Наурыз мейрамына орай 30 дәрігер баспаналы болды

24.03.2016 1557
Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев Жедел медициналық жәрдемнің 30 дәрігеріне пәтер кілтін табыстады. Салтанатты шара Наурыз мейрамын мерекелеу аясында өтті.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев Жедел медициналық жәрдемнің 30 дәрігеріне пәтер кілтін табыстады. Салтанатты шара Наурыз мейрамын мерекелеу аясында өтті.

Мерекелік шара жедел медициналық жәрдем станциясы аумағында ұйымдастырылды. Әртістер мен қызметкерлер ұлттық киімдер киіп, Наурыз мейрамын қарсы алуға жиналды.

«Сіздерді Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Биыл қала бойынша көптеген мәселелерді шешуге ықпал ететін кешенді жоспар әзірленді. Бүгін пәтерлердің кілтін табыстап отырмыз. Сонымен қатар, аталған кешенді жоспарға сәйкес, жедел медициналық жәрдемнің үлкен кешенінің құрылысы қолға алынған. Медициналық қызметтер сапасын арттыру үшін сіздерге барынша жағдай жасалады», – деді Астана қаласы әкімінің орынбасары.

Ермек Аманшаевтың айтуынша, қала аудандарында медициналық көмек көрсету сапасын арттыру үшін қосымша шағын «жедел жәрдем» станциялары құрылды, жаңадан 40 автокөлік сатып алынды, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды жақсарту және дәрігер мамандығының тартымдылығын арттыру бойынша бірқатар шаралар қабылдануда.

Медициналық кадрлардың жетіспеушілігі себептерінің бірі – баспананың болмауы. Биыл медицина қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар басталды. Әзірге, қалалық тұрғын үй қорынан жедел жәрдем қызметкерлеріне осы 30 пәтер беріліп отыр. Сонымен қатар, медицина қызметкерлеріне арналған отбасылық типтегі жатақхананың құрылысын бастау жоспарланған, бұл тұрғын үй мәселесін шешуге тиіс», - деді Е. Аманшаев.

Қала басшысының орынбасары пәтер кілтіне ие болған медицина қызметкерлерін құттықтады.

«Бұл күнді ұзақ күттім, менің арманым орындалды – пәтердің кілті қолымда. Жедел жәрдем станциясында 11 жыл бойы жұмыс істедім. Қала әкімі біздің еңбегімізді бағалайды, бізге осындай сый жасап отыр», - деді жедел медициналық жәрдем қызметкері Раиса Қайырбекова.

Қазіргі кезде, жедел медициналық жәрдем станциясы – жаңа қондырғылармен жабдықталған ірі кәсіпорын. Мұнда 1239 адам еңбек етеді. Өткен жылы елордалық жедел медициналық жәрдем станциясы медициналық ұйымдардың аккредитациясынан сәтті өтіп, сертификат алған болатын.

Сонымен қатар, Ермек Аманшаев арнайы жедел медициналық жәрдем көліктерінің 8 бірлігінің кілтін табыстады.


Дәурен Омаров

Ұқсас материалдар