Қандастар Ассамблея

Қорғаныс сенсоры телефоныңызды расымен қорғай ала ма?

26.04.2016 3845
Сканерлеу жүйесінің артықшылықтары мен осал тұстары туралы әңгіме қозғайық

Бүгінгі мақаламызда ұялы телефондардағы сканерлеу жүйесінің артықшылықтары мен осал тұстары туралы әңгіме қозғайық.


Саусақ ізін сканерлеу не үшін керек?

Заманауи ұялы телефондарда бұл функция құпиясөздің орнына қолданылып келеді. Арнайы сенсор саусақ терісіндегі өрнектерді танып білу қабілетіне ие. Адамның саусақ терісіндегі өрнектер қайталанбас әрі уақыт өткен сайын өзгермейді.Телефонның операциялық жүйесі саусақ ізін жадында сақталған ақпаратпен салыстырып, телефонды ашуға не ашпауға шешім қабылдайды.

Сенсордың тағы қандай мүмкіндіктері бар?

Саусақ ізін танып білетін сенсор телефонның алдыңғы батырмасында және кейбір смартфондардың артқы панелінде орналасқан. Бұл сенсор телефонда тек қауіпсіздік мақсатында ғана емес, өзге де функцияларды қатарынан орындай алады. Мысалы, Honor 5X смартфонында сканер фототүсірілімді және кейбір қосымшаларды іске қоса алады. Сонымен қатар, сканер батырмасын басып тұру арқылы сіз оятқышты өшіре аласыз немесе қоңырауға жауап бере аласыз. Тағы екі мүмкіндігі, сканерді екі рет басу арқылы барлық хабарламаларды жауып, ал төменнен жоғары қарай басу арқылы хабарламаларды кері көре аласыз.

Сонда иесінен басқа ешкім телефонды қолдана алмай ма?

Негізі солай болу керек. Алайда кері пиғылды адамдар телефоныңызды ұрлап, саусақ ізін «қайталап», смартфоныңыздың құлпын аша алады.

Саусақ ізін «қайталап»? Ол қалай болғаны?

Қауіпсіздік саласының сарапшыларының айтуы бойынша, біздің қолмен ұстайтын бүкіл нәрсеміз зиянкестерге көмек бере алады. Алысқа кетпей-ақ қояйық, телефон бетінің өзінде саусағымыздың ізі қалып кояды. Саусақ ізінің көшірмесін дайындау үшін бар болғаны сіздің қолыңызды суретке түсіріп алып, оны арнайы жолмен басып шығару керек. Хакерлер iPhone мен Android құрылғыларындағы сенсорларды қалай алдауға болатынын талай көрсеткен болатын. Мысалы, зерттеушілер Samsung Galaxy S6 және Huawei Honor 7 смартфондарын алдап, ашып алған екен.

Сонымен қатар, саусақ ізін фотосуреттер арқылы алуға болады екен. 2014 неміс хакері Германия қорғаныс министрінің саусақ ізінің көшірмесін дайындап шыққан. Хакер әдеттегі баспасөз маслихаты кезінде қарапайым фотоаппаратқа министрдің қолын суретке түсіріп алады. Кейін суреттерді арнайы қосымшамен өңдеп шығады. Міне, көшірме алудың тағы бір жолы осындай екен.

Сонда саусақ ізін танитын сканерлерден еш пайда жоқ па?

Егер сіздің телефоныңызды ішінде сақталған ақпарат үшін емес, ақша жасау үшін ұрласа, қорғаныс жүйесіне сенуіңізге болады. Соған қоса, уақыт өте келе сканерлер дамып келеді. Huawei компаниясының өкілдері Honor 5X телефонының сканері өзге моделдерге қарағанда әлдеқайда қауіпсіз деп айтуда.

Сенсорды бұзбаса, ешкім телефонымды аша алмайды ма?

Теориялық тұрғыдан дұрыс айтасыз. Алайда құқық қорғау органдары немесе өзге де құзыретті мекемелер сізден телефоныңыздың құлпын ашуды талап етуі мүмкін. Егер де телефоныңыз құпиясөзбен қорғалған болса, сіз өзіңізге қарсы айғақ беруден бас тарту деп аталатын құқығыңызбен қолдана аласыз (бұл АҚШ мемлекетінде бар заң). Ал саусақ іздерін полиция өкілдері сізден талап етуге толықтай құқылы.

Ал егер телефонымда ешқандай қорғаныс болмаса?

Егер сіз телефоныңыздағы ақпаратты беруден бас тартсаңыз және смартфоныңызда ешқандай қорғаныс болмаса, тергеушілер сіздің телефоныңыздағы ақпаратты тек сот шешімімен ғана ала алады.

Барлық артықшылықтар мен осал тұстарды білгеннің өзінде телефоныңызға қорғаныс функцияларын қолданған абзал. Смартфондардың ақпаратты қорғаудың 11 жолы деген мақаламызбен осы сілтеме арқылы таныс болыңыз.


Айсауле НҰРЛЫБЕК 

Дереккөз: meduza.io

Ұқсас материалдар