Қандастар Ассамблея

Нәзира Бердалы: "Мықты ақын әдебиетте қалады"

12.06.2014 10262
Нәзира Бердалы – қазақ поэзиясындағы аяулы есім.

Нәзира Бердалы – қазақ поэзиясындағы аяулы есім. Ақындығы да, жаратылысы да ерекше, ешкімге ұқсамайтын Назира ақынның қазақ журналистикасындағы орны өз алдына бір төбе. Жаны сұлу, жырлары нәзік ақын жүрегімен сыр бөлісіп, сұхбаттасудың сәті түскен еді...

– Нәзира, сіз қазір әдебиеттен көрінбей кеттіңіз. Қайда жүрсіз?
– Мен осы сөздің мағынасын түсіне бермеймін. «Сіз эфирден көрінбей кеттіңіз» деген сауалды да жиі қояды. Ол енді түсінікті жағдай, көгілдір экраннан көрінбей кету деген. Өмірден өтіп кеткен ақындарымыз бар. Бірақ, олар әдебиеттен кеткен жоқ қой. Өйткені, әдебиет – мәңгілік ұғым. 
– Әлеуметтік желілерден де көрмейтін болдық... 
 
– Мен әу бастан әлеуметтік желілерде аса белсенді болған жоқпын. Тұрақты түрде қолданушылардың қатарынан емеспін. Мамандығым журналист болғандықтан, ақпарат алу үшін ғаламторды пайдаланамын. Хат алмасу үшін поштаны қолданасың. Ал, әлеуметтік желіні адам не үшін пайдаланады? Әлеуметтік желіні мінбер сияқты көретін адамдар бар. Көбіне мен ол жерден өзіме жағымсыз нәрселерді көп көремін. Жақсы ойлар аз. Әлеуметтік желіні заң жүзінде тіркелген, әрбір ақпараты расталған ресми бұқаралық ақпарат құралы деп есептеуге болмайды.
– Замандас ақын құрбыларыңыз сол әлеуметтік желілерге өлеңдерін жариялап жатады. 
– Олардың заманы басқа шығар...
– Сіздің заманыңыз қандай?
– Біз енді кітаппен өстік. Әлі де қолым қалт ете қалса кітап оқимын. Менің сүйікті ісім – кітап оқу десем де болады.  
– Соңғы оқыған кітабыңыз?
– Жақында он күн демалыста болдым. Сол кезде екі кітап оқыдым. Ақселеу Сейдімбек ағамыздың «Аққыз» деген кітабын және Сафуан Шәймерденовтың  «Битабар балуанын». Қатты ұнады. Жалпы, қазақ жазушыларының шығармашылығы арқылы тілдік қор да жинайсың, рухани қажеттілігіңді де аласың. Керемет философ жазушыларымыз бар. 
– Қазір не жазып жүрсіз?
– Соңғы кезде менде аздаған үзіліс болды. Астанаға қоныс аударып келгелі біраз уақыт өлең жазбай кеттім. Ақын зауыт немесе фабрика емес қой есеппен күніне мынадай өнім шығарам дейтін. Аз ғана өлеңімен, бір ғана жыр кітабымен тарихта қалған ақындар бар. Көп жазу, көп жариялау ақындықтың көрінісі деп ойламаймын. Мүмкін олардың заманы басқа шығар деп отырғаным да сол. Әрбір жазған дүниені халыққа ұсынбас бұрын ойланасың. Мүмкін ол түкке тұрғысыз өлең шығар. Қағазға түсірілген жағдайда жыртылып кететін өлең шығар. Бір жариялаған соң оны өшіріп тастай алмайсың ғой. 
– Қазіргі көп ақындарымыз мүшәйраға қатысып жатады. Сізден мұндайды байқамаймыз. Бұл сіздің қарапайымдылығыңыз ба, әлде?
