Қандастар Ассамблея

Модернизация: елорданың транспорт кешенінде қандай өзгерістер орын алуы мүмкін?

23.09.2015 4233
Елорданың транспорт кешенін модернизациялау бағытында қандай шаралар атқарылуда?

Астана біртіндеп мегополис шаһарға айналуда. Жыл өткен сайын түрленіп, көркейіп келеді. Бүгінгі таңда шаһар тұрғындарының саны 900 мыңға жуықтады. Астана халқының саны өскен сайын жол көлік қатынасы күрделеніп,  қоғамдық көліктерге деген сұраныс арта түсті. Бүгінгі таңда елорданың транспорт кешенін модернизациялау бағытында қандай шаралар атқарылуда, Астананың болашағы қандай, халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында қандай өзгерістер болуы мүмкін? Осы сауалдарға жауап алу мақсатында «Астана LRT» ЖШС Жолаушы көлік бөлімінің жетекшісі Бейбіт Есжановты әңгімеге тарттық.

– «Астана LRT» компаниясы туралы аз-кем тоқталып өтсеңіз?

– «Астана LRT» компаниясының негізгі міндеті – Астана қаласының транспорт кешеніне модернизация жасау. Яғни, шаһардың транспорт инфрақұрылымын дамыту, қала ішінде қатынайтын қоғамдық көліктер желісін модернизациялау, жол көлік саласындағы инновациялық жобаларды жаңа технологиялар қолдану арқылы жүзеге асыру. Сонымен қатар біздің компания халықаралық эксперттердің қатысуымен транспорттық және консалтингтік сараптама жасайды. Астана қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы сондай-ақ, көлік тасымалы саласындағы қаржы институттармен бірлесе жолаушылар легіне зерттеу жүргізіп, қоғамдық көліктер корреспонденциясын қадағалап, елорда көшелеріндегі кептелісті бақылайды.   

– Астана қаласы әкімдігінің сайтына шыққан ақпаратта «Iveco citylis» маркалы 241 автобус пайдалануға берілетіні айтылған еді. Осы жоспар орындалды ма?

– Бүгінгі таңда Астана көшелерінде «Iveco» маркалы 300-ге жуық жаңа автобус жолаушыларға қызмет көрсетуде. Күз айының соңына дейін 58 жол көлігі қатарға қосылады. Бұл автобустар халықаралық стандарттарға жауап беретінін айта кеткен абзал. Жолаушыларды тасымалдайтын аталмыш көліктер климат-бақылау жүйесімен жабдықталған, бейнекамералар орнатылып, автобустың ішінде жүргіншілерге ақпарат тарату мақсатында TFT-табло орнатылса, сыртында LED-табло бар. Мүмкіндігі шектеулі жандар мен бесікарба жетелеген аналарға ыңғайлы болу үшін автобустарға кіретін есіктің төменгі жағында жылжымалы пандусы да бар. Бұл жолаушылар үшін қолайлы әрі ыңғайлы.

– Шілде-тамыз айларындағы күн ыстық кездері аталмыш жаңа автобустардың көпшілігі қала ішінде кондиционерін қоспай жүреді. Өзім де қоғамдық көлікпен жүретіндіктен талай куә болдым. Жолаушылар тарапынан көңіл толмаушылықтар айтылып, кондиционерді қосуды талап еткенде автобус жүргізушілерінің «жанармайым аз, сол себепті қоса алмаймын» деген жауабын естідім.  Сонда «Астана LRT» компаниясы шаһардағы автобус парктерін қадағаламай ма?

– Бізге мұндай наразылықтар жолаушылар тарапынан түскен болатын. Шұғыл бақылауға алынып, автобус парктерінің басшылығына ескертулер жасалып, тиісті шаралар жасалды. Қазіргі таңда бұл мәселе шешілді, Астана қаласы жолаушылар көлігі диспетчерлік орталығы үнемі бақылау жасап отырады. Бұдан өзге қала ішінде қатынайтын автобустар күн сайын жолға шығар алдында техникалық тексерістен өтеді, ауабаптаығышы да тексеріледі. Жүргізушілер мен кондукторлар кәсіби біліктілігін жоғарылату мақсатында Астана қаласы жолаушылар көлігі мамандарының квалификация орталығында даярлықтан өтеді. Орталықтағы тәжірибелі мамандар жол ержесін оқытып, психологиялық көмек көрсетеді. Сонымен қатар адамдармен қарым-қатынас жасау барысында мәдениетті әрі сабырлы болуды үйретеді.

    

– Елордадағы қоғамдық көліктерге арналған қосымша жол жолақтары жүзеге асқаны белгілі.  Бұл жүйе қала тұрғындарын әсіресе қоғамдық көліктермен қатынайтын жүргіншілерге тиімділігімен ұнады.  Болашақта тағы қандай көшелерде арнайы  жолақтар ашылады?

– Шілде айында елорда көшелеріндегі жол қозғалысын біршама жеңілдету мақсатында Бауыржан Момышұлы көшесі мен Бөгенбай батыр көшесінде  «Bus lane» пилоттық жобасы жүзеге асты. Ал, тамыз айында қосымша белгіленген жолақтар Кравцов көшесінде Пушкин көшесінен Таха Хусейн көшесіне дейін, Мұңайтпасов көшесінде Тәуелсіздік көшесінен Абылайхан көшесіне дейін және Сығанақ көшесінде Бейсекова көшесінен Нәжімеденов көшесіне дейінгі аралықта пайда болады. Астана тұрғындарының 33-35% қоғамдық көліктердің қызметіне жүгінетінін ескерсек, бұл жоба көпшіліктің көңілінен шыққаны рас. Сол себепті «Астана LRT» компаниясы болашақта Астана қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы сондай-ақ, Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасымен бірлесіп, осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіре беруді жоспарлайды. Жыл соңына дейін тағы да кем дегенде 3-4 көшеде қосымша белгіленген жолақтар пайда болады. Аталмыш «Bus lane» жолақтарымен қоғамдық көліктерден өзге тек қана жедел қызмет көліктері ғана жүре алатынын айта кеткен жөн. Аталмыш тәртіптің сақталуын жол полициясы мұқият қадағалайды. 

