Қандастар Ассамблея

Оқушылар танымындағы «отбасы» ұғымы

18.09.2014 5173
Кеше «Наз» мемлекеттік би театрының ұйымдастыруымен Астана қаласының №3 көпшілік кітапханасында «Мерейлі отбасы» атты мерекелік шара өтті.

Кеше «Наз» мемлекеттік би театрының ұйымдастыруымен Астана қаласының №3 көпшілік кітапханасында «Мерейлі отбасы» атты мерекелік шара өтті. Оған қаладағы №68 орта мектептің 7 сынып оқушылары қатысты.

Аталмыш шараны «Наз» театрының әншісі Данияр Мырзахметов «Әкеге арнау» атты әнімен бастады. Отбасы құндылықтарын насихаттауға арналған тәрбиелік іс-шараға театр ұжымының тыңғылықты дайындалғаны сезіліп-ақ тұр. Театрдың күмісқой әншісі Айнұр Байдуллинова «Ана туралы жыр» әнін орындаса, Гаухар Бегімова «Ана» туралы әнмен жыр эстафетасын жалғады. Сондай-ақ, Динара Нұрахметова мен Зағипа Иманғазиева да келушілерге әннен шашу тартып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

 

Жанұядағы әке мен ананың рөлін дәріптеуге келгенде оқушылар алдына жан салмады.

 

Сәтиева Айғаным, №68 орта мектептің 7 сынып оқушысы:

-         Мен өз ата-анамнан үлгі алам, оларды мақтан тұтам. Әкем өте мейірімді жан, сондықтан болар ол кісінің дауыс көтеріп сөйлегенін еш уақытта көргем жоқ. Біз ата-әжемізбен бірге тұрамыз. Анамның үлкен кісілерге ілтипатпен құрмет көрсетуі мен үшін үглі. Атам мен әжем ылғи да маған бағыт-бағдар беріп отырады. Олар өз ортасында өте сыйлы, құрметті адамдар.Әке-шешем біздің болашағымыз үшін тынбай еңбек етеді. Олардың арманы бізді биіктен көру. Сол себепті мен оқуыма ерекше көңіл бөлемін. Болашақта журналист болғым келеді.

 

Сәндібаева Нұрдана, №68 орта мектептің 7 сынып оқушысы:

-         Ата-анам - менің үлгі тұтар адамдарым. Менің бір ағам және сіңлім бар. Біз бір-бірімізге ылғи да демеу беріп жүреміз. Әке-шешем бізге тату болыңдар деп үйретеді. Олар маған үнемі «кітап оқы, кітап оқыған адам жерде қалмайды» деп айтып отырады. Уақыт өте келе кітап оқу менің сүйікті істерімнің біріне айналды. Осы кезге дейін оқыған кітаптардың арасында Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» атты кітабын ұнатам. Болашақта киім дизайнері болғым келеді. Қазақстанның ұлттық киімдерін елге жаңа қырынан танытуға өз үлесімді қосуды армандаймын.

Өз отбасылары  жайлы айтуға таласқан балақайлар үшін бұл іс-шара өте көңілді өтті. Олар театр әншісі Дастан Омаровпен бірге «Атамекен» әнін орындады. Шараның тәрбиелік мәні зор. Әсіресе, ажырасу саны артып отырған қалалық жерлерде отбасы бірлігінің насихатталуы керек екендігі айтпаса да түсінікті. Осындай шаралар оқушылар аудиториясымен ғана емес, жастар арасында да ұйымдастырылса нұр үстіне нұр. 

Ұқсас материалдар