Қандастар Ассамблея

Өмірзақ Қасымов: «Біз ғарышты шексіз үлкен деп ойладық, шын мәнісінде олай болмай шықты»

28.01.2015 11766
Біз іргелі және озық ғылымдардың мамандарымен сұхбат құруды бастадық. Эксклюзивті материалдарымызда ХХІ ғасырдағы әлемді түбегейлі өзгертетін салалардың даму мәселелерін қамтитын боламыз.

Біз іргелі және озық ғылымдардың мамандарымен сұхбат құруды бастадық. Эксклюзивті материалдарымызда ХХІ ғасырдағы әлемді түбегейлі өзгертетін салалардың даму мәселелерін қамтитын боламыз. Физика мен медицинадан бастап, генетика мен алыстағы ғаламшарларды игеруге дейінгі тақырыптарды қозғау көзделіп отыр. El.kz алғашқы қонағы – Еуразия ұлттық университетіндегі Ғарыштық техника және технология кафедрасының меңгерушісі, «Зымыран-ғарыштық техника» конструкторлық бюросының жетекшісі, 9К13, 9К79 және «Ескендір» оперативтік-тактикалық зымыран кешендерінің жетекші конструкторы Өмірзақ Қасымов.  

 

Профессормен болған сұхбат 4 сағатқа созылды. Әңгімеге ара-арасында өзге жоба қызметкерлері араласып, журналистер бірін-бірі алмастырып отырды. Күн қараңғы түнге айналып, біздің кабинетімізге ғарыш пен ондағы жұлдыздардың жарығы түсе бастады. Осы сәтте шақырылған қонағымыз үлкен ынтамен наноспутниктік кешендер, қазақстандық зымырандардың болашағы, жердегі қиялғажайып дүниелер мен ғарыштағы шынайы жайттар туралы ойларын одан әрі жалғастыра түсті. Әрине сұхбаттың мәтіндік нұсқасына енбей қалған дүниелер де бар, бүкіл ғарышты бір сұхбат аясында қамту мүмкін емес. Дегенмен, сұхбат өте мазмұнды шықты және оны көрерменнің назарына лайық деп есептейміз. Сұхбатты оқи отырып, қазақстандық ғарыш дәуірінің алғашқы өкілдерінің бірі, еліміздегі ең үздік ғалымдардың қатарына жататын адамның білімін сіңіре аласыз.

 – Өмірзақ Тәжіғалиұлы, ашығын айтсақ, ХХІ ғасырда біз ғарышқа компьютерлік ойындар, шынайылығы төмен Голливуд фильмдері, не болмаса Curiosity аппараты мен Чурюмов-Герасименко кометасы жайлы жаңалықтар призмасы арқылы қараймыз. Ғарыш туралы осындай толымсыз түсінікпен шектелеміз. Бәлкім осы себепті болар, ғарыштық жобаларды қаржыландыруға көптеген миллиард қаражаттың жұмсалатын білген халық шу көтеріп жатады, «сонша қаражатты бөліп не істейміз, одан да ақшаны басқа нәрсеге жұмсайық» – деген ойларды алға тартып. Шындай-ақ, қалай ойлайсыз, бізге ғарыштық ғылымды дамыту не үшін керек?

– Ғарыш – бұл ең жоғары технологиялық сала және ол өзінен кейінгі барлық саланы алға сүйрейді. Ғарышқа енбей, біз 30 дамыған елдің қатарына еш кіре алмаймыз. Мысалы, дәл қазір Қазақстан Германиядан 65 млрд. теңгеге қызмет көрсету мерзімі 7 жылды құрайтын радиолокациялық спутник сатып алып жатыр. Яғни, жаһандық технологиялық даму бәрібір де өз дегенін істеп, осы салаларға ақша жұмсауға итермелеуде және мұндай жағдайда, өзгелерге төлегеннен гөрі, қаражатты өз ғылымымызға жаратқанымыз жөн. Мәселен, Қазақстанда қазірдің өзінде әрқайсысы 2 бірліктен тұратын екі түрлі спутниктер тобына ие. Бұлар – KazSat және KazEOSat.

«Ғарыш – бұл ең жоғары технологиялық сала және ол өзінен кейінгі барлық саланы алға сүйрейді. Ғарышқа енбей, біз 30 дамыған елдің қатарына еш кіре алмаймыз.»

– Бұл спутниктер қандай нақты тапсырмаларды орындайды? Олар бізге несімен пайдалы?

