Қандастар Ассамблея

Мемлекеттік білім грантын жеңіп алу үшін мамандықты қалай таңдау қажет?

22.06.2015 5210
Мемлекеттік білім грантын жеңіп алуға арналған конкурстың шарты бойынша бір талапкер 4 мамандықты белгілей алады. Бұл мектеп бітірушісі жинаған ҰБТ ұпайын тиімді пайдалануға мол мүмкіндік береді.

Ұлттық бірыңғай тестілеуден бәрі бірдей жоғары балл жинай бермейді, орташа жинайтындар да бар. Олардың мемлекеттік грантқа түсуге деген мүмкіндіктері өте көп. Бастысы конкурсқа қатысарда мамандықтықтарды дұрыс белгілеу. Мемлекеттік білім грантын жеңіп алуға арналған конкурстың шарты бойынша бір талапкер 4 мамандықты белгілей алады. Бұл мектеп бітірушісі жинаған ҰБТ ұпайын тиімді пайдалануға мол мүмкіндік береді. Осыған қарамастан, жап-жақсы балл жинай отырып, қолда тұрған гранттан айырылып қалатындар жиі кездеседі. Есесіне, салыстырмалы түрде төмен көрсеткішке қолжеткізгендер дұрыс таңдау жасап, мемлекет ақысынан оқу мүмкіндігіне ие болып жатады. Бар мәселе тиісті мамандықтарды белгілей білуде.

Ескерту, мақала қайтсем де мемлекеттік грантты жеңіп алуым керек деген жастарға арналады.

Оқуға түсу балының жоғары не төмен болуына әсер ететін негізгі фактор – Сіз таңдағалы отырған мамандыққа деген сұраныс.

Осы себепті, ең алдымен конкурс парақшасына 4 мамандықты белгілемес бұрын, сол мамандықтарға деген сұраныстың қандай деңгейде екенін анықтап алған жөн. Ол үшін алдыңғы жылдардағы мемлекеттік грант иегерлерінің тізіміне сараптама жасау қажет.

Бұл жерде ескере кететін бір жайт, алдыңғы бір жылмен шектелмеген жөн, 5 жылды қатар алыңыз. Өйткені, тапсырушылардың бәрі дәл Сіз секілді ойлап, былтырғы кезде түсу балы аз мамандықтарға тапсырып, сол мамандықтарға деген биылғы сұранысты арттырып жіберуі де мүмкін. 5 жыл мерзімін қарасаңыз, сіз мамандық таңдау циклін көре аласыз. Бұл біршама сенімділік береді.

Егемен Қазақстан газетінің сайтынан немесе Ұлттық кітапханалардың мұрағатынан қарауға болады.

Талдау жүргізгеннен соң ғана барып, тиісті мамандықтарды таңдауға кірісіңіз. Есіңізде болсын, Сіз 4 мамандық таңдай аласыз, яғни 4 мүмкіндігіңіз бар және төртеуіне де түсу балы төмен мамандықты жазу міндетті емес.

Жинаған ұпайыңызға байланысты әртүрлі пропорцияны ұстануға болады.

90-100 балл (мүмкін болған 100 балдан): 2 (жоғары) - 1 (орташа) - 1 (төмен)

80-90 балл (мүмкін болған 100 балдан): 1 (жоғары) - 2 (орташа) -1 (төмен)

70-80 (мүмкін болған 100 балдан): 0 (жоғары) - 2 (орташа) - 2 (төмен)

Қажетті пропорцияны ұстану арқылы тәуекелді барынша азайтуға болады.

Сонымен қатар, ауыл квотасын да ұмытпаған жөн. Ауыл мектебін бітірген жастар аталмыш жеңілдікті пайдалана отырып, бірқатар мамандықтар бойынша төмен балмен оқуға түсе алады.

Құжат тапсырар кезде, Сіздің жағдайыңызды жеңілдететін барлық деректі көрсетіңіз: мүгедектік туралы, ата-ананың мүгедектігі, ата-ананың біреуінің болмауы және т.б.

Құрметті талапкерлер! Егер көтерілген мәселе аясында сұрақтарыңыз болса, «Пікірлер» бөлімінде қалдыра аласыз.


Дәурен Омаров

Ұқсас материалдар