Қандастар Ассамблея

Музей – мәңгілік парасат мекені

14.10.2016 6112
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне саяхат

Павлодар қаласындағы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі Кереку өңірінен шыққан ұлылардың есімін тоғыстырған рухани орда.

 Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі

Алдымен музейдің тарихына тоқталар болсақ, 1897 жылы Фаттах Рамазанов есімді көпес мешіт салдыру мақсатында өз заманында шаһардың орталық көшесі болған бүгінде музей тұрған орынды таңдайды. Алайда құрылысшылар мешіт ғимаратын тұрғызу барысында өрескел қателіктер жіберіп, мінәжат үйінің есігін шығыс бетке қаратып салмағандығы үшін ағаштан оюлап тұрғызылған ғимарат әп-сәтте мешіт болмай қалады. Дегенмен көпес құрылысы әсем ғимараттың жұмысын тоқтатпай, өзге мақсатқа пайдалану үшін салғызыпты деседі. Көпестің қалауымен кейінірек мешіт ғимараты өзге орында бой көтерсе керек. Міне, осылайша пайда болған тарихи сәулет ғимараты бүгінгі таңда Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі ретінде жұмыс істеп тұр.

 

Музей 1992 жылы ашылды. Рухани ордаға Кереку өңірінен шыққан «көмекей әулие» атанған ақын, 18 ғасырдың ойшылы, аты аңызға айналған Абылай ханның жеке кеңесшісі мен көмекшісі болған Бұқар жырау Қалқаманұлының есімі берілуі тегін емес. Тарихи деректерге сүйенсек, Бұқар Жырау қазақ халқының Жоңғар басқыншылығы тұсында, елдің болашағы қыл үстінде тұрған кезде өмір сүріп, сол алмағайып замандағы күрделі мәселелерге өз жырларымен жауап бере білген ақын. Осындай ауыр сәттерде Абылай ханға дұрыс кеңес беріп, ел-жұртты басқыншы жауға қарсы күресте біріктіруге, бір тудың астына топтастыруға күш салды. Өзінің саяси-әлеуметтік мәнді жыр-толғауларымен сол жалынды күрестің жыршысына айналды. Осы мақсатта ол Абылай ханды бірден-бір қажетті басшы санап, оған халық бірлігін сақтап қалатын көсем тұрғысында үлкен сенім артты. Абылай хан да сол биік талаптан табылып, елдің бірлігі мен жарқын болашағы үшін жан аямай қызмет етті. Жырау сол азаттық жолында өлімге бас байлап, ерліктің небір ғажайып үлгілерін көрсеткен хан мен оның батырларын жырға қосып, олардың өшпес әдеби бейнелерін жасады.

 

– Тарихтың тереңіне бойлайтын болсақ, біз осы өлкеден шыққан Бұқар жырау бабамызбен мақтанамыз, – дейді Бұқар жырау атындағы музей директоры Роза Игібаева. – Бұқар жыраудың толғаулары Абылайханның тұсында есілтіп-төгілтіп, алмастай жарқылдап, дария суындай құйылып отырды. Бұған: «Еліңнің қамын же — сана, Есіліп кеңес айт — сана» деген лебізі куә. Кейде сәуегей абыз ишаратпен, тәмсілмен сөйледі. Оның қапияда шығарылған философиялық-дидактикалық сипатқа бөленген құдіретті ой-толғаныстары, тапқыр билік-кесімдері толғау түрінде берілді. Қиыннан қиыстырылған құрыштай тастүйін сөздері, қанатты кесек ойлары, пайымды терең байламдары тыңдармандарына мақалмен тақпақтата, түйдектете, толқындата  жетті. Одан бергіде Кереку жерінен шыққан Жүсіпбек Аймауытов, Қошмұхамед Кемеңгерұлы, Қадыр Тайшиков, Зейін Шашкин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Иса Байзақов, Әлкей Марғұлан сынды танымал тұлғалармен олардың соңына қалдырған құнды шығармаларымен мақтанамыз. Сұлтанмахмұт Торайғыров – «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуға» ұмтылды. Қоғамдық шыңдық пен әділет жолын талмай іздеп, от болып жанды, аққан жұлдыздай сөнді. Өз дәуірін жанартаудай жарып шығып, қара түнде жарқылдаған найзағайдай жалын атқан ақын небәрі 27 жас қана өмір сүрді. Ол әдебиетте не бары он-ақ жыл қалам тебіренткенінің өзінде, өлең-жырлары өз алдына бір шынар болса, «Қамар сұлу», «Кім жазықты» романдары, «Кедей», «Адасқан өмір» поэмалары, «Ауырмай есімнен жаңылғаным» әңгімесі қазақ әдебиеті әлемінде шыншыл сырларымен, көркемдік сипаттарымен, орындылығымен, оттылығымен келешек ұрпақтан-ұрпақ қадірлеп оқитын классикалық ұлы туындыларға айналды. Ақынның көп арманы көкірегінде кетті.

Музей экспозициясы 290 шаршы метрден артық ауданды алып жатыр. Музей қорында 42 мың жәдігер бар. Оның ішінде 13 мыңнан астам жәдігер сирек кездесетін, құнды экспонаттарға жатады.  

