Қандастар Ассамблея

Н.Тілендиев жайлы "Құстар әні" телесериалы жақында көрерменге жол тартады

05.11.2015 5072
Н.Тілендиев жайлы "Құстар әні" телесериалы жақында көрерменге жол тартады

«Хабар» агенттігінің тапсырысымен қазақтың әйгілі күйші композиторы, дирижер, дәулескер домбырашы, Қазақ КСР халық әртісі (1975 жыл), КСРО халық әртісі (1984 жыл), халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы туралы фильм түсіріліп жатыр. Көп сериялы фильм жақын арада көрерменге жол тартады. Түсірілім әлі жалғасуда.

Түсірілім кезінен

Басты рөлді сомдау үшін Ергенбай Әбуов бекітіліпті. Фильмнің режиссері Рашид Сүлейменов. Фильм атақты «Отырар сазы» оркестрінің құрылған сәтінен басталады. Көркем фильм сазгердің бірегей музыкалық туындысымен «Құстар әні» деп аталады.

Рашид Сүлейменов қазақтың біртуар Нұрғисасы туралы жұмысына кіріспес бұрын сазгермен етене араласқан, ол туралы жақсы білетін жандармен әңгіме-дүкен құрған екен. Оның барлығы алдымен образды толықтай             тану үшін.

«Көрермен кемеңгер музыкантты бұл фильмде әр қырынан танитын болады. Нұрғиса Тілендіұлы алдына қойған мақсаттарына жете білетін, қатал мінезді, қызу қанды, қам көңіл әрі өте сезімтал жан болған. Бұл фильмде Нұрғиса ағамыздың өмірі, қызығы мен шыжығы мол тағдыры, алдына қойған биік мақсаттарына қол жеткізу жолында көрген қиындықтары шынайы түрде баяндалады», – дейді көп сериялы көркем фильмнің авторлары.

Рәшид Сүлейменов. Басты рөлдерді Ергенбай Әбуов, Гүлназ Жоланова, Санжар Мәдиев, Бақытжан Әлпейісов, Михаил Токарев, Сағызбай Қарабалин, Махаббат Сарқытбаева, Яна Бобрыка сынды әртістер сомдайды.

– Ол кісіні мен жас кезімнен көп рет көрдім. Концерттеріне бардым. Ұстазым Қазақстанның халық әртісі, профессор Асқар Тоқпанов мені бір ертіп барып, «мынау менің жақсы шәкіртім, әдейі саған көрсетуге алып келдім» деп таныстырды. Ол кісі музыканы басқаша тыңдайды, басқаша сезінеді, мүлдем басқаша көреді, – дейді басты рөлді сомдаушы Ергенбай Әбуов.

Басты рөлді сомдауға үміткерлер өте көп болған. Бірақ, фильмнің авторлары Ергенбайға тоқталыпты. Фильмдегі домбырашы қыз Жібектің рөлін бұрын-соңды күй тартып көрмеген Гүлнәз Жоланова сомдайды.

Бүгінге дейін түсірілімнің жартысынан астамы түсіріліп үлгерген. Сценарий композитордың отбасымен, туыстарымен келісілген. Фильмнің авторлары бес ай бойы бас алмай Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен шығармашылығымен мұқият танысып шыққан.

«Құстар әні» – 5 сериялы көркем фильм. Әр сериясы 52 минуттан тұрады. Көрермендер бұл фильмді жыл соңына дейін «Хабар» арнасынан тамашалайтын болады.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Ұқсас материалдар