Қандастар Ассамблея

Несіпбек Айтұлы: «Тәуелсіздік үшін қызмет еткен адамның арманы жоқ!»

12.12.2014 7577
Несіпбек Айтұлымен Тәуелсіздік қарсаңында аз-кем әңгімелесудің сәті түсті.

Қазақтың дарынды, қуатты ақыны, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері, тәуелсіздік мұратын тынбай толғап келе жатқан, қазақтың рухани, әдеби әлемін байытып, өзіндік оқырманын қалыптастырған арқалы ақын – Несіпбек Айтұлымен Тәуелсіздік қарсаңында аз-кем әңгімелесудің сәті түсті.

– Тәуелсіздік туралы көп толғап, көп жырлап жүрген ақын өзіңіз. Биыл міне, Тәуелсіздігімізге де 23 жыл толып отыр. Экономикалық, әлеуметтік тұрғыда біршама өстік. Ал, енді рухания тұрғыда қаншалықты жетістік бар?

– Тәуелсіздігімізге 20 жылдан асты. Былай қарасаңыз, 23 жыл да қас қағым сәт сияқты. Бір жағынан алып қарасаңыз, 23 жыл деген аз уақыт емес. Кеше Кеңес заманында 70 жыл өмір сүрдік, соның өзі таусылмайтын ұзақ ғұмыр сияқты көрініп еді, қазір сол қоғамда өмір сүрдік пе, сүрмедік пе, көрген түстей болып қалды.

Тәуелсіздік жылдарында қазақ халқы біраз қиын кезеңдерден өтті. Елбасымыз кешегі Кеңес заманынан кейін шашылып қалған ел-жұртты қолына алған кезде оңай тимеді. Қазір бір елден бір елге, бір ауылдан бір ауылға көшудің өзі үлкен бір қиын шаруа болып жатқан кезде бір жүйеден екінші жүйеге, бір қоғамнан екінші қоғамға көшу тіпті де қиын. Бүкіл экономикалық байланыстар, рухани, мәдени байланыстар күйреді.  Ауыл күйреді, жұрт қайда барарын білмей қалды. Сол кезде елді басқару шынында қиын еді. Қуанышымызға орай, дәл осы тығырықтан шығу үшін, тәй-тәй басқан жас мемлекетіміздің басына Елбасының өзі келді. Ел ала қап арқалап қаңғып кеткен сәттерді де ұмытқанымыз жоқ. Ауыл қалаға шұбырды. Мен сол кезде халық тағы да бір нәубетті басынан кеше ме деп ойлаған едім. Бірақ, аман шықтық.

Тәуелсіздік жылдарында Астана көшірілді. Күтпеген жерден жасалған шешімге кейбіреулер қарсы болды. Жұрт жалақысына жете алмай, зейнетақысын ала алмай отқанда Астана көшіру қалай болар екен деп ойлады. Әйтсе де, Елбасының батыл  шешімі, көрегенділігіне жұрттың көзі енді жетіп жатыр. Ойлап қарашы, кеше Хрущевтің заманында қазіргі Астанамыздан Целиноград жасаймын, бөліп әкетем деп Сарыарқаның айналасында қаншама саясат жүргізілді. Содан аман қалдық. Сол кездегі Жұмабек Тәшенов сынды азаматтардың елдің, жердің тұтастығын сақтап қалу үшін жасағанын бүгінгі ұрпақ ұмытқан жоқ, ұмытпайды да. Енді елдің тұтастығын, мемлекеттің қарыштап даму жолында Елбасымыз талмай еңбек етіп келеді. Астананы көшіру – Елбасының көрегенді стратегиялық саясатынан туған дүние. Кешегі орыстың өте мықты жазушысы Солженицынның өзі солтүстік аймақтың бәрі қазақтың жері емес, қазақтың қойы жайылып келген жердің бәрі оларға тиесілі емес деп шықты ғой. Елді, жерді бөлу үшін осындай саясаттар ұйымдастырылды. Осының барлығына тойтарыс беру үшін Астананы тез арада көшіру керек болды. Қазір жемісін беріп жатыр. Солтүстік облыстағы халықтардың барлығы осыдан кейін Қазақстанның тәуелсіз мемлекетке айналғанына шын мәнінде сенетін болды. Қазақта сөз бар, «Жау жоқ деме, жар астында» деген. Қанша көршілес отырғанмен, экономикалық байланыста отырғанмен әртүрлі пиғылда отырғандар бар. Империялық саясат әлі күнге дейін өз үстемдігін жүргізуден тайынған жоқ, мұны ашық айтуымыз керек. Осы саясатқа қарсы тұрған Астананы көшіру идеясы. Тәуелсіздік жылдарындағы ең үлкен байлығымыз – жаңа Астанамыз! Астана – Тәуелсіздікті нығайтудағы, оның іргесін бекітудегі ең бірінші ұлы ерлік. Бұл ерлікті жасаған біздің Елбасымыз!

