Н.Назарбаев: туысқан – атадан, көрші – Алладан

18.12.2014 2509
Н.Назарбаев: туысқан – атадан, көрші – Алладан

Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстандық жол – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы жолдауында аса мән берілген жағдай – Қазақстанның өңіраралық байланысын нығайту. Жалпы, бүгінде Қазақстан ашық саясат жүргізіп, кез келген көрші мемлекеттермен өңіраралық байланыс орнатуда. Соның бір мысалы Ресеймен өңіраралық байланыстың нығаюы. Мәселен, биылғы күздің қыркүйек айында Атырау қаласында ҚР Президенті Н.Назарбаев пен РФ Президенті В.Путиннің қатысуымен Қазақстан мен Ресейдің ХІ өңіраралық ынтымақтастық форумы болып өткен еді. «Көмірсутек саласындағы инновациялар» атты тақырыпты иемденді биылғы форум. Шара аясында заманауи технологияларды мұнай-газ саласында пайдалану, осы бағыттағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Форум кәсіпорындардың инвестиция және көмірсутек секторындағы инновациялар саласындағы қарым-қатынастарын кеңейтуге және жаңа байланыстар орнатуға, екі мемлекеттің іскер және қоғамдық топтарына жан-жақты қолдау көрсетуге бағытын бұрды. Айта кетейік, Қазақстан мен Ресей президенттерінің қатысуымен алғашқы өңіраралық ынтымақтастық форумы 2003 жылы Омбыда өткен болатын. Сонымен қатар, биылғы тақырыпқа ұқсас 2009 жылы Орынборда болған VI өңіраралық ынтымақтастық Форумы аясында «Отын-энергетика кешені саласындағы инновациялық технологиялар» көрмесі өткізілген-ді.

Жалпы, биылғы Форумда Н.Назарбаев пен В.Путин сауда-экономика, инвестиция және отын-энергетика салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін ортаға салып, жан-жақты қарады. Қазақстан мен Ресей көшбасшылары халықаралық және өңірлік құрылымдар аясындағы, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ және Кеден одағы аясындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне айрықша көңіл бөлгендігін де айтып кеткеніміз жөн. Мемлекет басшылары Астрахань қаласындағы Каспий маңы мемлекеттерінің саммиті табысты болғанын да атап өтті. Қазақстан Президенті екі елдің алдағы ХІ өңіраралық ынтымақтастық форумы өзара тиімді қарым-қатынастарды дамыту жолындағы кезекті қадам болатындығына сенім білдірді. Президентіміз Н.Назарбаев өз сөзінде: «Бүгін біз өңіраралық форум өткіземіз, оның аясында түрлі салалардағы келісімдерге қол қойылатын болады. Қазір елдеріміздің арасындағы өзара тауар айналымы аздап төмендеп отыр, бірақ мұны мен уақытша құбылыс деп ойлаймын. Біздің Еуразиялық экономикалық одақ толық қуатында жұмыс істейтініне сенімдімін, ол бәрімізге ортақ пайда әкеледі» - деді. Өз кезегінде Владимир Путин Форумға қатысуға шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын айта отырып: «Ресей мен Қазақстанның арасында тарихи байланыстар орныққан. Бізді біріктіріп тұрған мыңдаған дәнекерліктер дамуымызға, бір-бірімізге қолдау көрсетуге септігін тигізуде» - деп атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге қатысты да пікір алмасты. Сонымен қатар, мемлекет басшылары Қазақстан мен Ресейдің 60-қа жуық компаниясы қатысқан «Көмірсутек саласындағы инновациялар» көрмесін аралап көрді. Бұл үлкен шара екі көршінің өңіраралық байланысының жыл сайын нығайып келе жатқандығының айғағы...

Тәуелсіз дамудың алғашқы жылдарында ҚР Президенті Н.Назарбаев: «Екіжақты байланыс саласында Қазақстан алдындағы приоритетті бағыт – Ресей Федерациясымен қарым-қатынасты дамыту.Бұл әлем қауымдастығы алдындағы Ресей Федерациясының саяси және экономикалық ролімен және ұзаққа созылған ортақ шекарамен шартталады. Ресей  - республикамыздың ең ірі сауда серігі. Көптеген халықаралық мәселелер бойынша біздің ұстанымымыз ортақ. Оның үстіне, екі ел азаматтары арасындағы достық, туыстық қатынастар баршылық. Бұл Ресейді табиғи әрі заңды одақтасы етеді» - дейді. Сонымен қатар, Қазақстан мен Ресей байланыстарына талдау жасай отырып, посткеңестік аумақта интеграциялық үрдістерді дамытуға деген екі ел ұстанымының ортақ болуын ерекше атап өткен жөн. Жалпы, Еуразия кеңістігіндегі геосаяси орналасуы, экономикалық және әскери-саяси мүдделер Қазақстан мен Ресейді қауіпсіздікті қамтамасыз ету, территориялық тұтастық және егемендікті құрметтеу принциптері негізінде өздерінің айналасында тату көршілік аумағын құруға мүдделі мемлекеттер ретінде ерекше ролін анықтап берді. Осы бағытта Қазақстан мен Ресей бірінің көтерген бастамасын екіншісі қолдап келді.