– Мен мүшәйраға 2008 жылы бір рет қатысып көрдім, Астананың 10 жылдығына арналған «Астана-жүрек» республикалық мүшәйрасы болатын.  3 орын иемдендім. Егер еркін тақырыптағы мүшәйралар болса қатысуға болады. Көбіне бізде жыр мүшәйралары белгілі бір тақырыптың аясында, батырлардың, ақындардың мерейтойларына арналып ұйымдастырылып жатады. Тақырып бойынша жазу мен үшін қиындау.
– Сіз өзіңізді әйел бақытына қол жеткіздім деп есептейсіз бе?
– Әйел не жасаса да ең алдымен шығармашылығын пайдаланады. Ақұштап апамыздың бір сөзі бар: «Қазақтың қыздарының бәрі ақын, өлең жазатыны да жазбайтыны да – ақын» деген. Үңіліп қарасақ, бұл сөздің астарында не мағына бар?! Жазу, жазбау шарт емес, бірақ ақындық өнер қазақтың қанына сіңген қасиет қой. Екінің бірінде жарқ еткен ұшқындары бар десек қателеспейміз. Жалпы мен соңғы уақытта мынадай ойға келдім, әйел адам үшін шығармашылықтың шыңы ол – дүниеге бала әкелу. Адам – Алланың ең үлкен шығармасы десек, әйел адамның перзентін дүниеге әкелуі бүкіл шығармашылық энергиясын тартып алады. Ол деген кітап жазудан да қиын процесс. Кейде 3-4 балалы ақын құрбыларым махаббат туралы жазып жатады. Мен үшін бұл түсініксіз жағдай. Өйткені, әйел барлық махаббатын баласына беретін сияқты. Балалы, отбасылы адамның ғашық болуы да мен үшін жасандылық сияқты көрінеді. Мүмкін өз басымда кездеспеген соң айтып отырған шығармын. Ол мен үшін жай ғана «өлең тек ғашықтықтан туады» деген ұғымнан арыла алмау секілді.
– «Адам өмірінде бір рет қана ғашық болады, ал қалғанының бәрі жай ұнату ғана» деген теория бар. Сіздің соңғы кезде өлең жазбай кеткеніңіздің себебі сол өз ғашығыңызды кездестіргеннің «кесірі» деп қабылдауға бола ма?
– Ғашықтық туралы теория көп қой. Не себепті біз жас кезімізде өлеңді көбірек жазамыз? 18-25 жас арасы ақындардың жарқ етіп көрінетін сәті. Ол кезде іштегі буырқанған энергия, сезім, өмірге деген көзқарас мүлде басқаша. Барлығын адам жүрекпен қабылдайтын кезең. Өткенде Ерлан Жүністің бір сұхбатынан оқып едім: «Отыз жасқа дейінгі ақындық ол  – Алланың берген сыйы. Отыздан кейін сананың, ақылдың поэзиясы» деген. Мұқағали да айтқан: «Поэзия махаббатпен басталып, парасатпен аяқталады» деп. Сондықтан, өлеңнің табиғаты, жазылу сипаты ақынның жас ерекшелігіне де байланысты.
– Қатарластарыңыздан кімдерді оқисыз?
 Біздің буыннан Асылзат Арыстанбекті ерекше атап өту керек. Асылзат поэзияға өзіндік қолтаңбасымен келді. Басқа ақындарға қарағанда ерекше. Ақындық мінез бар, өжет, өр. Жеке таныстығым жоқ. Тек сыртынан ғана танитыным болмаса әлі күнге жүзбе-жүз кездеспеген екенмін. Бірақ, өлеңдері маған ұнайды. Ал, жастар арасынан көзіме түскендерін оқып тұрамын. Жақында «Жастар жалыны» деген фестивальдің аясында студенттер арасында жас ақындардың мүшәйрасы өтті. Серікзат Дүйсенғазин, Бауыржан Қарағызұлы үшеуміз қазылық еттік. 30-40 ақынды тыңдап шықтық. Тыңдап отырып қай ақынға еліктеп жазғанын аңғарып отырдық. Дегенмен, жастар поэзиясы көбіне еліктеушілік арқылы қалыптасатыны заңдылық.
