Қандастар Ассамблея

Нұрсұлтан Құрман: Астана жанкүйерлеріне көңілім толмайды

11.09.2014 5058
Танымал журналист, тележүргізуші Нұрсұлтан Құрман өзінің кәсіби саласынан бөлек спортқа, соның ішінде футболға өте қатты қызығады және мейлінше ұлттық құраманың барлық ойынына жанкүйер ретінде қатысады.

Танымал журналист, тележүргізуші Нұрсұлтан Құрман өзінің кәсіби саласынан бөлек спортқа, соның ішінде футболға өте қатты қызығады және мейлінше ұлттық құраманың барлық ойынына жанкүйер ретінде қатысады. Құрамамыздың «Астана Арена» спорт кешенінде өткен соңғы кездесуін жас журналистпен бірге тамашаладық және біздің футболшылардың көрсеткен ойыны бәрімізге ұнады. Алайда, стадионның толмай қалғаны Нұрсұлтанның көңіліне қаяу келтірді. Осыған орай, ойын біткеннен соң футболдың адал жанкүйері Нұрсұлтаннан аталмыш мәселеге қатысты шағын интервью алдық.

Дархан Өмірбек: Нұрсұлтан, бүгінгі ойында жанкүйерлердің қолдауына қандай баға беруге болады?

Нұрсұлтар Құрман: Астана қаласы тұрғындарының құлағына «алтын сырға», ұлттық құрама осындай сындарлы ойындарда міндетті түрде көмек күтеді. Әрбір спорт сайттарында, телеарналарда және әлеуметтік желілерде ойынға келіңіздер, қолдау білдіріңіздер деп жазылған болатын. Әрине Астана қаласының тұрғындары жұмыстан кеш шығады, бірақ матч кешкі сағат 10:00 басталды. Бұл алғашқы кездесу және Латвия тобымыздағы ең бір ұпай ала аламыз-ау деген қарсылас және сол жерден аншлаг күткен болатынбыз. Бірақ өкінішке орай, олай бола қоймады. Жанкүйерлер аз келді, бұл деген қазақ жанкүйерлерінің немқұрайлылығы, ұлттық құрамаға деген сенімсіздігі, патриоттық деңгейдің төмендігі деп ойлаймын, өйткені билеттер аса қымбат тұрған да жоқ. Осы себепті теңде-тең ойынға жанкүйер қолдауының аз болуы да әсер етті деп ойлаймын. Мысалы, Германия немесе Швеция секілді грант құрамалар келсе міндетті түрде аншлаг болады, көпшілік сол қонақ командаларға жанкүйерлік танытатын сәттерді көреміз. Баяғыда Алматыда қандай аншлагтар болатын еді, стадиондар қалай толатын еді?! Егер стадион толмайтын болса, ойынды өзге қалаларда өткізу керек, мұндай тәжірибе Ресей, Англия, Италия секілді елдерде бар, ұлттық құрама әр қалада, әр стадионда ойнай береді.

Дархан Өмірбек: Астана жанкүйерлері белсенділік танытпады делік, дегенмен стадионды толтырудың басқа жолы болды ма?

Нұрсұлтан Құрман: Қазақстан Футбол Федерациясы болсын, «Астана Арена» болсын билеттің өтпей жатқанын білініп тұрды, осы орайда қайырымдылық шарасын өткізіп, екі жақтағы секторларға оқушыларды, студенттерды арнайы шақырып, тегін кіргізсе дұрыс болар еді. Мысалы, қаламызда қанша жас балаларға арналған футбол клубтары бар, соларды жаттықтырушысымен бірге әкеліп, ойынды көрсетсе бір жағынан стадион толады, екінші жағынан балаларға да жақсы тәжірибе.

Дархан Өмірбек: Нұрсұлтан сенің ойыңша стадионның толы болуы футболшылар ойынына соншалықты қатты әсер ете ма?

Нұрсұлтан Құрман: Әрине, мысалы, өзім әртүрлі іс-шаралар жүргізуші болғанда сахнада адам аз болса, шабытың да келмейді жүргізуге, ал егер толып отырса, керісінше шабыттанасың, қуаттанасың, барынша олардың көңілінен шығуға тырысасың. 100 пайыз берілесің. Футболда да сондай жанкүйерлердің мол болуы қосымша күш береді және ол сондай-ақ қарсылас команданың моралды тұрғыда әлсіреуіне әсер етеді.

Дархан Өмірбек: Ұлттық құрама жанкүйерлік ету жағы түсінікті, ал клуб жағы қалай? Астана жанкүйерлері бәлкім өз клубына белсенді жақтасатын шығар?!

Нұрсұлтан Құрман: Мұнда да жағдай сол қалпы. Астана командасы ойнаған кезде де тек батыс секторының бестен бір бөлігі толып отырады. Оның өзінде олардың біраз бөлігі қарсылас команда келген өңірдің өкілдері. Мысалы, Қайрат клубы қалай жасады?! Арнайы жанкүйерлер секторын құрды, фан клуб құрды, оларды ынталандырып отырды, әлеуметтік желілерде белсенді болды. Осының өзі жақсы бастама болып, стадионға адамдар ағыла бастады. 

Дархан Өмірбек: Осыдан кейін жанкүйерлердің ойыншыларға ренжуі орынсыз болғаны ма?!

Нұрсұлтан Құрман: Бұл бір жағынан клубтардың да қателігі негізі, қаражат жоқ емес. Менеджментті қолға алу керек. Танымал футболистерді шақыру, жанкүйерлермен жұмыс істеу және т.б. шаралар арқылы клубты және сол арқылы Премьер-лиганы дамыта аламыз. Ал ел біріншілігінің дамуы дегеніміз ұлттық құрама сапасының артқандығының белгісі. Дегенмен, жанкүйерлер өз белсенділігін көрсете білу керек. Әйтпесе, ойыншылардың күшейгенін күтіп, содан кейін жанкүйер атансақ, онда біз жанкүйер емес, «глор» болғанымыз.

Негізі Нұрсұлтанның жанкүйерлерге қоятын талабы жоғары және ол екінің бірі өзін жанкүйермін деп жариялағанын ұнатпайды. Кейбір адамдар тек фаворит команданың жағында болғанды қалайды, олар жеңсе, чемпион атанса соларға жанкүйер болып, жеңіліс үстінен жеңіліс тауып жатса, кезінде ұнатқан командасын жамандап, қиын сәтте қолдаудың орнына, кері әрекет жасап жатады. Мұндай адамдар Нұрсұлтанның ойынша жанкүйер емес, ол оларды «глор» (футбол әлемінде бейресми тілде қалыптасқан ұғым) деп атайды.

Дархан Өмірбек

«El.kz» интернет-жобасы

Ұқсас материалдар