– Олардың қызметі өте көп, ең бастысы – бұл Қазақстан территориясында болып жатқан барлық жайттарды көріп отыру, мысалы, топырақтың эрозиясы, елді-мекендер құрылымындағы өзгерістер және т.б. Біздің осы технологияларымыздың арқасында адамдар өз сиырларына чип орнатып, оларды GPS навигациясы арқылы бақылай алу мүмкіндігіне ие болды. Спутниктердің арқасында жерді қашықтықтан зондтайтын мүмкіндік туды. Мәселен, Астанада, Еуразия ұлттық университетінің зертханалық кешеніне НАСА дәлдігі жоғары жаһандық позициялау жүйесі саналатын GPS станциясын орнатты. Станция жер қабаты өзгерісін 22 сантиметр дәлдікпен өлшейді. Бұл білімді, мысалы, топографиялауда, картографиялауда және т.б. салада пайдалануға болады.

Бүгінде біз Үкіметке қатты отынмен жұмыс істейтін зымыран-тасығыш негізінде толық ғарыштық кластер құруды ұсындық. Оны Петропавлдағы арнайы зауытқа орнатуға болады. Себебі ол жерде осыған дейін қатты отынмен жұмыс істейтін зымыран жасалып келді және барлық қажетті құрал-жабдықтар бар. Әрине, белгілі бір деңгейде модернизация қажет-ақ.  

Менің Қазкосмос ғылыми-техникалық кеңесінің мүшесі ретінде айтарым: дәл «Зенит» ғарыш зымыран кешенін игере алмаймыз. Өйткені ол толықтай автоматтандырылған кешен. Ол жерде ауаның температурасы -196 градус. Сұйық ауаны өндіретін турбо-детонатор жүйесі деген бар. Ол оны бірнеше ай ішінде,тіпті жарты жыл ішінде өндіреді. Температурадағы кез келген өзгеріс, 0,5 градус болса да, ол булана бастайды. Мұны болдырмау үшін температураны тұрақты -196 градуста ұстап тұру қажет, басқаша жағдайда ол құрғап кетеді. Бұл үшін бізге күрделі термостаттау жүйесі керек және ол бізде жоқ. Біз тіпті ол жүйеге қажетті вакуумдық тығыздауышты да шығармаймыз. Жалпы айтқанда, «Зенит» кешенін ұстап тұратындай өнеркәсібіміз жоқ. 

Сондай-ақ, отандық технологияларды дамыту жас мамандардың сапалы, білікті инженер және конструктор болып қалыптастыру үшін қажет. Қазақстанда студенттерге,  қай салада оқымасын, іс-тәжірибенің жетіспейтіндігі бәрімізге мәлім. Егер біз зымыран-тасығыштың толық циклін жасай алсақ, біз осы мәселені де шешер едік. Енді ғарыштық білім үшін өмір бойы Мәскеу мен Берлинге бара бермейміз ғой!

– Қазір біз шетелдік эксперттермен бірлесе жұмыс істеуде белсендіміз ба?

– Өз мысалымда айтайын. Бұрын мен бір орнында отырып жұмыс істеуші едім, қазір шетелге көп шығамын. Биылдың өзінде Германия, АҚШ, Ресей, Әзірбайжан елдерге барып, ғылыми форумдарға қатысып қайттым. Мәселен, Германияда біз Берлин авиация және космонавтика институтының «Темпус» жобасын пайдалануға мүмкіндік алдық. Бұл жоба арқылы біз жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыштық жүйесі бойынша білімімізді дамыта аламыз. Біз Берлин ғалымдарымен ынтамақтастық жөніндегі меморандумға қол қойдық, енді біздің мамандар «Болашақ» бағдарламасы арқылы сол жерде іс-тәжірибеден өте алады.

Жалпы алғанда, ғарыш саласының мамандарын даярлауда екі негізгі мәселені ерекшелеуге болады. Біріншіден, біз жас мамандарды дұрыс оқытпаймыз. Екіншіден, біз олардың потенциалдарын толық пайдаланбаймыз.

Бірінші мәселе бойынша айтарым, білікті инженер-конструкторды дайындау үшін шынайы іс-тәжірибе керек. Олар оқығанын іс-жүзінде жүзеге асыра білуі тиіс. Ғарыштық кластер қажет деп айтып отырғаным сол. Біз мамандарымызды өзіміз даярлай алмағандықтан, оларды шетелге жіберіп оқытамыз. Менің ойымша бұл дұрыс емес, себебі біз қаржыны дұрыс пайдаланбаған боламыз. Біз өзімізге қажетті кадрларды өзіміз дайындауымыз қажет.

Екінші мәселеге тоқталсақ, мұнда инженерлік-конструкторлық саладағы жұмыс орындарының қысқару тенденциясын байқауға болады. Сонымен қатар, жобалардың объективті себептер бойынша қағаз жүзінде қалып қойып жатқанын да атап өткен жөн. Қазкосмос ғылыми кеңесінде конструкторлық жұмыстарда шынайы тәжірибесі жоқ мамандардың жұмыс істеуі – тағы да бір мәселе.