– Сіз кімге еліктедіңіз?
– Маған студент кезімде талантты ақын апамыз Гүлнар Салықбайдың әсері ерекше болды. «Жан» деген кітабын жастанып оқушы едім. Жалпы еліктеу арқылы адам өз-өзін қалыптастыра алады. Ол табиғи құбылыс, өсудің бір сатысы. 
– Қарап отырсақ, қазір барлығы Фариза болғысы келеді. Ұқсаймын деп талпынғандары соншалықты, қолдан жасанды мінез қалыптастырып алғандары да бар. Сіз айналаңыздан сондай жандарды байқадыңыз ба?
– Кейде бізде шайпау әйелдердің жазған сөзін «қанатты сөз» деп қабылдап, жоғары бағалап жатады. «Әлия мен Мәншүктің сіңлілері ғой, бұлар деген батыр қыздар ғой» деп жатады. Батырлық сөзбен емес, іспен дәлелденуі керек. Алдымен ол қоғамға өзінің қолынан келетін пайдалы іс жасасын. Маған әлеуметтік желінің бәрі жай ғана құр сөз болып көрінеді. Және ол жерде қыздарды былай алғанда ер азаматтардың құр сөйлеп отырғандары ұнамайды. Сөз деген әйелдердің әлсіздігі шығар, ер азаматтардың бір-бірімен салғыласып, пікір таластырып, ірі-ірі істер атқарудың орнына сөз қуып отырғаны мүлде жат нәрсе деп қабылдаймын. Ал, қазақ қызына қашанда ұяңдық, әдептілік тән. Шайпау сөйлеп, батырмын деп айтудың өзі ыңғайсыз. 
– Сіз өзгелер сияқты пиарды қажет етпейтін ақынсыз. Сонда да сізді ел танып жатады. Сізге танымалдылықты көбірек сыйлаған журналистика ма, әлде ақындығыңыз ба?
– Мен 18 жасымда Алматы қаласының барлық студент жас ақындары қатысқан мүшәйрада бас жүлдені иемдендім. Өзім марапаттау рәсіміне бармаған едім, орын аламын деп те ойламағанмын. Сол кезде-ақ «Нәзира деген ақын қыз шығыпты» деген сөз әдеби ортаға таралып кетті. Филология, журналистикада оқитын, өлеңге құштарлығы бар жастар арасында өте танымал болдым. 21 жасымда «Жаңбырлы түн» атты жинағым жарыққа шығып, сол жылы Қазақстан Жазушылар одағына қабылдандым. Ол кезде мен оқуды жаңа бітіріп, қызметке енді ғана араласып жатқан болатынмын. Сондықтан, Нәзираны танытқан, ең алдымен, әдебиет. Телевидение – көрерменге, ал өлең – оқырманға танытты дер едім.
– Телевидениеге қалай келдіңіз?
– Ең алдымен мен шығармашылық жолымды радиодан бастадым. «Қазақ радиосында» жүргенде «Таңшолпан» бағдарламасына байқау жарияланды. Радиода жұмыс жасайтын бір топ қыз-жігіттер сол байқауға қатыстық. Соның ішінен бірнеше қыз-жігіттерді іріктеп алды. Олардың ішінде мен де болдым. Телевидениеге мені тағдырдың өзі алып келді десем болады. Әйтпесе, менде тележүргізуші болсам екен деген асқақ арман болған жоқ.
– Қазір әнге сөз жазып  жүрсіз бе?
– Өлең жазбай кеткен жылдарымда әндерге де сөз жазғаным жоқ. Кітабымнан алып кейбір әншілер айтып жүр екен. Олардың кейбіреуін танымай да жүрмін, кім орындайтынын, авторын да білмеймін. Осы сұхбатты оқып отырса, маған хабарласуын сұраймын.