Мұнда бірнеше зал жұмыс істейді. Мәселен, «Халық ауыз әдебиеті залы», «Көне түркі жазбалар ескеткіші залы», «Бұқар жырау залы», «ХХ ғасыр басындағы әдебиет залы», «Әдебиеттер достастығы залы», «Қазіргі заман әдебиеті залы», «Өнер залы», «Құнды жәдігерлер залы» бар.  

 

Мысалға, «Көне түркі жазулар залы» Қ. Дулати, Ж. Баласағұни және т.б.сияқты орта ғасырларының корифейлеріне арналыпты.

 

«Жазу мәселесі бұл – мәдениеттің пайда болу мәселесі. Көне түркі жазуы кириллицадан 15 ғасыр бұрын және грузин және армян жазуынан 10 ғасыр бұрын пайда болды. Басқа түркі халықтарымен бірге қазақтар да көне жазу дереккөздерін өз игілігі ретінде мақтан тұтады. Ал, Орхон-Енисей жазулары түркі тілдес халықтардың бәріне ортақ ежелгі дәуірден қалған аса зор тарихи тамырларымыздың, болмыс бітімімізбен ұрпақтар жалғастығының, тіл дәстүр сабақтастығының айғағы» – дейді Бұқар жырау атындағы музей директорының орынбасары Мағзия Қайырбекқызы.

 

«Қазіргі заман әдебиет»» залындағы экспозициялар қатарын тәуелсіздікпен қатар қарқындап дамыған қазақ әдебиетінде қалам тербеген жерлес ақын жазыушылардың шығармалары, жеке заттары толықтырып тұр. Мұнда З. Ақышев, М. Жаманбалинов, Р. Тоқтаров, К. Ыдырысов, М. Әлімбаев, Қ. Исабаев, А. Шәмкенов, А. Жақсыбаев т.б. сияқты ақындар мен жазушылардың шығармашылығымен танысуға болады.

 

«ХХ ғасыр басындағы әдебиет залы» туралы  Мағзия Қайырбекқызы «ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті отаршылдыққа қарсы күрес пен тәуелсіздікті аңсау идеясын ашық және батыл көтерді. Ғасыр басында әдебиетке келген ақын-жазушылардың барлығы да осы дүбірмен оянғандар еді», - дейді. Музейге келушілер осы залдан С. Торайғыров, С. Дөнентаев, Ж. Аймауытов, Қ. Кемеңгеров, И. Байзақов, Д. Әбілев сынды қазақ әдебиетін көркемдік-эстетикалық тұрғыдан байытып, жаңа жырлардың туып, жетілуіне үлес қосқан шығармаларымен таныса алады.

Ж. Аймауытовтың "Қартқожа" романының түпнұсқасы.

Мәселен, Жүсіпбек Аймауытовтың 1926 жылы жарық көрген «Қартқожа» романының түпнұсқасы сақталыпты.

 М. Көпеевтің бойтұмары мен әкесінің "Көк құранының" бірінші беті

Музей қорына көптеген бағалы жәдігерлер жинақталған. Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Жүсіпбек Аймауытов, Иса Байзақов, Всеволод Иванов, Антон Сорокин, Қошке Кемеңгеров, Қадыр Тайшықов, Дихан Әбілев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Зейін Шашкин, Қалижан Бекхожин, Әлкей Марғулан, Рамазан Тоқтаров, Аманжол Шәмкенов, Қалмұқан Исабаев, Мүбарак Жаманбалинов, Сәбит Дөнентаев т.б. ақын - жазушылардың, Жаяу Муса, Естай Беркімбаев, Майра Шамсутдинова, Жұмат Шанин, Қамар Қасымов, Шәкен Айманов, Кәукен Кенжетаев, Қуат Әбусейітов, Суат Әбусейітов, Қали Байжанов т.б. өнер адамдарының жеке заттары, жәдігерлері, қолжазбалары, өздері жасаған заттар музейдің баға жетпес құнды қазыналары.

Ақын Иса Байзақовтың шәйнегі 

Жүсіпбек Аймауытовтың қол сағаты және өз қолымен жасаған жазу құралдары

Музей қызметкерлерінің ыждаһатты зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Қошке Кемеңгеров, Қадыр Тайшықов, Мұхтар Саматов, Жүсіпбек Аймауытов сияқты қуғын-сүргінге ұшыраған ақын-жазушылардың өмірлерінен соңғы деректер, бағалы құжаттар табылған.

Шәкен Аймановтың тоны

Мұражай қорындағы құнды жәдігерлер қатарын Шәкен Аймановтың апатқа ұшырағанда үстінде болған тоны сондай-ақ режиссердің әйгілі «Алдар көсе» фильмінде киген бөркі, Иса Байзақовтың ауруханада жатқанда ұстаған шәйнегі, Жүсіпбек Аймауытовтың өз қолымен жасаған қағаз кесетін ағаш пышағы т.б. заттары, Қамар Қасымовтың Нұтфолла Шәкеновке жасап берген домбырасы, белгілі аспапкер Тоқбай Жұмағұловтың балалайкасы толықтырып тұр. Музей қызметкерлерінің пікірінше мұнда мәдени ошаққа келушілердің көзіне ыстық көрінетін, жүрекке ерекше әсер ететін мейлінше құнды жәдігерлер сақталған.


Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген автор.

 

Ұқсас материалдар