Мемлекеттік гранттарға ие болған үкіметтік емес ұйымдар белгілі болды

28.09.2016 1831
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы

Елімізде үкіметтік емес ұйымдарға 11 бағыт бойынша мемлекеттік гранттар тапсырылды. Байқауда 10 үкіметтік емес ұйым жеңіске жетті. Бұл туралы BNews.kz студиясында «ҮЕҰ-ға арналған гранттар: кімге және қандай мақсатта беріледі?» деген тақырыпта өткен онлайн-конференцияда «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Өтешев мәлімдеді.

«15 тамызда үкіметтік емес ұйымдар арасында өткен конкурстың аяқталғанын жариялаған болатынбыз. Конкурс 11 бағыт бойынша өткізілді. Оған 66 ұйымнан 88 өтініш келіп түсті. Конкурсты тиісті дәрежеде өткізуге тырыстық. Біз жүргізген техникалық тексерістен кейін 88 өтініштің тек 4-уі өте алмады. Ал 3 ұйымның құжаттары толық емес. Конкурс бір уақытта ықшамды түрде өткізілді», – деп атап өтті Н.Өтешев.  

Комиссия мүшелері жобаларды 10 критерий бойынша іріктепті. Оған жобаның мақсаты, міндеті мен құны кірген.

«Конкурста жарияланған тақырыптар бүгінгі күні өзекті болып табылады. Сондай-ақ, байқаудың бағыттарын біздің орталық нақтылады. Кейін ол ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің қарауына жіберілді. Аталмыш комитет біздің жалғыз құрылтайшымыз және акционеріміз болып табылады», - деп толықтырды төраға.

Сонымен қатар Нұрлан Өтешев конкурс үшін арнайы комиссия құрылғандығын айта кетті.

«Ереже бойынша конкурсты бірден ұйымдастыруға болмайды. Алдымен сарапшылардан құралған комиссия құрамыз. Оның 70%-ы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері. Іріктеу жүргізілді. Нәтижесінде 10 адам сарапшы комиссиясына алынды. Олардың қатарында Мәжіліс депутаттары Серік Сейдуманов пен Мұхтар Ерман бар. Сондай-ақ, комиссияның құрамына беделді ҮЕҰ мүшелері Шолпан Байболова, Талфи Каримов, Елена Ким, Виталий Кулик, Алмагүл Сәлімбаева Қанат Сахариянов, Әлия Хаматдинова, Самал Шәкірова сынды азаматтар,  сондай-ақ комиссия құрамына дауыс беру құқығынсыз біздің ұйымның менеджері Дәметкен Уалиева кірді. Осы азаматтар тиісті шешім шығарды», – деді төраға.

Сөз соңында Нұрлан Өтешев 11 бағыт бойынша жеңіске жеткен үкіметтік емес ұйымдарды атады.

«Мемлекеттік грантқа ҮЕҰ арасында жүргізілген конкурста төмендегі мекемелер жеңіске жетті:

1. Азаматтық форумдарды өткізу және жалпы ұлттық диалогты дамыту және азаматтық қоғамның мембасқару процесіне қатысуы бойынша мемлекеттік грантты «Қазақстанның Азаматтық альянсы» жеңіп алды. Жобаның құны – 30 млн теңге.

2. Ақпараттық-сараптамалық жұмыстарды ұйымдастыру және Қоғамдық кеңестердің қызметін үйлестіру жөніндегі әдістемелік орталық бағыты бойынша 15 млн тенге «Қазақстанның Азаматтық альянсы» қоғамдық ұйымына бұйырды.

3. Ұлтаралық келісім және қазақсандық біртектілікті нығайту бағыты бойынша Қазақстан Халқы Ассамблеясы 14,5 млн теңгеге ие болды.

4.  Азаматтық қоғамды нығайту және аймақаралық ҮЕҰ арасындағы ынтымақтастық бағыты бойынша 14,5 млн теңгені «Камеда» қоғамдық қоры алды.

5. Қазақстандық және халықаралық ҮЕҰ арасында әлеуметтік саладағы өзара әрекеттікті дамыту бағыты бойынша 14,5 млн теңге «Ақпаратты ресурстық орталық» атты қоғамдық қорға бұйырды.

6. Кәсіби және сарапшылар қоғамдастықтары арасында өзара әрекеттестікті кеңейту бағыты бойынша 30 млн теңгені «Саясаттанушылар конгресі» қоғамдық бірлестігі еншіледі.

7. Қазақстан шығармашылық бірлестігіне жағдай жасау бағыты бойынша 25 млн теңгені «Лидер» қоры алды.

8. Қазақстандағы гендерлік теңдікті дамыту бағыты бойынша 8,8 млн теңгені «Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы» жеңіп алды.

9. Қоғамдық медиация институтын дамыту бағыты бойынша Халықаралық құқық қорғау орталығы жеңімпаз атанды. Жобаның құны – 30 млн теңге.

10. Балалар және жастар құқын қорғау бағыты бойынша 10 млн теңге «Қазақстан жастар конгресі» ұйымына берілді.

11. ҮЕҰ-лардың әлеуетімен жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамыту бағыты бойынша 9,8 млн теңгені «Трансперенси Қазақстан» қоғамдық қоры олжалады», - деп түйіндеді сөзін басқарма төрағасы.


Дәурен ЕРБОЛАТ

 

Ұқсас материалдар