Қандастар Ассамблея

Мерекеде «Жерұйық» көрсетілді

03.03.2016 4489
Алғыс айту күні

 

Кеше Алматыда «Алғыс айту күніне» орай, режиссер СламбекТәуекелдің «Жерұйық» фильмі көрсетілді. Бұл шараға Сламбек Тәуекел, сценарий авторы Лаврентий Сон, басты рөлді сомдаған актер Болат Әбділманов, сондай-ақ, Қазақстан Халқы ассамблеясы мен «Қазақфильм» киностудиясының өкілдері қатысты.

«Жерұйық» нәубет жылдарында Қазақстанға Қиыр Шығыс, Поволжья, Кавказ өңірлерінен жер аударылған халықтардың тағдыры, олардың бастан кешкен қиын-қыстау күндері мен қазақ сахарасына қоныстану кезеңінен сыр шертеді. Картинаға сценарист Лаврентий Сонның балалық шағы туралы естелігі негіз болған. Оның айтуынша, «Жерұйық» драмасында өз Отанынан айрылып, бөтен елге айдалған халықтардың трагедиясы суреттеледі.

«Біздің елімізде 130-дан астам этнос өкілдері тұрады. Олардың 62-сі – жер аударылғандар. Қазақ жері 200 мыңнан астам адамның өмірін құтқарған қасиетті мекенге айналды» дейді сценарий авторы. 1937-38 жылдары қазақ жеріне жер аударылған өзге ұлт өкілдерін жергілікті халықтың құшақ жая қарсы алған мейірбан көңілін барынша әспеттеп жеткізген фильмнің жанрын киногерлер халықтық драмаға балапты. Расымен де, фильмнің драма жанрына келетін тұсы көп: туған жерлерінен Қазақстанға күшпен айдалып әкелінген кәрістер, сұм соғыс жалмаған жас ғұмыр, т.б.

Қазақы кеңдік, қонақжайлықты көрсетуді діттеген фильм елімізде тұратын ұлт пен ұлыс өкілдерінің қазақ халқына деген алғысын айшықтайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Қазақфильмге» арнайы ат басын бұрған сапарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халықтарының достастығын дәріптейтін бір фильм керектігін айтқан-ды. Сәл уақыттан кейін-ақ түсірілім жұмыстары басталған «Жерұйыққа» 3 миллион долларға жуық қаржы жұмсалған. Фильм прокатқа шыққанда режиссер Сламбек Тәуекел «3 миллион доллар – осындай ірі масштабтағы тарихи мазмұнды фильм түсіру үшін жеткілікті қаражат. Біз фильмді барынша сапалы түсіруге тырыстық» деген болатын.  

 

Жанр: драма

Түсірген: Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ

Режиссер: Сламбек Тәуекел

Сценарий авторлары: Лаврентий Сон, Сламбек Тәуекел

Рөлдерде: Болат Әбділманов (Орынбай), Назгүл Қарабалина (Сәлима), Нұрқанат Жақыпбай (Жылқыбай), Эдуард Пак (Петр), Яков Ломега (Тейтельбаум), Айка Айдабекова (Қарагөз), Сергей Петров (Потапыч), Әнуар Нұрпейісов (Теміржан), Бағлан Әбдрайымов (Уәлижан), Мұхитжан Ізімов (Икрамжан), Ержан Нұрымбет, Тамара Қосубаева, Алтынай Нөгербек, Тілектес Мейрамов, Татьяна Цой.

Алғыс айту күні – Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төгіп, қиындықтарды бірге еңсерген барлық отандастарымыздың бір-біріне құрмет білдіретін күні.

Естеріңізге сала кетейік, биыл 14 қаңтарда Елбасы Н. Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні – 1 наурызды елімізде «Алғыс айту күні» деп жариялап, № 173 Жарлыққа қол қойды. Енді бұл күн Елбасы атап өткендей, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі болмақ.


Әзірлеген Айбота Өтеулі