Мырзатаев Серік: «Дзюдаға бала тоғыз жастан бастап келгені дұрыс»

12.02.2016 2809
Оқушылар сарайында дзюдо секциясының ашылғанына үш жыл болды.

Тарихы жетпісінші жылдардан бастау аладын бұл күрес түрі ілімізде серпінді дамып келеді. Чемпион ағаларына еліктеп, жастар да дзюдоға ден қоя бастады. Біз Астана қаласындағы Оқушылар сарайында жас дзюдошылардың дайындығын бақылаған болатынбыз. 

Мырзатаев Серік Жұмабекұлы. Дзюдадан спорт шебері. Өзбекстанның Ташкент қаласында «Дене шынықтыру» институтын тәмамдаған. Бапкерлікпен 1989 жылдан бері айналысады  

Мырзатаев Серік: Оқушылар сарайында дзюдо секциясының ашылғанына үш жыл болды. Осынадай қысқа уақытта біраз нәтижеге қол жеткізіп үлгердік. Қалалық, халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жатырмыз. Дзюдо секциясы жаңадан ашылғандықтан әзірге тәжірибелі спортшылар жоқ. Секцияда ұзақ уақыт жаттығып, жүлделі орындарды иеленіп жүрген спортшылар болуы өте маңызды. Өйткені, жаңадан келген балалар соларға қарап өседі. 

Мырзатаев Серік:  Әр спорттың өз ерекшелігі болады. Дзюдоға қатысқан балалардың дене қозғалысы (координация) өте дамыған болады. Олар «кимоно» киіп күреседі. Бұл менің ойымша оларға артықшылық береді. Төбелес бола қалған жағдайда олар өзін-өзі қорғай алатын ер азамат болып ер жететіндеріне мен кепілдік бере аламын. Әрине, біз көбіне «төбелестен аулақ болыңдар», - деп үйретеміз.    

 Елубеков Арлан. Астана қаласының чемпионы. Ресейде өткен халықаралық жарыстың жүлдегері

Мырзатаев Серік: Дзюдаға балалар тоғыз жастан бастап келгені дұрыс. Өйткені осы уақытта олардың сүйектері қатайып, психологиялық тұрғыда жаттығуға дайын болады. Спортқа тым ерте келген бала жалығып та кетуі мүмкін. Жалпы, елімізде дзюдоның дамып келе жатқандығы қуантады. Тұрақты түрде ересектер, жастар және жасөспірімдер арасында республикалық чемпионаттар өткізіледі. Жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен 10 мыңнан астам спортшылар қатысуда. Бұл үрдіс ары қарай да жалғасын табады деген үміттемін.  

Қазақ дзюдосының тарихы

Қазақстанның дзюдо федерациясы 1973 жылы құрылды. Республикадағы бұл жекпе - жекті алғашқы болып қалағандардың арасында Анатолий Малкин, Тлеухан Әміржанов, Владимир Пак, Анатолий Сун, Әбілхаир Байбосынова, Батырбек Сейсенбаев және басқалары бар.

Тәуелсіздікке қол жеткізген 1991 жылдары түрлі деңгейдегі хадықаралық жарыстарға Қазақстан өзінің ұлттық құрамасын шығарды. 1993 жылы дзюдодан ел құрамасы Азия чемпионатында жапондықтарға есе жіберіп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға жайғасқан болатын.

1994 жылдан бастап біздің дзюдошылар Азиада ойындарында Қазақстанның намысын қорғап, құрама қанжығасына чемпионаттың үш түрлі медалін байлады.

1998 жылы Мәскеуде өткен Бүкіләлемдік жасөспірімдер арасындағы ойында қазақстандық Ерлан Слямбаев алтыннан алқа тағынды. Ал басқа жылдары жастар арасындағы біріншіліктердің жүлдегері атанған.

2001 жылы алғашқы рет ересектер арасындағы әлем чемпионатына қатысқан қазақстандық палуандар Асхат Шахаров пен Асхат Жикеев «қола» медальға қол жеткізді. Ал 2008 жылы Азияның үш дүркін чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері Асхат Житкеев дзюдодан алғашқы олимпиадалық «күмісін» еліне тарту етті.

2009 жылы қазақстандық 23-жасар спортшы Максим Раков ұлттық дзюдо тарихында ересектер арасындағы әлем чемпионатын қатысып, алғашқы алтынына қол жеткізді. Жалпы есепте ерлер құрамасы Ресей, Кореяға есе жіберіп, үшінші орынға жайғасты.

Қазақстан Республикасының дзюдо федерациясы құрылғаннан бері ұлттық құраманың қоржыны 88 медальмен (18 алтын, 19 күміс және 51 қола) толықты.

 


Сұхбаттасқан Рүстем ӘЛПИ

                                                    Суреттерді түсірген Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

Ұқсас материалдар