Қандастар Ассамблея

Мыңжылдықтың белгісі

20.11.2015 2194
Алматының орталығынан қазылып жатқан археологиялық-ескерткіш біздің заманымызға дейінгі 5-ғасырды қамтитын Сақ дәуірінен жеткені белгілі болды.

Алматының орталығынан қазылып жатқан археологиялық-ескерткіш біздің заманымызға дейінгі 5-ғасырды қамтитын Сақ дәуірінен жеткені белгілі болды.

Биіктігі 7, диаметрі 60 метрді құрайтын қорғанға зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жер өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап археолог­тардың назарында болған екен. Тек 2010 жылы арнайы тізімге алынған. Кезінде жоғалып кеткен қорғаннан құнды жәдігер табатынына  археологтар сеніп отыр. Осылайша Тұран даланың тарихын түгендеу қаланың қақ ортасынан жалғасып жатыр. Қаланың өткен тарихынан мол дерек беретін көне қорғанды қазғалы айдан асқан. Тарихи орынның зерттелуіне оның апатты жағдайда тұрғандығы себеп болған. Айналасының бәрі зәулім, жаңа заманға сай салынған үйлердің арасында қалған бұл қорған біздің заманымызға дейінгі 5 ғасырды қамтитын Сақ дәуірінен жеткен.

— Қорған біздің дәуірімізге дейінгі ІX-V ғасырлардағы Сақ дәуіріне жататын ескерткіш. Жалпы, Алматы қаласында 16 археологиялық ескерткіш болса, солардың қатарына бұл ескерткішті де жатқызуға болады. Бұл апатты жағдайдағы қорған, — деді Алматы қалалық мұражайлар бірлестігінің бөлім басшысы Сержан Саров.

Қазба жұмыстарының басталуы тарихи орынның зерттелуіне себеп болып отыр. Айналасында зәулім құрылыстар мен үйлер көптеп салынғандықтан, қорғанның қаз-қалпында сақталатынына сенім жоқ. Ескерткішті зерттеуге қазынадан 7,5 млн. теңге бөлінген.

— Біз зерттеу жұмыстарын толық аяқтап біткен соң, ғылыми есеп жазамыз. Сол кезде нәтиже жақсы болады деп ойлаймын. Өйткені, қорған өте үлкен. Қазірдің өзінде қабырғаларын жинау әдісінің өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл сол дәуірдегі мәдениетті білдіреді, — деді археолог Мұрат Нұрпейісов. Жалпы, археологиялық ескерткіштер­дің барлығын қазу мақсат емес. Оларға зерттеу жұмыстары әртүрлі жүргізіледі. Мәселен, Боралдай кентіндегі Сақ қорғанын ашық аспан астындағы туристік аймаққа айналдыру көзделіп отыр.

— Ол аумақта қазба жұмыстары емес, Алматы қаласы әкімдігі тарапынан жұмыстар жүргізілуде. Сол жерде алдағы уақытта үлкен ашық аспан астындағы Боралдай Сақ қорғандарын қаламыздың туризм саласын дамытатын бірден-бір аймаққа айналдыру жұмыстары қолға алынған, —  деді Алматы қалалық Мәдениет басқармасының бас маманы Данияр Әлиев.

Алматы қаласында мемлекеттік тізімге енген дәл осындай 16 археологиялық ескерткіш бар. Оның 6-ауына зерттеу жұмыстары жасалып, бүгінде мемлекеттік тізімнен шығарылған. Енді зерттелмеген 10 археологиялық ескерткіш бар. Бірақ, олардың бәрі қатаң бақылауда ұсталып отыр. Қала маңы мен орталығында орналасқан қорғандар алдағы уақытта толық зерттелетін болады.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Ұқсас материалдар