Нұрлан Әбдірахман: музыкалық аспапты музыкадан хабары бар адам ғана жасауы тиіс

21.10.2014 5894
Ел.кз редакциясы Алматы қаласында тұратын ұлттық аспап шебері Нұрлан Әбдірахманмен сұхбат құрды.

Қазақ мәдениеті мен дәстүрінің ең бір асыл мұрасы – бұл ұлттық музыка аспаптары. Бұл аспап туралы естіп жүрміз, оқып жүрміз, алайда оларды жасайтын шеберлер жайлы мағлұмат жалпақ жұртқа жете бермейді. Бүгінде, ұлттық аспап жасайтын шеберлер кім, оларды жағдай қалай деген секілді сұрақтарға жауап алу мақсатында Ел.кз редакциясы Алматы қаласында тұратын ұлттық аспап шебері Нұрлан Әбдірахманмен сұхбат құрды. 

– Домбыра қанша жыл өмір сүреді?

– Бұл енді бірнеше факторға: жасалған домбыраның сапасына, сақталуына, боялған лагына байланысты. Мысалы, сапалы жасалып, жақсы күтілген домбыра 100 жылға дейін сақтала береді.

– Ерекше ықыласпен дайындаған сирек аспаптарыңыз бар болар, соларды біреуге бергенде қимастық болмай ма?

– Жоқ, ондай қимастық бола қоймайды. Енді, біз оларды музыканттар ойнасын деп жасаймыз ғой?! Қайта біз жасаған домбырада нағыз өнер адамдары ойнап жүрсе, бізге бұл мақтаныш.

– Шеберлігіңізді қалай шыңдайсыз?

– Мен өзім Құрманғазы оркестрімен жұмыс істеймін. Жақсы әуен шығару үшін музыканттармен тұрақты байланыса отырып, бірге жұмыс істеймін. Олардың ескертпелерін, өтініштерін өзіме түртіп алып, аспабымды шыңдап отырам және осы арқылы шебер ретінде жетілудеміз. Негізі, менің ойымша шеберлердің бәрі осылай істеуі тиіс. Аспапта ойнайтындармен байланыспай өз алдына жасайтындар көбіне үйдің бұрышында ілініп тұруға ғана лайық құралды жасайды.

– Ұлттық музыка аспаптарды жасайтын шеберлер көп па?

– Қазір өте көп. Мысалы Абай атындағы университеттің, Өнер академиясының сәндік өнер факультеті бар, сондағы мамандар, студенттер көп еңбек етіп, талай жұмыстар атқаруда. Өз саласында олар бірталай жетістікке жетіп жатыр. Алайда, менің ойымша, келесі кезекте саз аспаптарын ойнауды кәсіби меңгерген орындаушылардың арасынан шеберлер дайындаған әлдеқайда тиімді болар еді. Себебі, саз аспабын жасауда басты нәрсе көрініс емес, ең негізгісі – дыбыс. Музыкалық білімі бар шебер аспап жасаған жағдайда, оның орындаушылардың көңілінен шығатындай сапалы аспап жасауына мүмкіндік туар еді.

– Ұлттық музыкалық аспапты жасаушыларды арнайы дайындайтын жер бар ма?

– Өкінішке орай, ондай жер жоқ. Бір-ақ жер бар, ол кәсіптік техникалық училище, оның өзі деңгейі жетіспейді деп ойлаймын, өйткені онда музыкалық сабақ берілмейді. Менің ойымша, өнер академиясы болсын, консерватория болсын, осындай оқу орындарында музыка аспаптарын жасайтын шеберлерді дайындау қажет. Бүгінде нешетүрлі мамандықтар ашылып жатыр, бірақ солардың ішінде осы ұлттық аспаптар шебері жоқ.

– Бүгінде домбыраға деген сұраныс 70-жылдармен салыстырғанда қандай, артты ма?

– Ол жылдармен салыстырғанда сұраныс әлдеқайда артты. 70-80 жылдары шеберханалар жоқтың қасы болатын. Бір-екі шеберхана болды және ол жерлерде дыбысқа көп қатысы жоқ өзге ұлт өкілдері істеді. Ал бүгінде бір Алматының өзінде 100-ге жуық шеберхана бар. Домбыраны осы музыкалық аспапта ойнай алатын адамдардан бөлек, қарапайым адамдар да алады.

– Ұлттық аспаптарымыз, жалпы ұлттық жәдігерлеріміз арқылы да қазақ тарихын жаңғыртуға бола ма?

