«Нұр Отан» партиясының үміткерлеріне сараптамалық шолу

18.02.2016 3786
El.kz редакциясы тізімге шолу жасауға шешті.

Астанада Қазақстан Президенті, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен партияның кезектен тыс XVII съезінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткерлердің партиялық тізімі бекітілді. Соған орай El.kz редакциясы тізімге қысқаша шолу жасағанды жөн көрді.

Парламенттің VI шақырылымында депутаттыққа үміткерлердің арасынан жастарға тоқталып кеткіміз келеді. Тізім ішінде 2 боксер, 2 әнші, зілтемірші, актер, музыкант және 3 тележүргізуші бар. Есімдеріне тоқталсақ кәсіпқойбоксшы, әлем чемпионы Геннадий Головкин; олимпиада чемпионы Серік Сапиев; олимпиаданың екі мәрте чемпионы, әлемнің төрт мәрте чемпионы Илья Ильин; әнші, композитор Жанар Дұғалова; әнші Қайрат Нұртас; актер, әнші Нұрлан Әлімжанов; Қазақ Ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева; «КТК»телеарнасының стратегиялық даму жөніндегі директоры Артур Платонов және «Қазақстан» ұлттық арнасының тележүргізушісі Майя Веронская.

Журналистердің сұрақтарына эстрада жұлдызы Қайрат Нұртас төмендегідей жауап берді:

Қажет болса мен Мәжіліс депутаты болуға дайынмын. Негізі, қазір жастарға қолдау бар, жастарға көмек беріліп жатыр. Міне, осындай мүмкіндік беріп отыр. Өзім талай кеш бердім, Қазақстанның түкпір-түкпірін араладым, сондықтан ауылдарда, аудандарда не болып жатқанын өз көзіммен көрдім. Сол ауылдарда қаншама өнер адамдарды, таныла алмай жүрген азаматтар бар, солардың бәріне қолдау көрсетемін деп ойлаймын», - дейді Қайрат.

Сонымен қатар, депутаттыққа бірінші рет «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы  Шахмардан Байманов тізімге  бірінші рет еніп отыр. 2005 жылы Қорқыт-Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Қаржы және қаржылық құқық» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2012 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының мемлекеттік саясат мектебінде білім алды.

Жас кәсіпкерлердің ішінен Имашева Снежанна мен Қасымғалиев Қанатбекті мысалға келтіруге болады. Снежанна Валерьевна – «Батыс Энергоресурсы»серіктестігінің Бас директоры, Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі. Қанатбек Махмұдұлы – «Эмбамұнайгаз» бас директорының орынбасары.

Тізімді зерттей келе 127 кандидаттың ішінде 10 қала және аудан әкімдері, 33 V шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаттары, 32 инженер бар.

Парламент сайлауына байланысты «Нұр Отан» партиясы мониторингтік қызметінің жетекшісі Жарқын Түсіпбекұлының әлеуметтік желіде жазған ақпаратын ұсынамыз:

- Бүгін «Нұр Отан» партиясы кезектен тыс XVII съезін өткізді. Сарапшы ретінде өзге партиялар шақырса, қалмас едім) Қоғамда қызу талқыланып жатқан партия съезі туралы қызықты деректер туралы айтқым келді. Түйенің танитыны – жантақ. Әркім өзі танитын кандидаттарды көріп, пікір білдіріп жатыр. Біріншіден, кандидат – үміткер. Ол мандат иесі емес. Екіншіден, кез келген партия халықтың даусына ие болу үшін түрлі саяси технологияны пайдаланады. «Нұр Отан» халыққа, әсіресе жастарға кеңінен танымал эстрада мен спорт жұлдыздарын тартқан екен. Өз басым виртуалды электорат, виртуалды үгіт-насихат мәселесіне көңіл бөліп жүргендіктен, аталған азаматтардың интернеттегі қолдаушыларын қарап шықтым. Зерттеу объектісі ретінде бір ғана инстаграмдағы аккаунттары алынды. Қайрат Нұртас – 883 мың, Жанар Дұғалова – 760 мың, Геннадий Головкин – 571 мың, Серік Сәпиев – 133 мың, Илья Ильин – 268 мың жазылушыға ие. Бұл аталған бестіктің депутат болады дегенді емес, 2 миллион 615 мың адам сайлау туралы және «Нұр Отан» партиясының сайлауалды жұмыстарынан хабардар болады дегенді білдірсе керек. Енді осы партияның 2012 жылдың қаңтарында өткізілген сайлауға 2011 жылдың соңында ұсынған 127 үміткері мен бүгін таңдалған 127 кандидаттың құрамына аз-кем салыстырмалы талдау ұсынып көрейін.

79,5% - ер адам, 20,5% - әйел адам – 2011 жыл
76,4% - ер адам, 23,6%-әйел адам – 2016 жыл

2011 жылы орташа жас – 54,2
2016 жылы орташа жас – 50,9

2011 жылы – заңгерлер-29, экономистер-23, инженерлер-36, мемлекеттік басқару менеджерлері-6, саясаттанушылар-6, педагогтар-21, дәрігерлер-2, журналистер-2, басқалары-2 адам болған.
2016 жылы – заңгерлер-38, экономистер-24, инженерлер-32, мемлекеттік басқару менеджерлері-7, саясаттанушылар-3, педагогтар-9, дәрігерлер-4, журналистер-3, басқалары- 7 адам.

Яғни үміткерлердің орташа жасы жасарған, кәсіби заңгерлер 22,8%-дан 30 пайызға дейін өскен.

Жастардың атынан тұрақты түрде шығып жүрген Тәңірберген Бердоңғаров бұл ретте депутаттыққа үміткер атанбады.

Еске саларлық ақпарат: Бұл тізімдегі үміткерлердің барлығы депутат болады дегенді білдірмейді. Парламент Мәжілісі сайлауында барлық 127 кандидат жеңіп шыққанның өзінде депутаттық орын саны 107, ал оның ішінде 9 депутат Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланады. 


Айгүл ШЕРНИЯЗОВА

 

Ұқсас материалдар