Қандастар Ассамблея

«МузАРТ»-тың мерейтойы

11.07.2016 5261
Ансамбль Астанада концерт берді

Таяуда «МузАРТ» вокалды-аспапты ансамблі елордадағы «Қазақстан» концерт залында 15 жылдық мерейтойын дүркіретіп тойлады. Танымал топ бір күнде екі бірдей есеп беру кешін өткізді.

Екі концертте де залда ине шаншар орын болған жоқ. Тыңдарманның «Музарттықтардың» әніне шөліркеп қалғаны анық байқалды. Ең алдымен, үлкен экраннан топтың тарихы мен он бес жыл ішіндегі айтулы оқиғалары көрсетілді. Ең алғаш «МузАРТ» трио болып құрылған. Ол кезде топ құрамында бала кезінен-ақ көптің сүйіктісі болып үлгерген Мейрамбек Беспаев пен Сәкен Майғазиев, Мақсат Базарбаевтар болды. Экранда баяндалған шағын хикаяда топтың Мақсат Базарбаев кеткендегі қиын жағдайы, Мейрамбектің науқасқа шалдыққан сәттегі ауыр кезеңдері сөз болды. Әншілер осы күндерде өздеріне ерекше қолдау білдірген тыңдармандарына шексіз алғысын білдірді.

Кеште он бес жыл ішінде халықтың құлағында жатталып қалған хит әндер шырқалды. Олардың қатарында «Өз елім», «Жайлаукөл кештері», «Рахмет саған, туған ел!», «Сүйкiмдiм», «Үшқоңыр», «Арман-ай» да бар. «Есіңе ал» әні бастала бергенде, сахнаға аяқ астынан шыға келген топтың бұрынғы мүшесі Мақсат Базарбаев әуенге ілесе кетті. «МузАРТ»-тың бұрынғы және қазіргі құрамы бірігіп, репертуарындағы алғашқы хит әндердің бірі «Сенің көзіңді» шырқады.

Ал, «Cағындым Алматымды» әнін орындап болған соң, Сәкен Майғазиев мынадай қызықты естелігімен бөлісті:

– Тобымыз енді құрылған кез Алматыдағы ағайынның жұмыс бабымен Астанаға көшкен тұсымен тұспа-тұс келді. Қатулы қыстың бір күнінде елордаға келіп концерт бергенбіз. Сонда «Сағындым Алматымды» әнін айтқанымызда, залда отырған тыңдарманның 80 пайызы ағыл-тегіл жылады. Олардың Алматыны қимай, іштей қиналып жүрген кезі болса керек. Ал, қазір байқап қарасақ, әбден Астанаға орнығып алған сияқтысыздар. Көзін сүртіп жатқан ешкім көрінбейді.

Осы сөздерді естіп, ду күліп, мәз-мейрам болысқан жұрт «Әттең-айды» тыңдағанда мұңая қалды. Бұл сәтте үлкен экраннан беймезгіл өмірден өткен қазақ өнерінің майталман азаматтарының суреттері көрсетіліп жатқан еді. «Музарттықтар» «Әттең-айды» дүниеден озған талантты аға-апаларына арнады.

Кеш бойы әнші жігіттерді вокалды-аспапты ансамбльдің мүшелері Ғалымжан Артықбаев, Ерлан Құлахметов, Арман Бексұлтан, Ерік Жасақбаевтар сүйемелдеді. Олардан бөлек, бастан-аяқ жанды дауыста ән салған топқа композитор Ринат Ғайсин мен астаналық эстрадалық-симфониялық оркестрі қолдау көрсетті.

Концерттің соңына таяу сахнаға «МузАРТ» вокалды-аспапты ансамблі мүшелерінің балалары сахнаға шықты. «Музарттықтар» балдырғандарға арналған әндерін айтып, кішкентайлар мәре-сәре болды. Әрқашан осы топтың қойған концертінен қалмайтын бір ақсақал әншілерге бір-бір талдан гүл сыйлап, батасын берді. «Е, Құдайым, «МузАРТ»-тың ғұмырын бір ғасырға ұзарт! Өнерде мінсіз, өмірде мұңсыз болыңдар!» деп батасын берді ақсақал. Сөйтсе, бұл атайды топ мүшелері жақсы танитын болып шықты. Әр концерт сайын көңілді әуен басталғанда ортаға шығып билейтін ақсақалды бүгінде тек әншілер ғана емес, телекөрермендер де жақсы танып қалғанға ұқсайды.

...Жұртшылық екі жарым сағатқа созылған концерттен көтеріңкі көңіл-күймен әндетіп тарқасты.

Анықтама

«МузАРТ» тобы 2001 жылдың сәуір айында құрылған. Ол кезде трио құрамында Сәкен Майғазиев, Мейрамбек Бесбаев және Мақсат Базарбаев болды. «МузАРТ» – көне түркі тілінен шыққан сөз. «Уз» – сал, сері және тағы басқа ер азаматқа тән қасиеттерді, ал «Арт» - биік шың, тау деген мағынаны білдіреді. Топтың алғаш орындаған әні – Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Қанат Ибраимовтың «Сенің көзің» атты әні.

«МузАРТ» тобының әншілері Сәкен Майғазиев, Мейрамбек Бесбаев және Кенжебек Жанәбіловтер – «Дарын» жастар сыйлығының иегерлері. Сондай-ақ, олар ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері атанып, Алтын Самұрық «Ұлттық үздік әнші жүлдесі» жобасының он үздігінің қатарына енгені үшін марапатталды. 2013 жылдың қыркүйегінде «Muzzone» телеарнасының «EMA» премиясында МузАРТ тобы "Үздік ұжым" номинациясын жеңіп алды.


Роза СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ

Суреттер Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Ұқсас материалдар