«Мерейлі отбасы» конкурсының критерийлері анықталды

20.06.2016 2743
Ұлттық конкурс

Отбасы институтын, адамгершілікті, руханилықты, отбасыларды дәріптеу және кеңінен насихаттауға бағытталған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының талаптары анықталды. Байқауға еңбек, спорт, шығармашылық, интеллектуалдық және ғылым салаларында жоғары жетістіктерге қол жеткізген отбасылар қатыса алады. 

Байқау 3 кезеңнен тұрады: аудандық (қалалық), облыстық, республикалық.

Жергілікті атқарушы органдар өңірлік деңгейдегі ұлттық конкурстың жеңімпаздарын айқындау бойынша өңірлік, аудандық (қалалық) комиссиялар құрады.

Қалалық комиссия аудандық комиссиялардан материалдарды алған кезден бастап бір айдан аспайтын мерзімде екі үздік отбасын іріктеуді жүргізеді, және облыстық конкурстың жеңімпаздары айқындалғаннан кейін құжаттарды ұлттық комиссияға жібереді.

Конкурсқа қатысуға өтінім (төменде тіркелген құжаттан жүктеуге болады) аудандық комиссияға мынадай құжаттармен бірге беріледі: ата-аналардың (қорғаншылардың, қамқоршылардың) жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері, балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелері; асырап алушы (қорғаншы) отбасылар үшін — жергілікті уәкілетті органның кәмелетке толмаған балаға қорғаншылықты (қамқоршылықты) белгілеу туралы шешімінен үзінді көшірме; неке қию туралы куәліктің көшірмесі; ата-аналарының біреуі қайтыс болған жағдайда, қайтыс болу туралы куәліктің көшірмесі; балаларды тәрбиелегені үшін алған көтермелеулердің, белгілі бір жетістіктері үшін алған көтермелеулердің бар екенін куәландыратын құжаттардың көшірмелері; балалардың, ата-аналардың (қорғаншылардың, қамқоршылардың) жұмыс (оқу) орнынан анықтамалар және мінездемелер; ұсынымдар (әріптестерінің, көршілерінің, достарының); отбасы мүшелерінің еңбектегі, спорттағы, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жоғары жетістіктерін куәландыратын құжаттардың көшірмелері.

Айта кетейік, өңірлік және аудандық комиссиялар үздік отбасыларды айқындау туралы шешім қабылдау кезінде отбасы мүшелері жетістіктерінің саны мен маңызы; отбасылық дәстүрлер және жәдігерлер; отбасының рухани-адамгершілік кұндылықтары; балаларының жетістіктері; ата-аналарының үлгі тұтарлықтай жетістіктері сияқты критерийлерді басшылыққа алады.

Жеңімпаздарды іріктеуге смс-хабарламалар арқылы елдің барлық тұрғындары белсенді түрде қатысады. Көрермендердің басым көпшілігі дауыс берген отбасыға «Мерейлі отбасы» лауреаты атағы, диплом мен ерекшелік белгісі (мүсінше) беріледі.

 

Еске салайық, конкурсқа қатысуға өтінімдер тиісті құжаттар қоса тіркелген арнайы нысан бойынша аудандық әкімдіктердің ішкі саясат бөлімдері мен Астана қаласының Ішкі саясат басқармасында 2016 жылғы сәуірдің 1-нен 30-на дейін қабылданады.

Өткен жылғы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына 2285 жанұя қатысқанын айта кеткен жөн. Оның 1700-ден астамы ауыл тұрғындары. Конкурсқа қатысуға ниет білдерген аталмыш отбасылардың арасынан үздік 16 әулет таңдалып, марапатталған еді. Ұлттық байқаудың жеңімпазы атанған  маңғыстаулық Құлсариевтер отбасы 25 мың 751 дауыс жинаған. 12 бала, 46 немере, 41 шөбере тәрбиелеп отырған бақытты отбасы ұлттық байқаудың ең үздік аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алған болатын.


Тұмар АСЫЛ

Суреттерді түсірген Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

Ұқсас материалдар