Қандастар Ассамблея

Мемлекет басшысы БҰҰ саммитінде Қазақстанның басты жетістіктерін атап өтті

28.09.2015 3133
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йоркте БҰҰ-ның 2015 жылдан кейінгі даму саласындағы күн тәртібін қабылдау саммитіне қатысты.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йоркте БҰҰ-ның 2015 жылдан кейінгі даму саласындағы күн тәртібін қабылдау саммитіне қатысты. Сессия аясындағы «Пост-2015» саммитінде сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Орталық Азия елдері Арал теңізі мен Семей ядролық сынақ полигонының экологиялық проблемаларымен күресте көмек күтетінін жеткізді.

Саммит барысында 2015 жылға дейінгі дамудың негізгі мақсаттары мен міндеттері көрсетілген Мыңжылдық декларациясын орындау жөніндегі шаралар нәтижесі талқыланды. Сондай-ақ шараға қатысушылар 2015 жылдан кейінгі кезеңге арналған даму саласының күн тәртібін қабылдады.

«Қазақстан мыңжылдықты дамыту мақсаттары мен міндеттерін орындауда жақсы жұмыс істеді.  Бүгінгі күні атқарылған жұмыстар жайында айтуға болады.  Біріншіден, біз мемлекеттілік негізін нығайттық, азаматтық қоғам дамуы үшін жағдай жасадық. Екіншіден, елдің ЖІӨ-сі 19 есе өсіп, біздің халқымыздың жан басына шаққандағы табысымыз 13 мың АҚШ долларына жетті. Үшіншіден, қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 71 жастан асып жығылады. Кедейшілік деңгейі 34-тен 4 пайызға,  11 есеге төмендеді. Ана мен бала өлім-жітімі деңгейі 65 пайызға азайды. Біз ЖИТС, безгек, туберкулез сынды аурулармен күресте айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік», – деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті  төртіншіден, Қазақстан парникті газдар шығарындыларын қысқартып, ғаламшарымыздың биологиялық алуантүрлілігін сақтау үшін қамқорлық жасап отырғандығын баса атап өтті.

«Біздер «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасын бекіттік. Жоғалып бара жатқан Арал теңізінің проблемасы тек біздің өңірге ғана емес, сонымен бірге бүкіл әлемге қауіп төндіруде. Оның тартылуы салдарынан жыл сайын 75 млн. тоннаға дейінгі шаң-тозаң мен улы тұзды жел әуеге көтеруде. Бүгінде олар Еуропада, тіпті Антариктида да табылуда. Дүниежүзілік банктің қолдауымен біздер Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіре алдық», – деді Н.Назарбаев.

Сонымен қатар Елбасы Қазақстан БҰҰ-мен және халықаралық қоғамдастықпен бұрынғы Семей ядролық полигоны аймағын қалпына келтіруде белсенді ынтымақтаса жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. «Орталық Азия елдері өңірдің аталған экологиялық проблемаларымен күресу үшін көмек күтеді», – деді ҚР Президенті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы АҚШ-тың ірі компанияларының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында компаниялардың Қазақстан экономикасының бұдан әрі дамуына қатысу аясын кеңейту жолдары мен Астана халықаралық қаржы орталығын құру бағытындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктері талқыланды. Іс-шараға Guggenheim, JP Morgan, Pfizer, Blackstone және басқа да жетекші компаниялардың, қорлар мен қаржы институттарының басшылары қатысты.

Қазақстан Президенті Американың бизнес өкілдеріне Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы қалыптасуы мен дамуы жөнінде, сондай-ақ реформаларды жүзеге асырумен қатар, республиканың халықаралық аренадағы беделін нығайту жолындағы қазіргі табыстары туралы әңгімеледі. Егемендіктің алғашқы жылдарында бірқатар америкалық компаниялар өз әрекеттері арқылы Қазақстанға тиімді инвестиция салудың үлгісін көрсеткені атап өтілді.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ бүгінде АҚШ компаниялары іс жүзінде экономикамыздың барлық саласына қатысып отырғанына назар аударды.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті ел алдына қойылып отырған қазіргі маңызды міндеттерге де егжей-тегжейлі тоқталды. Олардың қатарында Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру, инвестициялық ахуалды жақсарту шаралары, экономикаға мемлекеттің қатысуын азайту және «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы ауқымды инфрақұрылымдық құрылыс жұмыстары аталды.

Алдағы ЭКСПО-2017 көрмесіне және  соның аясында Астанада халықаралық қаржы орталығын құру мәселесіне айрықша назар аударылды.  Мемлекет басшысы АҚШ компаниялары осы жобаларға белсене қатысатынына сенім білдірді.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев кездесуге қатысушыларды өзара тиімді негіздегі ынтымақтастықты дамыту ісіне атсалысуға шақырды.

Кездесуде сөз алған бизнесмендер елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру және әрі қарай даму үшін қажетті құқықтық, институционалдық, инфрақұрылымдық негізді нығайту бағытындағы Қазақстанның күш-жігерін жоғары бағалады.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Ұқсас материалдар