– Тәуелсіздік жылдарындағы әдебиет пен мәдениетке тоқталып өтсеңіз...

Түк жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Тәуелсіздік жылдарында әдебиетіміз де, мәдениетіміз де жаңаша сипат алды. Астанада қаншама мәдени ғимараттар салынып жатыр. Мынау «Астана-опера» мәдени ошағы әлемнің үздіктері қатарына кіреді. Осы жылдарда қазақтың мәдениеті әлемге танылды. Ал, әдебиетке келер болсақ, алғашында біраз қиналғаны рас. Көптеген жазушыларымыз алғашқы жылдары абдырап қалды. Жұмыссыз қалып, отбасын асырау мүмкін болмай қалған уақытта да әдебиет өз деңгейінен түскен жоқ. Көптеген шығармалар дүниеге келді. Кеше ғана Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезең» дейтін романы дәл осы Тәуелсіздік жылдарында жазылған роман. Дәл осы С.Сейфуллин атындағы музейде 2 жыл бұрын тұсаукесерін өткіздік. Әдебиет тоқырап қалатын болса мұндай шығармалар тумас еді. Екі жыл сайын Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылатын қаншама мықты дүниелер бар. Ішінде Тәуелсіздікті жырлаған ақындар жетерлік. Кешегі Күләш Ахметова, Тұрсынхан Әбдірахманова сынды апаларымыз тәуелсіздікті, азаттықты жырлады. Кейбіреулер бар, осы Тәуелсіздікті, азаттықты жырлағанның бәрі биліктің айтқанынан шықпайтын, соның шашбауын көтеріп отыр деп қарсы шығатын. Олардың да сөзінде бір мән бар шығар. Бірақ, мен Тәуелсіздікті жырлау, Тәуелсіздікті аспандату біздің жазушылардың ең басты міндеті деп ойлаймын. Кеше Кеңес замамында қызыл империяны жырламаған ақын жоқ. Жамбылдан бастап кешегі Мұқағалиға дейін, тіпті Жұбанның өзі, Әбділда, Қадыр, Фаризаға дейін жырлады. Бірақ, оларды жырладың деп кінәлауға болмайды. Тайыр Жароковтың бүкіл шығармалары сол кездегі билікті жырлауға арналған. Бұл да әдебиет! Бұл да тарих! Бұл бізге керек. Қазақтың басынан қандай тарих өтсе, әдебиет те сол сипатта дамыды. Енді ел боп, Тәуелсіздікті не үшін жырламасқа?! Бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздікті қол жеткізгеннен кейін жырлау қажет. Тәуелсіздікті жырлау деген мадақ айту емес, бұл – ұлттық идеология! Жас ұрпақтың бойына Тәуелсіздіктің қадыр-қасиетін сіңіру керек. Қаншама азаптан өтіп, қаншама қиындықты бастан өткеріп жеткізген ең үлкен құндылығымыз екенін ескерту қажет.

Тәуелсіздік тұсында 20-ға тарта поэма жазыппын. Кешегі Абылай замамынан бастап бүгінгі Елбасы басқарып отырған жаңа заманға дейінгі уақытты түгелдей жырладым. Мен осы арқылы ел алдындағы борышымды, міндетімді өтедім деп ойлаймын.

