Қандастар Ассамблея

Оңтүстік Американың ең әлсіз құрамасы

22.05.2014 2890
Эквадор құрамасы тарихтағы алғашқы ойынын ІІ дүниежүзілік соғыстың алдында, яғни 1938 жылы Боливиямен өткізген.

Эквадор құрамасы тарихтағы алғашқы ойынын ІІ дүниежүзілік соғыстың алдында, яғни 1938 жылы Боливиямен өткізген. Бұл матч 1:1 есебімен тең аяқталады. Арада төрт жыл өткенде Аргентинадан 0:12 есебімен масқара болып ұтылды. Әзірге осы есеп Эквадор тарихындағы ең ірі жеңіліс саналады.

Бразилияда өтетін футболдан Әлем чемпионатының топтық кезеңдегі күнтізбесін, матчтың өтетін орнын оқырман назарына ұсынуды жөн деп таптық. 

Эквадор құрамасы

Бас бапкер: Рейнальдо Руэда

Команда капитаны: Антонио Валенсия

Ең көп ойын өткізген ойыншы: Иван Уртадо (167)

Ең көп гол соққан ойыншы: Агустин Дельгадо (31)

ФИФА рейтингісіндегі орны: 23

Еуропадан кейін Оңтүстік Америкада футбол қарқынды дамығаны белгілі. Әйткенмен эквадорлықтар 20-ғасырда ешқандай жетістікке жеткен емес. Әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне тек 1962 жылдан бері қатыса бастады. Бірақ Аргентинадағы аламан бәйгеге жолдары түскен жоқ. Одан кейін 1966 жылы төртжылдықтың басты додасына жолдама алуға жақын болған. Алайда соңғы ойындарда сәтсіздікке тап болды. 2002 жылғы әлем чемпионатының Латын Америкасындағы іріктеу кезеңінде де елді таңқалдырып екінші орын алды. Аргентинаға ғана жол берген Эрнан Гомес шәкірттері, тіпті, Бразилияның өзін артқа тастады. Құраманың  үздік шабуылшысы Агустин Дельгадо 9 доп соғып, сұрмергендер көшінде екінші орынға жайғасты. Оның алдына тек аргентиналық Эрнан Креспо түсті. Алекс Агинага, Иван Кавьедес, Иван Уртадо, Улисес де ла Крус, Агустин Дельгадо бастаған футболшылар көпшілікке танымал болды. Құраманың ойынын алға сүйреген, негізінен, осылар.

Корея мен Жапонияда өткен доп додасында эквадорлықтар Италия, Мексика, Хорватияға қарсылас атанды. Алғашқы 2 турда Италия мен Мексикаға шамалары жетпегенімен, соңғы ойында 4 жыл бұрын әлем чемпионатының қоласына ие болған Хорватияны тізе бүктірді. Осылайша, өз тобынан үшінші орынмен елдеріне оралды.

2004 жылғы Америка кубогындағы сәтсіздіктен соң, колумбиялық бапкер Эрнан Гомес қызметінен кетіп, оның орнын тағы бір колумбиялық басты. Жаңадан келген жаттықтырушы Луис Суарес құраманы Германиядағы әлем біріншілігіне алып шықты.

Неміс жерінде Эквадор сәтті өнер көрсетті десе де болады. Германия, Польша, Коста-Рика құрамаларымен бірге «А» тобына түсіп, топтық кезеңде алаң иелеріне ғана жол берді (0:3). Ал Польша мен Коста-Риканы еркін ұтты. Қоржынында 6 ұпайы бар Суарес шәкірттері топтан екінші орын алып, плей-оффта Англияға қарсылас атанды. Сол ойында Дельгадо бастаған футболшылар ағылшындарға әжептеуір қарсылық көрсеткен. Бірақ бұл матчтың тағдырын Дэвид Бекхэмнің айып добынан соғылған жалғыз голы шешті.

2007 жылы жастар құрамасы тұңғыш рет Панамерика ойындарындарында жеңіске жетті. Ал Америка кубогына 1939 жылдан бері 23 рет қатысқан. 1959 және 1993 жылдары жартылай финалға дейін жеткен. Бұл олардың ең ірі жетістіктері.

Эквадор футболында соңғы 10 жыл көлемінде алға ілгерілеу байқалады. Былтыр сәуірде құрама өз тарихында тұңғыш рет ФИФА рейтингісінде 10-орынға көтерілді. 

Қазіргі құрам

Эквадор құрамасын көбінесе колумбиялық мамандар жаттықтырады. Қазіргі кезде тағы бір колумбиялық Рейнальдо Руэда баптап жүр. Руэда қақпада көбінесе Максимо Бангераға («Барселона», Гуаякиль) сенім артады. Оған негізгі бәсекелес – Александер Домингес (ЛДУ Кито).

Қорғаушылар арасында құрама сапында 13 жылдан бері өнер көрсетіп келе жатқан Вальтер Айовидің шоқтығы биік («Пачука»). Одан бөлек Хорхе Гуагуа («Атланте»), Фриксон Эрасо  («Фламенго»), Хуан Паредес («Барселона», Гуаякиль), Габриэль Ачильер, Оскар Багуи (екеуі де –«Эмелек»), Кристиан рамирес («Фортуна»), Хаиро Кампос («Барселона», Гуаякиль) – қорғаныс шебін түзетіндерқатарында.

Жартылай қорғаушылар арасында атақты «Манчестер Юнайтедтің» футболшысы Антонио Валенсия – команданың ең жұлдызды ойыншысы әрі капитаны. Әлемдегі ең жылдам футболшылардың бестігіне кіретін Валенсиядан жанкүйерлер үлкен үміт күтеді. Сонымен қатар, Мәскеудің «Динамосында» өнер көрсетіп жүрген Кристиан Нобоаның есімі де футболдан хабары бар адамдарға танымал. Бұл екеуіне көмектесетін футболшылардың көбі тәжірибелі ойыншылар. Олар: Эдисон Мендес (ЛДУ Кито),  Сегундо Кастильо («Аль-Хиляль»), Луис  Саритам, Хуан Паредес (екеуі де – «Барселона», Гуаякиль), Джефферсон Монтеро («Монаркас Морелия»).

Қарсыластың қақпасынан саңылау іздейтін шабуылшы қызметін  Дельгадо карьерасын аяқтаған соң, Кристиан Бенитес атқарған болатын. Өкінішке қарай, Бенитес өткен жазда қайтыс болды. Енді бұл міндетті бір кездері Ресейдің «Локомотив» клубы арқылы танымал болған Фелипе Кайседо («Әл-Жазира») өз мойнына алады.  

Топтық кезеңдегі ойындар кестесі:

15 маусым. Бразилиа. Швейцария – Эквадор

20 маусым. Куритиба. Гондурас – Эквадор

25 маусым. Рио-де-Жанейро. Эквадор – Франция

Бек Төлеуов

Ұқсас материалдар