– Ақындық көзқараспен емес, қарапайым адам ретінде қарасаңыз қазіргі поэзияға көңіліңіз тола ма?
– Қазіргі поэзия тамырын тереңге жайған поэзия. Бай тарихы бар поэзия ешқашан ортаяды деп ойламаймын. Біздің заман сол дәстүрді жалғастырушы. Қаламдас замандастарыма ризамын. Қазір ақын мен жазушының қоғамдағы мәртебесі бұрынғыдай емес. Сонда да, өлеңді өлтірмей жүр.
– Сіздің өлеңдеріңізге сын айтқан адамдар болды ма?
– Егер шығармашылығыңды кәсіби тұрғыдағы сыншы сынап жазып жатса ол қуанарлық жағдай. Бізде сыншылардың өзі саусақпен санарлық. Бұл да болса әдебиетіміздің дамуына кедергі болып тұрған нәрсе ғой. Егер мені Тұрсынжан Шапай сынды мықты сыншыларымыз сынап жазса еленгеніме қуанар едім. Бізде жыл сайын Жазушылар одағында талқылаулар өтеді. Сол жарыққа шыққан кітаптарды талқылаған баяндамалардың ішінде жүреміз. Сыншы болу үшін сенің сынға алып жазып отырған ақын-жазушыдан деңгейің биік болуы керек. Өзің де солай жаза алатындай, бірақ сынды таңдайтын болсаң онда әңгіме басқаша. Поэзияға алғаш келіп жатқанымда Дулат Исабеков ағамыз алғысөз жазып «Таңшолпан» журналына жариялаған болатын. Әзірге тек жақсы сөз естіп келемін. 
– Сіз өлеңдеріңізде үнемі біреуді іздеп отырасыз. Лирикалық кейіпкеріңіз кім?
Жиынтық образ... 
– «Әйел болып, От болмасам – мәнсізбін...
Күн де Оттан жаралған!
Күнді күтіп, кірпігіммен таң сыздым...
Көз жасыма малшындым,
Көз жасы – Су...
Ал мен – Судан әлсізбін...» деп жырлайсыз. Өзіңізді қай кезде әлсіз сезінесіз?
– Әйелдің әлсіздігі ол кемшілік деп ойламаймын. Әйелге қандай қасиет керек десе әлсіздік, нәзіктік дер едім. «Әйел ашуланса жеңіледі, еркелесе жеңеді» дейді. Ер азаматының алдында бір саты төмен болуы, әлсіз болуы әйел адамның бақыты деп ойлаймын. Ал, адамды ойсырататын  нәрсе ол – жалғыздық. Бұл өмірде барлығы жұп-жұбымен жаралғандықтан жалғыздық үлкен күйзеліске әкелетін сияқты. 
– Әр адамның ішінде бір жалғыздық жасырынып отырады... 
– Адам дүниеге жалғыз болып келіп жалғыз болып кетеді ғой. Ішкі жалғыздық шығармашылық адамына тән нәрсе деп ойлаймын. Оңашалықты қалап тұру деген сияқты. Ол жалғыздықтың да өзіндік бір ләззаты бар. 
– Шығармашылық кешіңізді беру ойыңызда бар ма?
– Шығармашалық кеш өткізу ойымда бар. Мен оны не үшін өткіземін? Ол маған не береді деген сауалдар мазалағаны рас. Мен ең алдымен ата-анам үшін бергім келеді. Сол кісілер менің биікке жеткенімді көрсе, көзі тірісінде бір марқайса, перзенттік парызымды кішкене болса да өтегім келеді. Ол кішкентай залда бола ма, үлкен сарайда бола ма, маңызды емес. Ең бастысы, менің өлеңімнің оқырмандары жиналса болды.
– Астананың әдеби ортасы қалай?
