Музейге италиялық мозаика «көшіп келді»

12.10.2016 4386
Көрме

Кеше ҚР Ұлттық музейінде италиялық мозаика мектебі шеберлерінің «Фриули мозаикасы» атты көрмесі ашылды. Көрмені Италияның Қазақстандағы елшілігі мен Ұлттық музей бірлесіп ұйымдастырды.

Шараға Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай, Италияның ҚР Төтенше және өкілетті елшісі  Стефано Раваньян, Әбілхан Қастеев атындағы бейнелеу өнері және техникалық дизайн мектебінің директоры Ханзада Есенова  және музей қонақтары қатысты.

Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай ұйымдастырушыларға алғыс айтып, қонақтарды көрмеден рухани ләззат алуға шақырды.

Ал, Италияның ҚР Төтенше және өкілетті елшісі  Стефано Раваньян: «Көрмені ұйымдастыруға жағдай жасаған Ұлттық музейге алғыс білдіремін. Бұл музей – біздің мозаикаларымызды көрсетуге таптырмайтын орын. Оның үстіне көрме  Италия мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстың арқасында жүзеге асып отыр. Бұл көрме бірлесіп жұмыс атқарудың алғашқы бастаулары. Ендігі жерде қазақстандық студенттер Италияға барып, мозаиканың қыр-сырын толықтай меңгере алады» деді.

Көрме қонақтары алтын және платинамен қапталған майолика бұйымдарымен танысты. Олардың қатарында түрлі өрнектермен безендірілген вазалар, табақтар, құмыралар, екі сапты графиндер, тегештер, үлкен шамдалдар, құмғандар, қобдишалар, барокко сағаттары сынды заттар бар.

Қонақтар назарына барлығы 70-ке жуық керамика бұйымдары ұсынылды.

Көрме 28 қарашаға дейін жалғасады.


Суреттер ҚР Ұлттық музейінің баспасөз қызметінен алынды