– Поэма демекші, қазір поэма жазылмай кеткен сияқты.

–  Бұл жанр кешегі Иса, Нұрпейіс Байғанин, Нұрхан Ахметбеков, Ілияс Жансүгіровтен кейін біраз тоқтап қалды. Тіпті үзіліп қалды деуге болмайды. Дәутәлі Стамбеков, Хамит Ерғалиевтің поэма жазғанын білеміз. Жұбан Молдағалиевтің «Тасқын» поэмасы қандай?! Тоқтап қалған себебі тоқырап қалғаны емес. Поэмаға барғаннан соң еріксіз тарихқа барасың. Тарихқа барған соң қаншама батыр бар, қаншама тарихи тұлғалар бар. Қалижан Бекхожиннің Наурызбай туралы поэмасы болған. Тіпті, сол үшін ұлтшылсың деп қудаланған. Поэма дегеніміз – тарих.  Публицистикалық поэмалар жазып, тың игеруді, Кеңес үкіметінің саясатын, революцияны жырлағандар болды. Бірақ, қашанғы жырлай береді? Эпикалық поэмарды жазу үшін тарихқа тоқталасың, тарихқа тоқталсаң жаңағыдай қудаланасың. Қазір Құдайға шүкір, кең жол ашылды. Біз енді қолға алуымыз қажет. Жақында Елбасы Ұлытауда берген сұхбатында да айтты. Келер жылы Қазақ Хандығының 550 жылдығын тойлаймыз. Міне, дәл осы тұста ақындардың жырлайтын сәті келді. Біздің әлі көміліп жатқан қанша тарихымыз бар. Жырланбай жатқан қанша батырларымыз бар. Жанқожа батырдың да мерейтойы өткенмен, әлі дұрыс жырланбай жатыр. Кенесарының өзін дұрыстап жырлай алмай отырмыз. Мен Жанқожа батыр туралы зерттеп, азаттық үшін күрескен батырымыз туралы жазсам деп армандаймын. Ел боламын десек, батырламызды жырлауымыз керек. Бізді тәрбиелеген батырлар жыры. Қобыланды, Алпамысты оқыдық. Содан рух алдық, күш алдық.

– Cізді тәрбиелеген батырлар жыры делік, ал қазіргі әдебиет оқырманын қаншалықты тәрбиелеп отыр? Италияның тұңғыш премьер-министрі Камилло Кавурдың «Біз Италияны жасадық, енді италиялықтарды қалыптастырайық» дегеніндей, біз әдебиетті жасағанмен, оқырманды әлі қалыптастыра алмай отырған сияқтымыз...

– Қазір оқырмандардың деңгейі төмендеп кетті. Бұл әдебиеттің кінәсі емес. Бізде әдебиет бар, жазылып та жатыр. Ал, оған үңілмейтін, оқымайтын оқырман болса ол тікелей ақын-жазушылардың кінәсі емес. Оқырман кітап оқымаса, оны желкелеп оқытпайсың ғой. Ол үшін мемлекет үлкен идеологиялық жұмыс жасауы қажет. Әдебиетшілердің насихатын арттырып, мәртебесін көтеру керек. Қазір жазушылардың қаламақысы жоқ. Тіпті ақын-жазушыға мұрнын шүйіре қарайтын болды жұрт.

– Тәуелсіздік жылдарында қаншама ақындар дүниеге келді. Сол жас ақындар поэзияның деңгейін қаншалықты көтеріп жатыр?