– Әдеби ортасына мен жақын араласып кете қойған жоқпын. Өйткені, Алматыда да өзім солай саяқ жүретінмін. Сондықтан, әдеби орта тұрғысынан еш айырмашылығы жоқ. Әрине, Алматының тауларын, табиғатын сағынбайтын адам жоқ шығар. Алматы студенттік жылдар өткен, жастық шағым өткен әсем қала. Алматының орны бөлек. Ал, Астана өз алдына бір төбе. 
– Әдеби ортадан саяқ жүрем деп қалдыңыз. Бұл сіздің мінезіңіз, болмысыңыз ба, әлде өзіңіз тартынасыз ба?
– Ол менің – мінезім. Жуырда әнші Роза Әлқожамен кезігіп қалдық. Жайша жүрсің бе деп сөз арасында сұрасам: «Бұл жолы еш себепсіз келдім Астанаға. Жай отырған едім, Астанаға барғым кеп кетті. Мен үйде отыра алмаймын. Үнемі адамдармен сөйлесіп, пікір алысып тұруым керек» дейді. Ол оның жаратылысы. Ол ашық адам. Мен тұйық адаммын. Мамандығыма байланысты үнемі халықтың алдында жүремін, теледидарда болсын, концерт жүргізгенде болсын. Сол кезде қатты қуатым сарқылып қалғанын сеземін. Роза халықтан энергия алса, мен халыққа энергиямды беріп, солып, қайта қалпыма келу үшін біраз уақыт жұмсаймын. Сондықтан да, саяқ жүруге тырысамын.
– Сіз соңғы кезде Нәзира Ермаханқызы болып аталып жүрсіз. Нәзира Бердалы болып танылған едіңіз...
– Перзенттік парыздан туған ой. Бердалы – менің атамның есімі, Ермахан – әкем. Атамның атымен біраз жыл жүрдім, танылдым. Ол кісінің аруағы разы шығар. Енді әкемнің атын шығарғым келеді. 
– Сіз бақыттысыз ба?
– Аллаға сансыз шүкірлік, бақытты болуға барынша тырысамын, бақыттымын! Бақыт қашан келіп есік ашады деп күтіп отыратын нәрсе емес. Әрбір көрген жақсылығымызға, әрбір атқан таңымызға шүкіршілік ете білсек бақыт деген – сол. «Бір кем дүние» деп Шерхан ағамыз айтқандай төрт құбылаң тең болғанымен бір нәрсе жетіспей тұрады. Бірақ, ешқандай қиындыққа, кедергіге қарамай-ақ адам өзін бақытты сезіне алады. Күләш Ахметованың «Қандай бақыт» деген өлеңі бар. Ол кісі де менің поэзияда үлгі тұтатын тұлғаларымның бірі, сүйікті ақыным. Сол кісінің өлеңін эпиграф етіп алып «Қандай бақыт – бақытқа сенетінім» деп өлең жазған болатынмын. 
Қандай бақыт – қалаға қар жауғаны,
Ақ ұлпалар – көңілімнің маржандары.
Қандай мұңды – қар жауған құтты күні
Жанымда жоқ жалғызым жалғандағы.
Қандай мұңды – қардың да еритіні,
Қандай мұңды – жардың да жеритіні…
Қандай бақыт – көктемнің келетіні,
Қандай бақыт – бақытқа сенетінім…
P/S: Қадыр ақын: «...Бақыт деймін, жалпы ақын өзі бақытты бола ма екен?» деп өмірге үлкен ойланарлық сауал тастап кеткен еді. Мен сол сауалдың жауабын қыздар поэзиясынан іздеп көрген едім. Таптым! Нәзира – бақытты ақын! Оның нағыз бақыты – шынайылығында, жылы жүрегінде, нұрлы ақылында жатыр... Аяулы ақынның әрдайым бағы үстем, мәртебесі биік болуын тіледім...
 
Сұхбаттасқан: Салтанат Қожа

Ұқсас материалдар