Қандастар Ассамблея

Моңғолиядағы қазақ диаспорасын сауаттандыру жайында

18.09.2015 2322
1990 жылдары Қазақстанға Моңғолиядан 65 мыңға жуық қазақ қоныс аударған болатын.

1990 жылдары Қазақстанға Моңғолиядан 65 мыңға жуық қазақ қоныс аударған болатын. Бүгінгі таңда Моңғолияда 130 мыңға жуық қазақ тұрады, оның 100 мыңға жуығы Баян-Өлгий аймағында қоныстанған.

«Моңғолия қазақтарының арасынан мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері, өнер саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізген азаматтар көп шыққан. Баян-Өлгий аймағының алғаш шаңырағын көтеріскен Б.Қаби, Ш.Ноғай, олардың ізбасарлары А.Жәмила, Д.Жеңісхан, М.Қашқынбай, Қ.Мусахан, А.Сарай, Б.Құрметбек, Қ.Қызырхан, К.Мизамхан ағаларды мақтан тұтамыз. Сонымен қатар мемлекет қайраткері, тарихшы атақты ғалым Қ.Зардыхан (Қазақстанда), Моңғолия халық әртісі әйгілі әнші Ә.Қабылаш (Қазақстанда), математика ғылымдарының докторы, академик Ә.Мекей ағайларымыздың орны бөлек.» - дейді, Моңғолия Ұлы Құрылтай депутаты Бәкей Ағыпарұлы. Иә, Моңғолияда туып-өсіп, сауатын сол жақтан ашқан қазақтың ұлдары мен қыздары бүгінгі таңда ғылым саласында белгілі межелерді бағындырып келеді. Ал осының бастамасы қалай, «Алғаш рет Алтай өңірінде қазақ мектебі қашан ашылды? Оның басы-қасында кімдер тұрды?» деген сауалдар туындайды. Осы ретте, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлнар Қозғамбаеваның ғылыми еңбектерін ерекше атап өту қажет. Ол «Моңғолиядағы қазақ диаспорасының оқу ағарту саласындағы білім беру жүйесінің қалыптасу тарихынан» деген ғылыми мақаласында мынадай қызықты деректер келтіреді: «...1929 жылы мектеп қайта ашылып, оқу қазақ тілінде жүргізіле бастады. Сөйтіп, 1930 жылдан бастап, Моңғолиядағы қазақтардың талап тілектері бойынша Қазақстаннан кадрлар келе бастады. Бұл мектепті мұғаліммен қамтамасыз етуге Қазақстанның оқу-ағарту орындары ерекше көңіл бөліп, жоғары білімді маман-мұғалімдер жіберіп отырған. Сондай-ақ, жергілікті қазақтарды арасынан да сауатты адамдар мұғалімдік қызмет атқарды. 1929-30 оқу жылында қазақтар арасындағы екінші бастауыш мектеп, Шұбарайғыр хошунының оралығы Түлба деген жерде ашылды.» Бұл Моңғолиядағы алғашқы қазақ мектебінің ашылуы еді.

Ресми деректер бойынша, 1940 жылы күзде Цагаангол, Тұлба, Баяннуур, Өлгийде бастауыш мектептер ашылды. 1940-41 оқу жылында аймақ көлемінде 11 бастауыш мектепте 31 мұғалім жұмыс істеді. 1942-43 оқу жылында 10 бастауыш мектепте 1167 оқушы, 52 мұғалім болды. 1946 жылы 12 бастауыш, 2 орта мектепте 2239 оқушы, 90 мұғалім болды. Баян-Өлгей аймағында 1940-1961 жылдарда 7 сыныпты 2179, 10 сыныпты 400 оқушы тәмамдаған. 

1960 жылдардан бастап қазақ зиялылары мектепке қажетті оқу, оқу-әдістемелік құралдарын жазып аударған. Баян-Өлгей ұлттық аймағында 1971 жылы Моңғолия, Қазақстан Ресейдің жоғары оқу орындарын бітіргендер 500 ден асты, 1976 жылы жоғары білімді мамандар саны 2000-ға жетті. 

Моңғолиядағы қазақ диаспорасының білім алып, дамуында, мәдениетті азамат болып қалыптасуында ең алдымен оқу-ағарту саласының маңызы зор.

Дария Жұмалиева

Ұқсас материалдар