– Бізде таланттар өте көп, бірақ нақтылап аттарын атамай-ақ қояйын. Бірақ, жастарды халық әлі біле бермейді. Оған жастардың да өз кінәсі бар. Барлығы интернетте бірін-бірі мақтап, сұйық бір өлеңін сапырып, арзан дүниеге шейін насихаттап, елден сүйінші сұрап отырады. Өз буына өзі пісіп, арзан дүниемен өзін де, өзгені де алдап жүр. Әдебиет жарнамамен әдебиет болмайды. Шын талант болсаң ешбір насихатсыз-ақ халық өзі іздеп жүріп оқиды. Қазір бізде көп жігіттер өлең жазудан гөрі жеке басынының жарнамасымен әлек. Талантты жастар бар, жоқ демеймін. Бірақ талантын шыңдайтындар, тыңғылықты жұмыс істейтіндер аз. Отырып тер төгу керек, әдебиет еңбекпен келеді. Дүниеден Қадыр Мырзалиев деген ақын өтті. Жанында жүріп, көп нәрсені көрдік. Қадыр қалай еңбек етті?! Жанкешті жұмыс жасады. Тұманбай, Сағилар ше? Прозада Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Төлен Әбдіктерді алып қарашы! Әлі күнге дейін қолынан қаламы түспейді. Қойшығара Салғара тарихты әлі қопарып жатыр. Осы аты аталғандар «мен мынадай нәрсе бітіріп жатырм!» деп халықтан мадақ күтті ме, сүйінші сұрады ма?! Қазіргі жастар 10 өлең жазады да, эфирді бермейді сосын.

– Қазір жас ақындарымыздың насихаты артып, «Поэзия әлемі» атты бағдарлама көрсетіліп жатыр. Қарап жүрсіз бе, бұл туралы не айтасыз?

– Мен «Поэзия әлемін» көріп жүрмін. Маған ұнап жатқан жоқ. Жақсы-жақсы ақындар көрініп жатыр. Бірақ, поэзия әлемі деген – тұтас әлем. Жыраулар поэзиясынан бастап бүгінгі әдебиетке дейін бөліп-жаруға болмайтын тұтастық. Бізде жаман әдет бар, жас мөлшеріне байланысты шектеу қойып, мүшәйраға 35 жастан асқандарды қатыстырмайтын болды. Мына «Поэзия әлемі» де сондай. Неге үлкен ақындарды бермеске?! Үлкен-кіші демеу керек. Қазір белгілі бір топ бар, бірін-бірі мадақтап, бірін-бірі насихаттайтын. Мен осыған қарсымын. Оны өздеріне де айттым. Осы әдебиеттегі топтар әдебиеттің түбіне жетеді. Әдебиет топтасып жасалмайды. Әдебиетті жеке тұлғалар жасайды. Кезінде Жазушылар Одағында да топтасып әдебиет жасаймыз деген ағаларымыз болған, солардан түк те нәтиже болған жоқ. Бұл да әдебиеттегі сыбайластық. Осыдан құтылуымыз керек. Кеше осыны Қасым да айтып кетті, Ғабит Мүсірепов те айтып кетті.

– Елбасының қабылдауында жиі боласыз. Мемлекет басшысы зиялы қауым өкілдерінен қандай үміт күтеді?

– Елбасы қазақ мәдениетіне үлкен қамқорлық жасап отыр. Басқаны былай қойғанда, «Мәдени мұра» бағдарламасын білесің. Осы бағдарлама аясында қаншама дүниелер жарық көрді. Осы Тәуелсіздік жылдарында кітабым шықпай қалды деген бірде-бір талантты ақын-жазушы жоқ. Мемлекеттік бағдарламамен талантты деген бүкіл ақынның кітабы жарық көрді. Тек тиражы аз, барлығына жетпей жатыр демесеңіз, бұл мәселе толықтай шешілген.

– Осы сұхбатқа келе жатқанда маған ең алдымен ғалым-этнограф Ақселеу Сейдімбекпен бірге жазған «Дәурен-ай», «Сарыарқа» атты әндеріңіз есіме түскені. Қазір осындай әндер неге жоқ. Әлде жаныңызды Ақселеудей ұғатын жан жоқ па?

