңда ҚР Парламент мәжілісінің депутаты болып отырған Оразгүл Асанғазы ханым қатысып, отбасы тәрбиесіндегі қазақ тілінің рөлі жөніндегі ойымен бөлісті.

ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, Оразгүл Асанғазықызы:

Қазақ театры бұл бір киелі шаңырақ. Бұнда керемет, керемет ұлттық іс-шаралар өтеді. Соның бірі – ертең ашылғалы тұрған «Тіл фестивалі». «Осы өткізген іс-шаралардың қайтарымы бар ма?» - десе, - «бар», - деп айтар едім. Өйткені 1998 жылы Жөкең (жолдасы) бірінші рет Астанаға келгенде, мен де осы кісінің ізінше келдім. Сарыарқа әкімінің орынбасары болдым, сонда осы қаладағы 33 мектептің біреуі ғана қазақ мектебі болатын. Қазір, Құдайға мың да бір шүкір, осы өткізілген іс-шаралардың, ата-аналармен өткізілген іс-шаралардың арқасында қаладағы 77 мектептің 66-сы қазақ мектебі десек, осының өзі үлкен жетістік. Мен Астаналықтарға ризамын. Балаларын қорықпастан, өздері білмесе де қазақ сыныптарына беріп жатқан ата-аналар өте көп. Ең мақтанатынымыз, Астанадағы 10 ең мықты мектептің 9-ы қазақ мектебі. Астана қазақша сөйлемей, Қазақстан қазақша сөйлемейді. Сондықтан, Қазақстанның болашағы үшін отбасының әрбір мүшесі өзара қазақ тілінде сөйлесуі керек.

«Отбасын сақтап қалу үшін әйел адам не нәрсені есте ұстауы керек?» деген сауалға Оразгүл ханым былай деп жауап берді:

«Ер адам ашуланған кезде қыздарға айтарым, үндемей қоя салу керек. Олар ашуланған кезде ұрсып, я басқа нәрсе айтып тыныштандыру мүмкін емес. Сондықтан, сол жерде сен сабырға түсіп, жігітіңнің ең бір жақсы көретін кезін есіне түсіріп: «сен ондай емессің ғой, сен мынандайсың» - деп, сабырға шақыру керек. Ал, жалпы күліп тұрған әйел бәрін жеңеді».

Отбасылық форматта өткен мерекелік кешті ерлі-зайыпты Олжас және Арайлым Сыдықбектер жүргізді. Шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайреткері Медет Салықов, Медет Шайкеловтың отбасы, ақын Ықылас Ожайұлының шаңырағы, Алматы облыстық филармониясының бишісі Бекзат Ақиярұлының жанұясы қатысты.

Бұл күні театр залына жиналған ата-аналар балаларының өнерін тамашалауға мүмкіндік алды. Олардың ішінде Қазақ гуманитарлық заң университетінің 4 курс студенті Тен Дмитрий, №49 мектептің 7 сынып оқушысы Зотке Ангелина, №17 мектеп-гимназиясының 3 сынып оқушысы Козылов Павел және 2 сынып оқушысы Козылов Даниал, №45 «Самұрық» балабақшасының тәрбиеленушісі, 5 жасар Белова Алина, №25 «Таңшолпан» балабақшасының тәрбиеленушісі 6 жасар Шэгай Владислав өнерлерін ортаға салды.

Бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға, ата-аналардың күйбің тіршіліктен бір сәтке қол үзіп, отбасыларына көңіл бөлуін мақсат еткен бұндай шаралар бүгінгі қоғамға қажет-ақ.


Дария Жұмалиева

Ұқсас материалдар