Дәл қазіргі уақытта Қазақстан мен Ресей байланысының құқықтық-келісімдік негізі 300-ден аса құжатты қамтиды. Екі ел арасындағы байланыста саяси сенімділік пен өзара түсіністік күшейіп келеді. Екіжақты қатынастардағы елеулі оқиғалар қатарында мемлекетаралық шекараның делимитациялануы, Каспий теңізінің солтүстік бөлігі табанын бөлу туралы келісімнің қабылдануы, екі ел арасындағы байланыстардың тереңдеуіне жол ашқан Ресейдегі Қазақстан жылы мен Қазақстандағы Ресей жылдарының кезек өткізілуін атап өтуге болады. Президентіміз тағы бір сөзінде: «Қазақстан-Ресей қатынастары сенімділік пен стратегиялық әріптестік жоғары деңгейде дамып жатыр. Қазақстан сыртқы саясатының маңызды басымдылығы, өңіраралық байланысының қайнар көзі – Ресей бағыты. Қазақстан мен Ресей арасында өзара мүдделерді ескеру және келіссөздер жолымен шешіле алмайтын мәселелер жоқ. Бұл саяси және экономикалық мәселелерге де тиесілі» - деп атап өтеді.

Бүгінде посткеңестік аумақтағы интеграциялық үрдістер Қазақстан – Ресей экономикалық байланыстарының дамуына зор үлес қосып келеді. Мәселен, Кеден одағы, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде қабылданып жатқан құжаттар екі ел арасындағы кейбір экономикалық, кеден мәселелерін шешуге септігін тигізуде. Өз кезегінде, Қазақстан мен Ресей тарапынан көтерілген бастамалар интеграцияның тереңдеуіне, өңіраралық байланыстың нығаюына үлес қосып келеді. Тіпті, қазіргі таңда Қазақстан мен Ресей интеграцияның қозғаушы күші ретінде де танылды.