– Ақселеудің жанында 30 жылға жуық уақыт жүрдім. Жәнібек Кәрменов те менің жақын досым болды. Рухтас, үндес  едік. Қазақ әдебиеті, мәдениеті туралы көп толғанатынбыз. Әсіресе, музыкаға байланысты көп сөйлестік. Ахаңның «Дәурен-айы» мен «Сарыарқасы» кешегі Әсеттердің, Біржандардың әндері сияқты өлмейтін әндердің санатына жатады. Ахаң «Жәнібек кеткеннен кейін ән жазуды қойдым» деп жүретін. Бірақ, одан кейін де біраз ән жазды. Сөздерін мен жаздым. Бірақ, әлі ол әндер әншісін таппай жатыр.

Жалпы, шығармашылық адамдары қашан да бір-біріне түрткі болады. Ахаңның деңгейінде мәдениетті жоғары бағалайтын адамдар әлі де бар. Мәселен, Секен Тұрысбеков, талантты күйші. Кешегі Нұрғисаның шәкірті Ермұрат Үсенов дейтін керемет композитор бар.  Ол екеуміздің арамызда да көптеген әндер туды. Ал, қазір ән десе қайдағы-жайдағы ойыңа түседі. Ән туралы халықтың талғам-түсінігі төмендеп кетті. Мынау телеарналар бәрін бүлдірді. Арзан ән, арзан сөз ақындардың, композиторлардың деңгейін түсірді. Күллі қазақ мәдениеті мен әдебиетіне көлеңке түсіріп отыр. Теледидарды жолбикелер мен көлденең көк аттылар жаулап алды. Дәстүрлі әндер аз шырқалатын болды. Әдебиет оқырманын да құртқан осылар. Көрермен мен оқырманның талғамы күрт төмендеді. Арзан дүниені күнде тыңдай берсе, адам соған дағдыланып, жақсы менен жаманды, биік пен төменді айыра алмай қалады. Осыны айтуындай айтып келеміз, марқұм Ақселеу де осымен күресіп өтті. Халықты тәрбиелейтін мәдениет, біз оған жақындаудың орнына алыстан қашып жүрміз.

– Өзіңіз басқарып отырған С.Сейфуллин атындағы музей туралы айта кетсеңіз. Сәкен Сейфуллин туралы зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр ма, әдістемелік жұмыстар қаншалықты атқарылып жатыр?

– Менің музейге келгеніме төрт жылдан асты. Мына отырған ғимараттың мен келгенге дейінгі кейпін сөзбен жеткізу қиын еді. Музейдің ашылғанына 25 жыл толса да қоршалмаған. Жалғыз телефон, 1-2 ескі компьютер ғана болатын. Көрме өткізетін орын да болмады. Мүлдем жағдай жасалынбаған. Бірақ, маған дейін осы музейді басқарған Роза Асылбекқызы деген басшының кезінде Сәкенге қатысты деректер мен материалдар толықтай қамтылыпты. Музей «малға кедей болса да, әнге бай» екен. Қазір рухани жағынан да, ғимараттағы жағдай да өзің көргендей жөнге келді.

Сәкен өз замандастарына қарағанда бақытты. Өйткені, ол туралы дерек өте көп. Ол туралы зерттеушілер де жетерлік. Абайдан кейінгі көп зерттеліп, көп насихатталған екі адам болса, оның бірі – Сәкен, бірі – Мұқағали. Сәкеннің зерттеушілерін алайық, Есмағанбет Смайылов, Мұхамеджан Қаратаев, Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішев, Амантай Сатаев, Амантай Кәкен. Кіл мықтылар зерттеген. Бұл жағынан Сәкен бақытты. Тек Сәкеннің сүйегін таба алмай жүргеніміз болмаса, толық зерттелген тұлға.

– Біршама әңгімелестік, енді Тәуелсіздік күні қарсаңында El.kz оқырмандарына айтарыңыз болса...

–  Оқырмандарға айтарым, Тәуелсіздік шынында да өте киелі ұғым. Бұл – кешегі Әлихан, Ахмет, Міржақыптар армандап кеткен күн. Осы күнді көріп отырған біздер бақыттымыз! Осының қадірін білуіміз керек! Тәуелсіздік үшін қызмет еткен адамның арманы жоқ.

Әңгімеңізге рахмет!


Сұхбаттасқан – Жандос Байділда.

Ұқсас материалдар