National Geographic байқау жариялады

13.10.2016 3640
Қатысушылар Қазақстан туралы фотосуреттерін nat-geo.ru сайтына жолдауы тиіс.

«Астана ЭКСПО-2017» National Geographic журналымен бірігіп байқау жариялады. Бұл туралы «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының баспасөз мәслихатында хабарланды.

Арнайы жоба аясында өтіп жатқан екі байқаудың басты мақсаты – Қазақстанның көркем табиғатымен ғана шектелмей, мәдениет пен өркениет, сәулет пен ескерткіш байлықтарын кеңінен насихаттау.

– Қазіргі уақытта Қазақстанға деген қызығушылық артып отыр. Біріншіден «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы шет елдерде еліміздің туристік әлеуетін насихаттауға өз үлесін қосып келеді. Бұл әлемдік туроператорлар қауымдастығымен бірлесіп іске асырылып отырған жоба Қазақстан туризміне тың серпіліс әкеледі, – дейді «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының Ілгерілету және туризм департаментінің директор орынбасары Роза Асанбаева.

National Geographic журналы ұсынып отырған «Қазақстан – болашақ энергиясы» фотобайқауы 28 қыркүйектен 28 қазанға дейін өткізіледі. Қатысушылар Қазақстан туралы фотосуреттерін nat-geo.ru сайтына жолдауы тиіс. Байқау әділқазылары ең үздік жұмыс иелерін 1 қараша күні атайтын болады. Жеңімпаздың еңбегі National Geographic-тің әлеуметтік желілеріне жарияланады. Сондай-ақ жеңімпаз National Geographic командасы және шеф-фотограф Андрей Каменевпен бірге 2017 жылдың мамыр айында Қазақстанға фотоэкспедицияға бара алады.

Қазіргі күні байқауға қатысуға 26 өтінім берілген. Бас жүлде иегері ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне жолдама алады. Әрі 17 қараша күні Мәскеуде өтетін National Geographic Traveler Awards 2016 салтанатты шарасында табыс етіледі.

Ольга Яковина, National Geographic Traveler бас редакторы:

 – Туризм саласын Қазақстан экономикасындағы үлкен табысты шаруашылыққа айналдыру мақсатында бірнеше жобалар іске асырылып жатыр. Мысалы, биылғы жазда Қазақстан елшілігімен бірлесіп Мәскеудің орталығында «Қазақстан – ұлы дала елі» деген атаумен үлкен көрме өткіздік. Көрмеде 60-тан астам фотосурет ұсынылды, – деген ол «Қазақстан – жаңа ашылым уақыты» маршруттар байқауының негізгі шартына тоқталып өтті:

«Бұл жобалар туристік бағытта рейтингі өте жоғары байқау. Дауыс беру ашық түрде жүргізіледі. Жеңімпаздарды журнал оқырмандарды таңдайды. Әр түрлі бағыт бойынша 23 номинация бар. 8 қыркүйек күні басталған «Қазақстан – жаңа ашылым уақыты» маршруттар байқауы 6 қарашаға дейін өтеді. Қатысқысы келетіндер nat-geo.ru порталына Қазақстанның көрікті жерлері туралы өз оқиғаларын жолдай алады».

Қазақстандағы ішкі және сыртқы туризм саласының даму мүмкіндіктері туралы сөз қозғаған Ілгерілету және туризм департаментінің бас менеджері Даниел Сержанұлы туристік операторлармен жұмыс барысы туралы айтып өтті:

«Жетпіс үштей туристік маршрут әзірледік. Ресми 5 туристік оператор 75 мың билет сатып алған болатын. Қазіргі кезде Ресей, Қытай, Еуропа сияқты алпауыт мемлекеттердегі туристік операторлармен жұмыс істеп, билет сату жұмыстарын ілгерілетіп жатырмыз. Яғни, осы бағытта өткізіліп отырған бүгінгі жоба Қазақстанда небір туристік ошақтар бар екенін көрсету мақсатында ұйымдастырылды».

Көрме 2017 жылғы 10 маусымнан бастап 10 қыркүйекті қоса алған аралықта Астана қаласында өткізіледі. Жалпы алғанда, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін тамашалауға шамамен 2 миллионнан астам адам келеді деп жоспарланып отыр.


Ая ӨМІРТАЙ

Ұқсас материалдар