Келешекте, тәжірибелі инженерлер буынын қалыптастырған кезде, біз өз күшімізбен зымыранды да, ғарыштық аппараты да жасай алатын боламыз. Бізде талантты, жаңаша ойлай білетін жастар көп. Олар өздерін кәсіби тұрғыда көрсетуге мүмкіндік беру қажет. Мысалы, менің жобаларыммен ресейлік, америкалық, канадалық және француз ЖОО түлектері жұмыс істейді. Олардың бәрі шынайы жұмыспен айналысқысы келеді. Президенттің «инновациялық машина жасау саласын дамыту қажет, ол басқа салалардың дамуына түрткі болады» – деп бекер айтпады ғой.

Бізде алғашқы зымыран-тасығыштың қандай болатындығы туралы идея да бар. Егер қаражат табылса, мен, «екі жылдың ішінде өзіміздің зымыранымызды дайындап шығарамыз» – деп, уәде беремін. Алғашқы жұмыстарды жүргізіп те үлгердік, қазақстандық және ресейлік студенттерді ұсыныстары да бар. Біздің зымыранымыздың ұзындығы 10 метрден аспайды және ол тұтастай қатты отынмен қозғалатын болады. Оның пайдалы жүгі 50 кг шамасын құрайды. Егер наноспутник 5 кг болса, біз бір ұшқанда бірден 10 наноспутникті ғарышқа шығара алар едік!

– Наноспутник? Бұл біз үшін жаңа нәрсе. Олардың негізгі артықшылығы неде?

– Спутниктер: ауыр, орташа және шағын болып үшке бөлінеді. Үшіншісі, яғни салмағы 10 кг мен 50 кг аралығын құрайтын шағын спутниктер, соңғы уақытта көбірек сұранысқа ие болып жүр.Сондай-ақ, 5 кг шамасында салмағы бар наноспутниктер те бар. Алғашында көбі бұл наноспутниктерді ойыншық секілді көрді. Алайда, уақыт өте келе пікір өзгерді.

Наноспутниктердің көптеген артықшылықтары бар. Мысалы, оларды орбитадан шығарудың қажеті жоқ, олар өздері-ақ қалдықсыз жанып кете алады, ешқандай қоқыс қалдырмай ғарышта. Және ең қызығы, олар ірі спутниктер секілді ірі тапсырмаларды да орындай алады.

Шығын бойынша да ыңғайлы. Егер протонның бір старты 100 млн. долларға дейін барса, шағын зымыран-тасығыштың ұшуы 5-6 млн. доллардан аспайды. Егер наноспутниктер 2 млн. доллар тұрса, ауыр спутниктер 100 млн., кейде тіпті 200 млн. доллар тұрады. Айырмашылығын сезесіз ба?

Әлемде қазір танымал болып жатқан бір жоба бар, CubeSat деп аталады. Оны калифорния ғалымдары жасап шықты. Өлшемі 10х10х10 см болатын бұл куб-спутник 1 айдан 3 айға дейін қызмет ете алады. АҚШ-та оларды ғарышқа қосымша жүк ретінде шығарылып келді және мектептердің көпшілігінде өз спутнигі болды. Қазір, әрине, АҚШ мұны тоқтатып қойды, дегенмен CubeSat әлі дамып жатыр.

Спутниктің қызмет ету мерзімі оның энергетикалық мүмкіншіліктеріне байланысты. Олардың жанында күннен энергия алатын қуаты жоғары емес бүйір панельдері бар. Бірақ қазір бұл формат өзгеріп, спутниктердің өмірін ұзартатын CapSat, TopSat секілді жаңа сериялар шығып жатыр. Яғни прогресс үлкен қадаммен жүріп жатыр. Қазірдің өзінде Жер бетін 6 см дәлдікпен суретке түсіре алатын наноспутниктер ұсынылуда.

Аппараттан бөлек, минимизация бөлшектерді де айналып өтпеді. Мысалы, бұрын зымырандағы тұрақтылыққа жауапты геродин деп аталатын құралдың салмағы 150-200 кг болатын, қазір оның көлемі 100 теңгелік монетамен бірдей.

– Яғни ауыр спутниктердің өміріне нүкте қойылғаны ма сонда? Бұл туралы ресми түрде жарияламаған еді…

– Ауыр спутниктер ғарышта белгілі бір қауіп төндіреді. Қызмет көрсету мерзімі аяқталғанда оларды пайдаланудан шығарып, Жерге қайтару қажет. Бұл өте күрделі процесс. Көп жағдайда борттағы энергия көздерінде мұндай маневр жасауға қуат жетіспейді. Естеріңізде ма, «Мир» кешенін суға батыру қаншалық ұзақ, әрі қиын болғаны? Айтпақшы, оның ішінде түрлі микроағзалар пайда болды. Оның кейін әрең кетірді. Эксплуатациядан шығарған соң, онда тірі ешнәрсе қалмады деп айтылған болатын. Солай да шығар. Бірақ кешен атмосферадан өткенде толықтай жанбады.

