Қандастар Ассамблея

Онкологиялық ауруға шалдыққан балаларға қолдау көрсетілді

01.06.2015 4424
Бүгін «1 маусым – Балаларды қорғау күніне» орай Қазақстан халқы Ассамблеясының қоры Астана қаласындағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында «Мейірімділік арқылы бірлікке» атты қайырымдылық акциясын өткізді.

Бүгін, 1 маусым – Балаларды қорғау күні. Жаны таза, жүрегі пәк сәбилердің мейрамы. Біреулер үшін бұл күн жай мейрам болса, онкологиялық ауруға шалдыққан сәбилер үшін бүгінгі күн ерекше. Өйткені бүгін олар аурумен үздіксіз күресіп жүргенін бір сәтке болсын ұмытып, нағыз мерекелік көңіл күйге бөленетін күн.

Балалар мейрамына орай Қазақстан халқы Ассамблеясының қоры Астана қаласындағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында «Мейірімділік арқылы бірлікке» атты қайырымдылық акциясын өткізді. Шара лейкоз, онкология және өзге де ауыр сырқат түрлеріне шалдыққан балаларды қолдауға бағытталған. Акция аясында Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында балаларға арналған ойын алаңы орнатылды, 4 миллионнан астам сомаға өткір зәрулік туған дәрі-дәрмек сатып алынды және кішкентай ем алушыларға сый-сияпаттар тарту етілді.

Алмагүл Сәлімбаева, «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоры» қоғамдық қорының директоры:

Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығымен қоян-қолтық жұмыс жасап жатқанымызға биыл төрт жыл. Бұл қайырымдылық акциясын біз жыл сайын өткіземіз. Ауыр науқасқа шалдыққан балаларға дәрі-дәрмекпен көмектесеміз, осында айлап, жылдап жататын науқастарға мейлінше қолайлы жағдай жасау үшін қаржылай көмек көрсетіп тұрамыз. Бүгінгі акцияны ұйымдастыруға бірнеше демеушілер атсалысты. Олар «Бірлік» саяси партиясы, «KMF» микроқаржылық ұйымы, «Динар-Электромаш» серіктестігі, этномәдени орталықтар. Кеше Алматыдағы тәжік этномәдени бірлестігінің жетекшісі Ташболатов Бекболат ағамыз балаларға 50 литр таза табиғи бал беріп жіберді. Ол да қамқорлық. «KMS-Сервис» фармацевтикалық компаниясы 4 миллионға жуық сомаға дәрі-дәрмек әкеліп, дәріханаға тапсырды. Орталық қажетті дәрілермен қамтылған, дегенмен кейбір дәрілер болмай қалады немесе шетелден әкелінеді. Сондай жағдайда біз көмектесеміз. Бүгінгі акция аясында орталықта ем алып жүрген балапандарға ойын алаңын сыйға тарттық. Бұл шағын ойын алаңын орнатуға 3 миллиондай қаражат жұмсалды. Осының барлығы балалар үшін. 

Тамара Вощенкова, «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы» АҚ-ның Басқарма төрайымы:

Ана мен бала ұлттық орталығында жылына 14 мыңнан астам адам ем алады. Олардың көбі балалар. Сол себепті, «Балаларды қорғау күні» біз үшін ерекше күн. Өйткені бізге келетін бүлдіршіндер жәй балалар емес, олар ауыр сырқатқа шалдыққандықтан өз аймақтарында тиісті көмек ала алмай келген жандар. Бұндай науқастарға қуаныш сыйлау біз үшін және біздің тұрақты достарымыз үшін үлкен абырой. Біздің тұрақты досымыз ол - Қазақстан халқы Ассамблеясы. Біздің достығымызға үш жылдан асты. Олар мейрам болмаса да, қиындық туған жағдайда өз айналасына қайырымды жандарды жинап, бізге балалардың өмірін жақсарту үшін қол ұшын созады. Одан бөлек, «Бірлік» саяси партиясы да біздің жаңа бастамаларымызға белсенді қодау көрсетіп тұрады.

Төлеген Қуанышев, «Бірлік» саяси партиясы төрағасының орынбасары:

Адамның өмірінде баланың күлкісінен артық ештеңе жоқ. Сондықтан да, бүгін міне Ана мен бала орталығында ашылған балаларға арналған ойын алаңында ойнап жүрген балалардың күлкісін көріп, біз де өзімізді бақытты сезіндік. Біз Ассамблея жанында құрылған қормен бірлесіп жұмыс жасап жатқанымызға екі-үш жылдай болды. Содан бері бірнеше қайырымдылық шараларын өткіздік. Соның біріншісі, осында емделіп жатқан балаларға 7 миллионға жуық дәрі-дәрмек алып бердік. 57 бөлмені антибактериялық материалдармен жабдықтадық. Одан кейін Германияның жоғары дәрежелі төрт профессорын шақырып, 50-ге жуық балардың диагностикадан өтуіне мүмкіндік жасалды. Бұндай игі істер алдағы уақытта да жалғасын тапса екен. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, өнеркәсіп басшыларын, еліміздің ірі кәсіпкерлерін, қалталы азаматтарын осындай қайырымдылық шараларымен айналысуға шақырамын.

Әтіргүл Стамқұлова, емделушінің анасы:

Былтыр қызым Әселге лейкоз деген диагноз қойылды. Осы жерге 2014 жылдың наурызында келіп түскенбіз. Желтоқсан айына дейін осыннан ем алдық, қазір үйдеміз. Құдайға шүкір, Әселдің денсаулығы жақсы. Жергілікті емханадан дәрілер алып тұрамыз, екі ай сайын тексеруден өтеміз. Бүгінгі мерекеге психологымыз Қорлан Аманжолқызы шақырған болатын. Қызыма көмек көрсеткен ең алдымен Аллаға, содан кейін осы жердегі барлық дәрігерлерге, қызметкерлерге алғыс айтам. Бала түгілі, үлкен адам үшін де бұндай науқасқа шалдықты деген хабарды есту өте ауыр. Бұл жерде психологтың көп көмегі тиді. Емделу барысында Әсел химия терапия алған болатын. Сондықтан, қазір қызымызды Алматыдағы сауықтыру орталығына жіберу жағын қарастырып жатырмыз.

Қайырымдылық шара мерекелік концертке ұласты. Оған «Авиценна» тәжік этномәдени бірлестігі, «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығы, поляк, қырғыз этномәдени орталықтары, «Media-Production» шоуы және Жанна Әубәкірованың арт-студиясының тәрбиеленушілері қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Мерекелік концерт орталықта ем алып жатқан балаларға керемет көңіл күй сыйлады.

 


Материалды әзірлеген: Қаламқас НҰРМАҚОВА

Суреттер авторы: Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

Ұқсас материалдар