Қандастар Ассамблея

Оралда «Күй құдіреті» атты домбырашылар байқауы мәреге жетті

20.06.2016 3343
Дина Нұрпейісова мен Сейтек Оразалыұлының 155 жылдық мерейтойы

Оралда күйшілер Дина Нұрпейісова мен Сейтек Оразалыұлының 155 жылдық мерейтойларына арналған «Күй құдіреті» атты домбырашылар байқауы мәреге жетті.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған шараның мақсаты – күмбірлеген күй өнерінің сиқырлы үнін кейінгі ұрпақтың санасына сіңіру. Күй додасына еліміздің 7 өңірінен 16 мен 35 жас арасындағы 15 үміткер қатысты. Нәтижесінде Алматыдан барған Азамат Шынаров бас жүлдені жеңіп алса, астаналық өнерпаз Гүлдана Нұрабаева бірінші орынды иеленді.

Гүлдана Нұрабаева, байқау жеңімпазы:

- Осы конкурста берілген 15 міндетті күй бар, соның ішінде ең күрделі күйлер Дина Нұрпейісованың «Байжұма», «Бұлбұл», «Жігер» сияқты бар. Оны орындау бізге ауырға келді. Бірақ өзінің стилінде, мәнерінде жеткіземіз деген ойдамыз.

Нұрғиса Дәуешов, Құрманғазы атындағы Мемлекеттік халық аспаптар оркестрінің директоры, күйші:

- Жастардың деңгейі өте жоғары. Ең бастысы осы БҚО ұйымдастырған күйшілер байқауына Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облысынан, Қызылорда мен Астанадан, еліміздің түкпір-түкпірінен конкурсанттар жиналды. Оның бәрі мынау қазақтың күй өнерінің еліміздің түкпір-түкпірінде даму үрдісін байқатады.

Екі күнге созылған республикалық байқау қорытындысында еліміздің сегіз өңірінен қатысқан үміткерлер арасынан Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының студенті, Алматы атынан шыққанмен, Батыс Қазақстан облысынан түлеп ұшқан Азамат Шынаров суырылып шығып, бас жүлдені жеңіп алды. Астаналық Гүлдана Нұрбаева бірінші жүлдені иеленсе, шығысқазақстандық Дарын Құдайбергенов пен Құрманғазы атындағы Орал музыка колледжінің түлегі, қазір елордадағы мемлекеттік академиялық филармонияда қызмет атқаратын Әділбек Қодаров екінші орынды бөлісті. Бөрлі ауданының өкілі Азамат Қалиев және қостанайлық Мәдина Дәненова мен атыраулық Назерке Базарбаева үшінші орыннан көрінді.

Айта кетейік, өңірде осындай дәрежедегі күй додасы биыл екінші рет өтіп отыр. Мұның алдында Қаратөбе ауданында Құрманғазының ұстазы Ұзақ күйшіге арналған республикалық домбырашылар байқауы ұйымдастырылған болатын.

Ұқсас материалдар