Егер өз мысалымызбен айтсақ, «KazSat 1» салмағы 1,5 тонна, ал «KazSat 2» салмағы 5 тоннаны құрады. Егер кенет бір оқыс жағдай бола қалса, олар ешқашан атмосферада жанып кетпейді.

«Алыс ғарышта жерлеу» деген түсінік бар. Алғашында, ғарыш шексіз үлкен болып көрінген, бірақ шын мәнісінде олай болмай шықты. Жылдан жылға әрбір ел өз спутнигін шығарғысы келді орбитаға. Бұл, сөзсіз, спутник санының тым артуына әкеліп, қауіптілік деңгейін одан ары арттырды. Уақыт өткен сайын олардың өзара соқтығысуы жиілеуде. Мысалы, өткен жылы ресейлік «Экспресс» спутнигі навигация жүйесіне өзге бір спутниктің қалдығы тиіп кеткені үшін істемей қалды. Біздің «KazSat 1» спутнигінде механизмнің дұрыс жұмыс істеп тұрғанын көрсететін құрал қалдықтың соқтығысуы салдарынан істен шығып қалды. Ол қазір ғарышта қалқып тұр және дәл солай өзге спутниктерге, ғарышқа ұшарда қауіп төндіреді.

Тағы бір қызықты факт. Қазір бәрі өздерінің геостационарлық спутнигі болғанын және оның Жер орбитасының белгілі бір нүктесінде тұрғанын қалайды. Алайда, бір мәселе бар. Бізде – жалғыз ғана орбита және онда мүлдем орын жоқ, алып қойған! «Спутниктің тұру нүктесі» деген түсінік бар. Орбитаға алғаш шыққан АҚШ, Ресей сияқты елдер барлық «тұру нүктелерін» өздеріне алып алды. Қытай бұл нүктеге әрең қол жеткізді. Қазақстан бұл нүктені Ресейден сұрайды.

Екінші жағынан, біз Жердің айналасында ғарыштық қоқыс белдеуін жасадық. Бұл белдеу кез келген сигналды тежейді және кез келген уақытта үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Кей адамдар ескі объектілер «ғарыштық молада» орналасқан деп бізді тынышталдырғысы келеді. Алайда, бірнәрсені жоққа шығаруға болмайды. 40 жылдан кейін Жер өзінің гравитациялық күші арқылы ол «моланы» өзіне тартып алуы мүмкін. Сол кезде аспаннан жерге қоқыстар құлайтын болады. Мысалы, егер салмағы 5 тонна ғарыш аппараты жерге құлайтын болса, атмосферада оның 2 тоннасы жанып кетеді де, 3 тоннасы көзделген жерге бәрібір жетеді. 3 тонна түгілі 10 кг заттың құлауының өзі қуатты бомбаның жарылуына тең.

«Кей адамдар ескі объектілер «ғарыштық молада» орналасқан деп бізді тынышталдырғысы келеді. Алайда, бірнәрсені жоққа шығаруға болмайды. 40 жылдан кейін Жер өзінің гравитациялық күші арқылы ол «моланы» өзіне тартып алуы мүмкін.»

– Біршама уақыт бұрын, АҚШ-тағы Space Shuttle жобасы тоқтаған кезде, Байқоңыр адамдарды ғарышқа жібере алатын жалғыз ғарыш айлағы болды. Қазір АҚШ өздерінің жаңа жобасы «Орионды» сынақтан өткізіп жатыр, Ресей «Восточный» ғарыш айлағы құрылысын бітіруге таяп қалды. Болашақта «Байқоңырды» не күтіп тұр?

– Бұрын Қазақстанда ғарыш саласы бойынша ешқандай қолжетімділік болмады, тіпті Байқоңырға да. Қазір, кафедрамыздың Байқоңырда өз алаңы бар, біз ол жерге студенттерімізді іс-тәжірибеден өту үшін жібереміз. Өткен жылы ол жерде 32 студент жұмыс істесе, биыл бұл сан 50-ге ұлғайды. Енді қараңыз, студенттермен бірге іс-тәжірибемен айналыса жүріп байқағанымыз, ол жердегі технологиялық кешендердің басым көпшілігі жаңартылмайды. Біз «Протон» монтаждық-сынақ кешені басшылығына осы мәселе бойынша сұрақ қойған едік, олар «Біз кеткелі жатырмыз, бізге бұл не үшін керек?» – деп айтты.

