Қандастар Ассамблея

Мемлекет басшысы әскери мамандарды марапаттады

06.05.2016 2643
Отан қорғаушылар күні

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесі қарсаңында қуатты құрылымдарда әскери қызмет атқарып жүрген  офицерлерді мемлекеттік наградалармен марапаттады.

«Отан қорғаушы күнімен және Ұлы жеңістің 71 жылдығымен барлығыңызды шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі мереке – ата-бабамыздың бізге мирас қылған ерлік дәстүрін жалғастыратын кезең. Ел ерлігімен еңселі дейді xалқымыз. Біз кешегі баһадүр бабаларымыздың ерлік ісін жалғаған ұрпақпыз. Елдің тыныштығы, тұрақтылықты сақтау – бәріміздің қасиетті жауапкершілігіміз. Бірлігіміздің арқасында аспанымыз ашық, заманымыз тыныш. Осындай бейбіт заманда да ерлік жасауға болатынын дәлелдеген азаматтар бар. Өз басын қатерге тігіп, адамды өлімнен құтқарған Данияр Қалиев ерлігі үшін медалімен марапатталады. Арамызда ел қауіпсіздігін нығайтуға зор үлес қосып жүрген өзге азаматтар да бар. Соның бірі xалықаралық аренада танылған Әсем Жакенованы ерекше атап өткім келеді. Жоғары жетістіктермен көзге түскен ол «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Сіздер әскери қызметпен бірге азаматтық парызды абыроймен атқарып жүрсіздер.  Ел сүйсінген ерліктеріңізбен жас ұрпаққа үлгісіздер. Жастар сіздерге қарап бой түзейді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы «Fokker - 100» әуе кемесінің командирі Дмитрий Родин мен Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығының штаб бастығы – 6505 әскери бөлімі командирінің бірінші орынбасары Қайрат Үмбетовке Қазақстан Республикасына сіңірген еңбегі, әскери және қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Халық қаһарманы» және Алтын Жұлдыз бен «Отан» орденін тапсырды.


Әзірлеген Айша КЕРЕЙ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас материалдар