Қандастар Ассамблея

Обыр ауруын жеңген боксшы Головкинмен жұдырықтасады

13.09.2016 10334
Джейкобс : «Let's do it ... ME vs GGG!»

Қарсыласын нокаутпен жеңген Джейкобс Головкинді жекпе-жекке шақырды.

Дэниэль Джейкобс бокс тарихында обыр ауыруын жеңген бірінші әлем чемпионы. 2011 жылы спортшыдан остеосаркома (сүйек обыры) деген диагноз қойылған. Тоғыз сағаттық ота жасалып, боксшы 19 ай бойы өліммен күрескен. Дәрігерлердің  «Енді рингке мүлдем шыға алмайды» дегеніне қарамастан 2012 жылы ол үлкен спортқа оралып, әлем чемпионы атанды.

Бұған дейін Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы (WBA) Головкинді келесі жекпе-жегін WBA (Regular) тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Дэниэл Джейкобсқа (32-1, 29 КО) қарсы өткізуге міндеттегені хабарланған еді. Кездесуге дайындалу үшін боксшыларға 120 күн беріледі.

Өткен сенбі Джейкобс Серхио Мораны техникалық нокаутпен екінші мәрте ұтып, өз титулын қорғап қалды. Жекпе-жектен кейін америкалық орта салмақтағылардың арасында өзінің мықты екенін дәлелдеу үшін Головкинмен кездесуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы әлем чемпионы өзінің твиттердегі парақшасында «Let's do it ... ME vs GGG!» деп жазды.

Айта кететін жайт, қазақстандық Геннадий Головкин соңғы жекпе-жегін ағылшын боксшысы Келл Брукпен өткізіп, қарсыласын бесінші раундта техникалық нокаутпен жеңген болатын.  Кездесуден кейін британдық боксшы ауыруханаға түсіп, көзіне ота жасау керектігін айтты.


 Рустем ӘЛПИ 

Ұқсас материалдар