Әрине, Ресейдің қолдауынсыз бізге өте қиын болады. «Союз», «Прогресс ұшырылатын Гагарин стартында құрал-жабдықтар да белгілі бір деңгейде ескірген. Зымыранның газ өтетін каналында 1,5-2 метрлік жарықті байқадық. Оның үстіне ғарыш айлағына түсетін қысым да жоғары. Старт 15 рет ұшуға арналған, ал ол жерде 50-ден астам зымыран ұшырылды. Дәл осы жерден басқарылатын ғарыш кемелері ұшырылады. Осы старттың жоба авторы – Владимир Бармин деген академик. Ол кісі менің ұстазым болған және мен мұны мақтан тұтамын. Себебі ол жасаған жоба ұқыптылықпен, адал жасалған, механизмдер мен құрал-жабдықтар әлі істеп тұр. Сөйте тұра, мені таңғалдырғаны, Байқоңырдың жетілдірілмеуі.

Мен енді Қазақстанда басталған индустриалық дамуға көп үміт артамын және өзіміздің ғарыштық технологияларымызды жаңа деңгейге шығара аламыз деп ойлаймын.

– Жақсы, негізгі қағидалар жайында сөз қозғасақ. Кемелерді ұшыру жүйесі қалай жұмыс істейді? Біздің қоғам негізінде гуманитарлық салаларға жақын, сол себепті көбін мазалайтын сұрақ – алып ғарыш кемелерін ғарышқа ұшыру үшін қаншалықты қуат керек?

– Ең алдымен бұл – зымыран-тасығышқа байланысты. Оның сұйық және қатты отынмен қозғалатын екі түрі бар. Сұйық отынды пайдаланатын зымыран-тасығышты жасау өте қиын. Зымыранның бір деңгейінің өзінде екі отын багы жасалады: тотықтырғыш және жанғыш. Сосын отынды жану камерасына дейін  тасымалдау керек. Ол үшін арнайы «турбонасос», «пневмо-гидро арматура» сынды құралдар бар. Сондай-ақ, зымыран қозғалтқышы ішінде температура мен қысым өте жоғары екенін де ұмытпау қажет. Оны өте берік етіп жасаған жөн. Және де қозғалтқыш өртеніп кетпеуі үшін сыртқы салқындату жүйесі орнатылады.

Бір қызығы – сіз ешқашан бактағы сұйықтықты толықтай шығарып ала алмайсыз. Мысалы, сіз баклажкадағы суды ішкенде тоқтап, дем аласыз, сосын тағы ішесіз. Себебі сіз су ішу кезінде сумен қоса ауаны да тартып аласыз, ал бұл вакуумның пайда болуына әкеледі. Зымыран бактары да осылай жұмыс істейді. Сұйықтықты толықтай пайдалану үшін қысымы бар, арнайы тороидальді немесе шарлы баллондар орнатылып, бактан сығылып алынған газ орны толықтырылады. Бірақ олардың арасында тікелей байланыс болмауы үшін арнайы мембрана қойылады.

Сонымен қатар, ол жерде отын көлемі өте көп екенін назар аударыңыз, шамамен 300-600 тонна. Сәл қозғалтса болды, статикалық және динамикалық тепе-теңдік бұзылады. Осындай жағдайды болдырмау мақсатында белгілі бір құрал (гаситель) қойылады. Былай қарағанда бак құрылысы жеңіл болып көрінеді. Бірақ ішінде маңызға ие техникалық заттар көп.

Зымыран жасау кезінде ескеру керек бірнеше күрделі факторлар бар. Біріншіден, зымыран беріктігі (корпус) жоғары болуы тиіс. Екіншіден, қабырғаларын тым қалыңдатуға болмайды. Себебі, отынға көп орын қалдыру керек. Үшіншіден, металдың созылмалдылығын ескеру керек. Кез келген металды іліп қойып, сызғышпен өлшеп көрсе, ұзарғанын байқауға болады. Төртіншіден, кернеудің релаксациялану эффектісі – егер де болтты қатты тартып тастаса, біраз уақыттан соң кернеу деңгейінің төмендігін байқаймыз. Ал ол өз кезегінде түйістің әлсіреуіне әкеледі, содан сұйықтық төгіледі де, нәтижесінде жарылыс болады. Осының бәрін бақылау қиын үрдіс. Сол себепті ғарыш айлағында зымырандар жасалмайды. Тек дайын, тексерістен өткен зымырандарды алып келеді.

Зымыран сатылары маңызды орынға ие. Жалпы қанша саты болуы мүмкін және қызметтері бойынша қалай бөлінеді?

Орбитаға нысан шығаратын зымыран-тасығыштардың басым бөлігі 2 сатылы. Сонымен қатар 3-ші қосымша сатысы да болады. Ол қажетті жұмыс орбитасына шығу үшін пайдаланылады.

Алғашқы екі сатысы үнемі жұмыс істейді, ал 3-саты қажет кезде ғана іске қосылады. Оны бірнеше рет өшіріп-қосуға да болады. Нысаны бар зымыран орбитаға көтерілгеннен кейін орбита бойымен керекті нүктесіне дейін ұшып барады. Осы мақсат үшін 3-саты пайдаланылады.