2012 жылдың 19 қыркүйегінде екі ел Президенттерінің қолдауымен Павлодарда өткен Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының ІХ форумының қо­ры­­тындылары да біздің елдеріміз арасы­н­дағы қарым-қатынастардың жоғары дең­гейде тұрғанын тағы бір рет дәлелдеді. Президентіміз дәл сол уақытта Путин мырзаның 60 жасқа толған мерейтойымен құттықтаған болатын. Ол өз сөзінде: «Мен 1994 жылы тұңғыш рет ұсын­ған Еуразиялық экономикалық одақ идеясы қазір қазақстандықтардың, ре­сей­ліктер­дің және белорустардың эли­талық ор­та­сында да, қалың көпшілік арасында да түсіністікпен қабылда­ну­да. Оны ТМД-ның бірқатар басқа елдері де қолдап отыр. Біздің В.В.Путинмен экономикалық прагматизм, теңдік, өзара тиімділік және бір-біріміздің мүдделерімізді құр­мет­теу принциптеріне негізделген ин­те­­грациялық үдеріске көзқарасымыз ұқсас екенін атап өткім келеді. Сондықтан да бүгінгі таңда Қазақ­стан мен Ресей ХХІ ғасырдың ең перс­пек­тивалы үдерісі - Еуразиялық ықпал­дастықтың ұйытқысы болып табылады. Біздің елдеріміз Белоруссиямен бірлесе отырып қазірдің өзінде 2015 жылы экономикалық ықпалдастықтың мейлінше тығыз формасына - Еуразиялық эко­номикалық одаққа көшу жоспар­ла­рын межелеп отыр. Мен бұл үдерістің де жемісті болатынына сенімдімін!» - дейді. Сонымен қатар, елдің түрі жылдардағы байланысын баяндай келіп, елбасымыз Н.Назарбаев: «Мен Путинмен Ресей Федера­ция­сы­ның Президенті ретіндегі бірінші кездесуімді ерекше жылылықпен  еске аламын. Сол 2000 жылы бүкіл әлем «Who is mister Putin?» деген сауалға жауап іздеп жатқан кез еді. Бұл сауалдың жауабы біздің бірінші  әңгімемізден кейін-ақ ма­ған барынша айқын бола түсті. Мен оны Ресейдің тарихи ұлылы­ғы­на лайықты саяси көшбасшы ретінде таныдым. Менің алдымда өз елі мен халқы­ның мүд­делерін бәрінен де маңызды санай­тын жігерлі, адал және принципті саясаткер отырды. Егер ол сөз берсе, оны орындайды. Мен мұны білемін. Бұл осындай ауқым­дағы саясаткер үшін маңызды қасиет. Сонымен бірге ол барлық әріптес­тер үшін қарапайым, менмендігі жоқ, ізгі ниетті адам болып қала береді. Мұндай адаммен дос болудың өзі бір ғанибет. Ол Ресейдің аса ұлы жауап­кер­ші­лігінің жүгін көтеруге толық дайын және қабілетті ХХІ ғасырдың жаңа көшбасшысы. В.В.Путин Ресейді жаңа жүзжыл­дық­қа батыл бастап келеді. Осы жыл­дар ішінде ол өзінің сайлауалды бағ­дар­ла­маларында елді дамытудың нақты жол­дарын ұсынды, сондай-ақ елдің бірлігін және оның халықаралық беделін ны­ғайтты, терроризм мен сепаратизмге аяусыз соққы берді. Ол айрықша саяси дарын мен шеберлікті талап етеді. Өзімнің жеке саяси тәжірибемді ескере отырып, жақсылықтарға қарай нақ­ты бетбұрыстар жасалғанда қоғам­ның бір бөлігінде оны жеделдету тілегі пайда болатынын білемін» - деп, Ресей президентінің абыройын асқақтатады. Президентіміз сөзін тоқтатпастан: «Мен Ресей халқының досы ретінде барлық ресейліктерді өз көшбасшысы төңірегіне топтасуға және тарихтың осы бір бетбұрысты кезеңінде өз Ота­нының игілігі үшін еңбек етуге шақырамын. Мұнсыз даму, қарапайым адамдар­дың тұрмысын жақсарту мүмкін емес. Мен мұны өз тәжірибемнен білемін. Қазақстан халқы бірліктің, келісім мен тұрақтылықтың арқасында тамаша табыстарға қол жеткізді, тақыр жерде мемлекет құрып, оны бүкіл әлемге танымал етті. Мен мұны кездейсоқ жазып отырған жоқпын. Қазақстан мен Ресей ара­сын­дағы дипломатиялық қатынастардың ор­нағанына 20 жыл және В.Путиннің 60 жылдық мерейтойының саяси күнтізбеде қатар келуі елеулі оқиға. Қазақстан өзінің тату көршісі және одақтасы ретінде қазіргі Ресейдің та­быс­тарына қуанады. Мен өз халқымның атынан Владимир Владимировичті 60 жылдық мерейтойымен құттықтап, оған ойға алған мақсаттарының орындалуын және мықты денсаулық тілеймін. Күшті де тұрақты Ресей - бұл бар­лық ТМД-ның, Еуразияның, сондай-ақ, тұтастай алғанда, ғаламдық халықара­лық қатынастардың тұрақтылығының не­гізгі шарты. Мен Қазақстан Республикасының бар­лық азаматтарының атынан Ресей­дің ұлттық көшбасшысына және ол арқылы күллі Ресей халқына дамуда жо­ғары қарқын мен сенімділік, ресей­лік­тердің игілігі барлық біздің айма­ғы­мыздың тұрақтылығы мен өркендеуі жолында алға қойылған барлық мақсат­тарда жетістіктерге жетуді тілеймін. Қазақтар «Туыс атадан, көрші Алладан», - дейді. Біз Қазақстанда Ұлы Ресеймен ізгі ниетті қарым-қатынасымызды қашанда бағалап келдік және бағалай береміз. Біздің қарым-қатынасымыз өзара бай тарихымызға негізделген және сан мәрте уақыт сынынан өткен. Бүгінгі таңда біздің достығымыз эко­номикалық, мәдени және гумани­тар­лық байланыстармен, көптеген қазақстан­дық­тар мен ресейліктердің туыстық қа­рым-қатынастарымен нығая түсуде. Мен өзімнің барлық отандас­тарым­ды және барлық Ресей азаматтарын екі­жақты қатынастардың мерейтойымен құт­тықтаймын және Қазақстан мен Ресей арасындағы достықтың мәңгілік, се­ріктестіктің ауқымды және өзара тиімді, одақтастықтың сенімді және берік бо­луы үшін қолдан келгеннің бәрін жа­сауға шақырамын» - дейді. Президентіміз Н.Назарбаевтың Путинге қарата айтылған бұл шынайы сөздері, расында да, екі елдің ортасында үлкен достықтың салтанат құрғандығын дәлелдей алады...


Дінмұхаммед Аязбеков

Ұқсас материалдар