 

– Шаһардың транспорт кешенін модернизациялау мақсатында жабық түрдегі 55 аялдама ашылатыны туралы ақпарат болған еді. Бұл жоспар қашан жүзеге асады?

– Бұл жоба қазір жүзеге асырылуда, жыл аяғына дейін белгілі болады.  

– Астана біртіндеп мегополис шаһарға айналып келеді. Болашақта жүргіншілерге түнімен қызмет көрсететін қоғамдық көліктер жүйесі іске қосыла ма?

– Шаһардың көлік қатынасын модернизациялау бағдарламасы аясында Астанада түнде қатынайтын маршруттар ашу көзделіп отыр. Бұл бағыттағы жоспарды орындау үшін мамандар сараптама жасап, сұраныс көлемін айқындауға тырысуда. Әлі де түбегейлі зерттеліп, нақты шешім қабылданғанда толығырақ ақпарат беретін боламыз.  

 

– Жақында қала маңындағы елді мекендерге қатынайтын экспресс-маршруттар ашылғаны белгілі. Мұндай автобустар қызметін іске қосуға қаншалықты қажеттілік туындады?

– Экспресс-маршруттарды енгізу – қала ішінде қатынайтын қоғамдық көліктердің санын арттырып, жол қозғалысын қиындатты деп түсінбеу керек. Керісінше, экспресс-тасымалдау жолаушылар үшін қала маңында орын тепкен ауылды аймақтарға бір бағытпен әрі жылдам жетуіне мүмкіндік жасайды. Экспресс-маршруттарда біріншіден орын көп, екіншіден олар тек белгіленген аялдамаларға ғана тоқтайды. Қала ішінде бүгінгі таңда  «Iveco» маркалы 60-тан астам автобус қатынайды. Жолаушылар тарапынан экспресс көліктерге деген қызығушылық пен сұраныс артып отыр. Болашақта да мұндай көлік түрлерінің саны артады.

        

– Қоғамдық көліктерде жол ақысын электронды түрде төлеу жүйесі қашан іске қосылады? Және қалай жүзеге асыруды жоспарлап отырсыздар?

– Қоғамдық көліктерде жол ақысын электронды түрде төлеу жүйесі жыл аяғына қарай іске асады. Бұл күндері қала ішінде жүретін автобустарды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, көлік салондарында арнайы аппараттар қондыру жүзеге асуда. Тамыз айы бойы  жеңілдікпен жүретін категорияға жататын жолаушыларды фотоға түсіріп, тіркеу жұмысы жүргізілді. Жолақысын төлеу карталарын дайындау ақысыз негізде жүзеге асты. Енді мектеп оқушыларына арналған электронды карта жасау үшін тіркеуге алу шарасы ұйымдастырылады. Электронды жүйеге көшу – жол көлікте халыққа қызмет көрсетудің сапасын арттырса, жолаушылардың уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік жасайды, әрі «билетсіз» жүруге ниетті жолаушыларды әшкерелейді.  

– Астанада өтетін халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында шаһарда темір жол вокзалы мен әуежайды жалғайтын жеңіл релсті транспорт (ЛРТ) іске қосылады деген ақпарат қаншалықты рас? Толығырақ тоқталып өтсеңіз.

– Light Rail Transport (LRT) – жолаушы тасымалдайтын жетілдірілген жеңіл рельсті көлік жүйесі болып табылады. Қоғамдық көліктің бұл түрі көше бойында сондай-ақ көшеден тыс жерлерде қатар пайдалануға арналады.  Автобустармен салыстырғанда жеңіл релсті көліктер экологиялық таза әрі жайлы, қауіпсіз болып келеді.     

LRT бірінші кезекте 22,4 қашықтыққа созылған Астана қаласының Халықаралық әуежайы мен ЭКСПО-2017 көрмесі өтетін аумақты сондай-ақ көпфункциялы Абу-Даби Плаза кешені мен жаңа теміржол бекетін байланыстыратын маңызды жоба. Бұл жүйе 18 замануи станция мен 20 жуық жылдам қатынайтын көлігімен ерекшеленеді. Жылдамдығы бойынша сағатына 80 шақырымды бағындыруға қауқарлы екенін атап айтқан жөн. Әрбір станция жылу және желдеткіш жүйелермен, ауабаптағышпен жабдықталып, ақпарат тарату және хабарлау қызметі іске қосылады, өртті автоматты түрде анықтайтын жүйе, бейнебақылау жасайтын күзет қызметі жұмыс жасайтын болады. Мұнда да жолаушылар жол ақысын электронды жүйемен төлейді. 

Елордада ЛРТ құрылысын жүзеге асыру Астананың беделін көтеріп, қала тұрғындары мен меймандардың уақтын үнемдеп, жайлы әрі сапалы қызмет көрсетеді.   

– Жақында Астанадағы мемлекеттік органдардың жұмыс кестесі өзгереді деген ақпарат тарады? Қалай өзгеруі мүмкін?

– Бұл сауалыңызға тек қазан аяғының соңында нақты жауап бере аламыз. Әзірге осы мәселе түбегейлі зерттеліп, сарапталуда.  

– Рахмет!


Сұхбаттасқан Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

Суреттердің авторы Марат КУРАКОВ

 

 

 

Ұқсас материалдар