Қажетті орбитаға жеткеннен кейін серікке жылдамдық беретін блок керек болмай қалады. Алғашқы импульс арқасында серік белгілі бір көлемдегі айналу жиілігін сақтап қалады. Ал кейін аэродинамика заңдарына сәйкес Жерді айналуы тұрақты болып қалады.

Алғаш серіктерде қосымша қозғалтқыш болған. Себебі, ол ұшу бағытын жөндеп отыруға қажетті болған. Уақыт өткен сайын Жердің тартылыс күші оларды өзіне тартып алып отырды. Соған байланысты орбитадан жиі ауытқыған. Қосымша қозғалтқыштары серікті кері қайтарып отырды.

– Бағдарламаларда не киноларда ұшуларды басқаратын орталықта компьютер алдында күні-түні отырған операторлар бейнесін көреміз. Серіктер мен кемелерді басқару қалай жүзеге асады?

– Егер зымыран жайында айтатын болсақ, оған біз 200-дей құрылғы (датчик) орната аламыз. Әрбір құрылғы электрлік жүйеге қосылады. Сол арқылы аналогтық сигналдар беріліп тұрады. Ал сигналдарды екілік жүйеге айналдыру үшін қосымша дискретті-жіберуші құрылғы орнатылады. Осы сигналдарды борт компьютері өңдейді. Кейін телеметрия жүйесі көмегімен әрбір блоктың әрекеті туралы ақпаратты Жерге жібереді. Зымыран блогтарының жекелеген электронды мекенжайлары болады.  

Соғыс зымыранында бұл жағы жеңілірек. Егер де жағдай ушығып бара жатса, зымыранда өздігінен жойылу режимі іске қосылады. Ғарыштық жүйелерде бұл жүйе қазір жоқ. Ол керек те емес осы таңда.

Негізінде барлық деректер телеметрия жүйесі арқылы беріледі. Күндіз батарейкалар күнге, ал антена Жерге қарайтындай етіп орналастырылады. Ал түнде нақты бір жұлдыз арқылы бағыт ұстайды. Бағыт ұстайтын жұлдызды таңдау мақсатқа байланысты болады. Әркім өзіне ыңғайлысына назар қояды.

Ұшуды тұрақтандыру жүйесі негізінде гироскоп пайдаланылады. Координаталардың Декарттық жүйесінде үш ось болады. Әрқайсысына 2 гироскоптан келеді. Біреуі негізгі және екіншісі – көмектесуші. Әскери кешендерде бір оське келетін гироскоптар саны 7-ге дейін барады.

Менің ойымша, қазіргі ғарыш аппаратын құрастырушылардың қателігі – артық салмақты азайту үшін қосымша жүйелерді орнатпайды. Егер де бір жүйе істен шықса, онда серік жоғалды дей беріңіз.

65 млрд теңге тұратын неміс серігі туралы айтқан кезде оның қызмет ету уақыты 7 жыл деп қалдыңыз. Бұл аппараттың ең ұзақ жұмыс істеуі ме сонда? Осылай жалғастыра берсек жаңа ғаламшарлар мен қара құрдымдарды игеруге дейін әлі ұзақ секілді.

– Бұл жағдайда шекараны нақты бөліп көрсету керек. Яғни, 7 жыл кіші аппараттарға қатысты. Оған негізгі әсер етуші – аккумулятор батарейкасының қызмет ету уақыты. Ал ол өз кезегінде «заряд-разряд» цикліне тікелей байланысты. Цикл аз болған сайын жұмыс істеу уақыты да қысқара береді. Ең ұзаққа шыдайтын батарейкалар күмістен жасалады және олардың өзі 7 жыл қызмет істейді. Кейбір БАҚ KazSat 2-нің қызмет ету ұзақтығы 12 жыл деп жеткізеді. Бұл әрине қате дерек. Осындай ұзақ болуы үшін аккумуляторды тыныш режиміне өткізу, не қосымша аккумулятор қою керек. Құрастыру кезінде әрбір грамм маңызды екенін ескерсек, мұның мүмкін емес екендігін айтуға болады. Адамдар тұратын кешендерде мұны істеуге болады. Себебі, оларға әрдайым жаңа аккумуляторды жеткізіп тұрады. Ғарыш аппараттарына келсек, ескісінде бірдеңе ауыстырғанша жаңа серікті жіберген тиімдірек.

Халық арасында танымал «Ғарыш лифті», «Ғарыш көпірі» сынды жобалар жайында пікіріңіз қандай?

– Қазір фантастикалық жобалар баршылық. Мысалы, ғарыштық қоқысқа айналған, жұмыс істемей тұрған серіктерді жинау секілді. Осындай жобаларды, мен, фантастикалық деп атаймын, себебі олардың шығындары өте көп, олар салынған қаржыны ақтамайды.