– Әрине, ер-тоқымның өзі тарих, киіз үйдің өзі тарих, киіз үйдің ішіндегі жиһаздың өзі тарих. Осының  бәрін зерттеп, зерттеу нәтижесін халыққа көрсетіп отыратын арнайы бір телеарна болса екен деймін. Мысалы, спортқа арналған арна бар ғой, неге ұлттық өнерімізге арнайы канал ашпасқа?!

– Білім және мәдениет арнасы бар емес пе?

– Олар басқа бағытқа кетіп қалды. Тіпті осы ұлттық музыка аспаптарына арнап, кешенді зерттеу жүргізіп, үлкен-үлкен кітаптар шығару керек. Кітап болғанда танымдық кітаптар онсыз да шығып жатыр ғой, менің айтып отырғаным ғылыми кітаптар. Әрбір ұлттық аспапқа ең кемінде бір кітап арнау қажет. Мысалы, скрипка, гитара, саксофон сияқты әлемдік деңгейде танымал аспаптарға байланысты қаншама ғылыми еңбектер бар және олар ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыр. Бізде осындай кітаптардың болмағандығынан, әр шебер өзінің қалауына байланысты шамалы бұрмалаушылыққа жол береді. Ең алғаш, ұлттық аспаптардың классификациясын жасап, бәрін түгендеу керек: ұрмалы астаптар бір бөлек, ішекті-шертпелі аспаптар бір бөлек дегендей. Одан кейін әр аспап бойынша оның жекелеген элементтеріне тоқталуға болады.

– Яғни, бірыңғай стандарт керек дейсіз ғой?!

– Әрине, кез келген нәрсенің өзінің стандарттары болады, тіпті жануарлардың өзін де стандарттап жатамыз. Жануардың қасында қолдан жасалатын құралды стандарттау әлдеқайда жеңіл. Базалық жасақтама бірыңғай болуы тиіс, ал ары қарай әркім өз ыңғайына қарай қосымша өзгеріс енгізеді.

– Ғылыми зерттеу жасап, осы кітапты жазуға өзіңіз кірісуге қалай қарайсыз?

– Әрине болар еді өзіме жасауға. Бірақ мен осы кәсібім арқылы отбасымды асырап отырмын, егер мен мұны тастап зерттеу жұмысына көшсем маған кім қолдау көрсетеді?! Егер арнайы кафедра, институт не мектеп ашып, тұрақты жалақысы бар штат болса, мен қуана-қуана кірісер едім. Тіпті кітап жазып қоймай, шәкірттер де тәрбиелеуге ниетім бар.

– Бүгінде белгілі бір саланы дамыту үшін арнайы федерациялар, ассоциациялар, қауымдастықтар құрылып олардың басына миллиардерлерді немесе беделі жоғары мемлекеттік қайраткерлерді қояды. Осы ұлттық аспаптарға байланысты осындай қауымдастық бар ма?

– Қауымдастық құрамыз деп ұмтылдық, бірақ біздің шеберлердің пессимистігі әсерінен ешнәрсе шықпады. Оларды ұйымдастырып, бірнәрсе ашсаң олар оған бармайды да, қатыспайды да. Бастарын біріктіру өте қиын.

– Осы күнге дейін ұлттық аспап әзірлеуге байланысты біршама білім мен тәжірибе жинадыңыз, ендігі кезекте осы жинаған дүниеңізді мұраға қалдыру мәселе қалай?

– Үш ұлым бар, үлкені заңгер, ортаншысы компьютер маманы, ал кішісі мектеп жасындағы кішкентай бала. Бар мақсатым –  осы білген тергенімді осы ұлдарыма үйрету. Үлкен ұлдарым қазірдің өзінде ұлттық аспаптарды жасай алады, жасап та жүр. Жүзеге асырғым келетін тағы бір ой бар: ұлттық аспап жасаумен айналысатын орталық ашып, оның құқықтық жағын заңгер ұлым, ал дизайнерлік-әрлендіру жұмыстарын ортаншы ұлым реттеп, толыққанды жұмыс істейтін мекеме құру. Әзірге бар мәселе қаржыға келіп тіреліп тұр.

– Қаржы да, қолдау да табылсын деп тілейік, бастамаларыңызға сәттілік! Рахмет.

Сұхбатты әзірлеген – Дархан Өмірбек

Ұқсас материалдар