Мен инженер-құрастырушымын және мұндай әрекеттерге прагматикалық көзқарас тұрғысынан келемін. Идея қаншалықты іске асырылады? Бір кездері, мен, жел энергетикасымен айналыстым. Соның аясында 3000-ға жуық патентті зерттеп шықтым. Олардың 95% іске аспайды. Механизм күрделі болған сайын тезірек сынады. Не істемей қалатынын ешқашан біле алмайсың. Мұнда да дәл солай.  

– Соңғы уақыттарда Күн жүйесінің ғаламшарларына ғарыш аппараттарын жіберу туралы жаңалықтар жиі шығып жүр. Сонда олар ерекше аккумуляторларды пайдалана ма? Мүмкін бұл технологияларды смартфон жасауда пайдалану керек шығар?

– Ұзаққа шыдаудың екі нұсқасы бар: аккумулятор тыныштық күйіне өтеді немесе аккумулятор отырып қалады және энергияны сыртқы көздерден қабылдайды. Аппарат қараңғы жақта болғанда істемейді. Жарық көзі пайда болған кезде қайта іске қосылады. Атап өтетін жағдай, алыс қашықтыққа ұшатын аппараттар үнемдеу режимінде жұмыс істейді. Жер қасындағы серіктер болса толық режимде жұмыс істей береді.

Осы технология телефондарда да қолданылады. Телефонды қуатты үнемдеу немесе тынышық күйіне қоюға болады. Кейін керек кезде қайта іске қосасыз.

– Кішкене философиялық сұрақ: зымыран жасауға не себепші болды: алыс ғарышты игеру ме, әлде жақын жатқан елдерді жою ма?

– Зымыран жасау саласының негізін қалаушылардан бастасақ. Бірінші кезекте – Константин Циолковский. Немістер жағынан – Вернер фон Браун. Көбін атап өтуге болар еді. Бәрінде болған ең алғашқы ой – ғарышты игеру. Мысалы, фон Браун өмір бойы ғарыш туралы армандап өткен. Бірақ, оның өкінішіне орай, ол Гитлер режимі кезінде өмір сүрген. Сол себепті ол «Фау-1» және «Фау-2» соғыс зымырындарын шығаруға мәжбүр болды. Алайда соғыс зымырындарын жасай отырып фон Браун мол тәжірибелік материал жинады. Кейін жинаған тәжірибесі мен материалдарын АҚШ-та пайдаланды. Басында америкалықтар да фон Браунды соғыс зымырандарын жасауға мәжбүрледі. Бірақ түбінде ол  өзінің мақсатына жетті. Орбитаға 90 тонна пайдалы жүк жеткізе алатын «Сатурн-5» зымыран-тасығышын жасап шығарды. Сондай-ақ Ай экспедициясы да фон Браун арқасында болды. Сол себепті, кез келген ғалым бейбіт өнертабыс жасауға талпынады. Ал өлім әкелетін дүние шығару... ол үшін кім болу керектігін елестете алмаймын.

Өз кезінде және қазір де әртүрлі ақпарат көздері америкалықтар Айда болмаған  деген ақпаратты ұсынады. Осы жайында не ойлайсыз?

– Бұл жерде мынадай қағиданы басшылыққа алу керек. Айға барып-қайту үшін қажетті технологиялық негіздер керек. Сол кезде америкалықтарда сондай технологиялық мүмкіншіліктер болды ма? Болды.

Кеңес Одағы да Айға бірінші болып ұшқысы келген. Америкалықтар Айға қонған кезде, КСРО-да Ай модульдері дайын болған. Модульдер ішінде адамдар өмір сүре алатын. Басты мәселе оларды орбитаға шығару еді. Америкалықтар ол мәселені фон Браунның Сатурн-5 зымыраны арқылы шеше алды.  

«Кеңес Одағы да Айға бірінші болып ұшқысы келген. Ай модульдері де дайын болған. Басты мәселе оларды орбитаға шығару еді. Америкалықтар ол мәселені фон Браунның Сатурн-5 зымыраны арқылы шеше алды.»

– Бірақ «Аполлон» миссиясы біткеле бері ешкім Айға барған емес. Бір жетістікке жетіп, кейін одан бас тарту өте өкінішті.

– Иә, бірақ мұндай сапар өте қымбат. Бір Space Shuttle-дың ғарышқа ұшырылуы АҚШ экономикасы үшін $550 млн. тұрады. Үлкен қаржы!

– Үш күн бұрын El.kz әлеуметтік желісінің пайдаланушыларына сізге сұрақтар жазуды ұсындық. Көп сұрақтар қайталана берді. Ішінде Байқоңыр ғарыш айлағы, ғарыш саласының маманына оқу туралы және т.б. сұрақтар болды. Бірақ ішінде бірнеше күтпеген сұрақтар да болды. Соларды тікелей сізге қойсақ деп едік. Соның біреуі: «Біз Жезқазғанда тұрамыз. Ауа-райы бұзылған жағдайда ата-анам Байқоңырдан кезекті зымыран ұшырылды деп айтады. Мен оларға бұл құбылыстар арасындағы байланыстың ғылыми дәлелі жоқ екендігін айтамын. Бірақ соңғы кездері мен күмәндана бастадым. Шынымен де зымыран ұшырылғаннан кейін ауа-райы бұзыла ма?»

– Ғарыш кемесінің ұшырылуы шынымен де ауа-райына әсер етеді. Бірақ та ықпал тек жергілікті деңгейде ғана болады. Вакуумдық бомба мысалында түсіндіріп көрейін. Бомба жарылған кезде вакуум пайда болады. Жарылыс қасында орналасқанның бәрі сорылып кетеді. Осылай құйын туады. Зымыран ұшқан кезде дәл осындай үрдіс орын алады. Жергілікті ауа-райында өзгерістер байқалады, жел пайда болады.

Тағы бір сұрақ. Ғарыш туралы фантастика көресіз бе? Мысалы, «Гравитация» немесе «Интерстеллар»?

– Иә, көремін, бұл өте қызық. «Гравитацияны» көргенмін. Негізі, барлық фильмдерде шынайылық пен көркемдік әсірелеу біте қайнасады. Режиссерлер көркемдік әсірелеусіз кино түсірмейді. «Гравитацияда» көбі шынайылыққа жақын. Бірақ ойдан шығарылған кадрлары да бар. Жалпы, қазіргі ғалымдардың басты мәселелерінің бірі – «Эйнштейннің бірегей өріс теориясы». Ол бойынша, нысан жерден көтерілген сайын гравитация әлсірей береді. Антигравитациялық қозғалтқыш жасау үшін әлемнің барлық ғалымдары еңбек етіп жатыр. Егер олар оны жасайтын болса, авария мен қар түсуі (снегопад) сынды мәселелер өздігінен шешілер еді. Марсқа жету, тасымалдағыштар секілді қиындықтар бір мезетте шешілер еді. Біз гравитациялық импульс пен Марстың тартылыс күшін пайдалана алар едік.

Мына сұрақ бізге қатты ұнады: «Күн жүйесінің кез келген ғаламшарына бару мүмкіншілігі болғанда, қайсысына барар едіңіз?»

– Егер ұшатын болсам, тек Марсқа ғана. Басқалары керек емес. Басқа ғаламшарларда газдар мен тастар ғана. Сонымен қоса оларда атмосфера да кездеспейді. Тірі қалудың мүмкіндігі жоқ. Бірақ ғарыш нысаны ретінде маған Юпитер қызық.

Айтпақшы, америкалық «Вояджер» серігі Жерден 19 млрд. шақырым қашықтықта ұшып барады. Күн жүйесінің шекарасынан да асып кетті. Қалай ойлайсыз, серіктен сигналдар келуі қашан тоқтайды? Және де болашақта «Вояджерді» не күтіп тұр?

– Жерден қашықтаған сайын келетін сигнал әлсірей береді. Осыған дейін айтқанымдай, алыс қашықтықтағы ғарыш кемелері мен серіктері өз аккумуляторларын күннен қуаттандырады. «Вояджер» жеткендей ұзақтықта ешкім болмағандықтан, болашақта онымен не боларын ешкім нақты айта алмайды. Гравитация әсерінен оның Күн жүйесіне қайтып келуі әбден мүмкін.

Яғни, «Вояджер» кометалар секілді мәңгілік кезушілердің біріне айналады. Белгілі уақыт аралығында біздің координаттарға қайта келіп тұрады демекшісіз ғой. Осыдан туатын сұрақ: комета Жерге жақындаған жағдайда біз қорғана аламыз ба? Кейбір ғалымдар кометаларды жоюда лазерлер мен ядролық қаруды пайдалана аламыз дейді. Ал біреулері арнайы аппараттар арқылы кометаның ұшу траекториясын өзгерте аламыз деген пікір білдіреді.

– Радиусы 1 шақырым кометамен соқтығысу Жер үшін үлкен зардап әкеледі. 10 шақырымдық комета жаһандық апатқа әкеледі. Ал астероидтардың басым бөлігінің радиустары 100 бен 200 км аралығында. Сол себепті, астрероидпен соқтығыссақ, түр ретінде жойылып кетеміз.

Осындай оптимистік нотада сұхбатымызды аяқтасақ. Сізге алғысымызды білдіреміз. Мағыналы әрі қызық сұхбатыңыз үшін рахмет! Бұл сұхбат көпшілік үшін ғарыштың жаңа көкжиегін ашты деп сенеміз. Ал жас оқырмандарымыз үшін болашақта мамандық таңдауына әсер етеді деген ойдамыз.



Азамат БАЙ
ҒАЛИЕВ, Дархан ӨМІРБЕК, Нұрғазы ӘБЖАНОВ

 

 

Ұқсас материалдар