Қандастар Ассамблея

Медицина саласының үздік қызметкерлері марапатталды

19.06.2015 4089
Бүгін Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін «Медицина қызметкері» күніне арналған салтанатты жиын болды.

Бүгін Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін «Медицина қызметкері» күніне арналған салтанатты жиын болды. Шара аясында 12 аталым бойынша өткізілген «Кәсібінің үздігі» республикалық байқауының жеңімпаздары дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Салтанатты жиынға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова, ҚР Парламент депутаттары, көрнекті қоғам қайраткерлері және еліміздің медицина қоғамдастығының өкілдері қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Ардақты ақ халатты абзал жандар! Әрбір мемлекеттің дамуы, болашағы оның адами капиталына байланысты. Дені саудың – жаны сау. Сондықтан, әрбір мемлекет өзінің болашағы үшін денсаулық сақтау саласына үлкен көңіл бөледі. Біздің елімізде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қандай көңіл бөліп отырғанын өздеріңіз жаңағы көріністен көрдіңіздер, күнделікті өміріңізде көріп, біліп жүрсіздер. Біздің елімізде "Саламатты Қазақстан" бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Осы бағдарламаның арқасында мыңдаған қазақстандықтар өздерінің денсаулықтарын жақсартып жатыр. Мемлекеттің көмегі әрбір өңірде жүзеге асып жатыр. Тек қана, осы соңғы 2 жылдың ішінде жаңадан 600-ден аса медициналық ғимарат салынды. Медицина салсына бөлінетін қаржы бір жарым есеге өсіп, қазір 900 млрд. көлемін құрап отыр. Қазіргі уақытта Қазақстанда қиын да күрделі, бұрын біздің республикамызда жасалмайтын операцилардың бәрін де өзімізде жасауға жағдай бар. Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Атқарып жатқан еңбектеріңізге үлкен рахмет айтамыз. Біздің еліміздің дамыған 30 мемлекеттің қатарына енуі бірден-бір сіздерге байланысты. Неғұрлым қазақстандықтардың денсаулықтары мықты болса, олардың еңбек әлеуеті де арта түседі. Сондықтан, Сіздердің атқарып жатқан қызметтеріңізге, тағы да, мың да бір рахмет.

Сөз соңында Бердібек Сапарбаев мырза Гүлсім Қалибекқызы мен Назыгүл Жарасқызына ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтың арнайы жүлдесін тапсырды.

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:

Кейінгі жылдары ел тұрғындарының денсаулығын қорғау бойынша ауқымды шаралар қабылданып жатқанын, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатының ұлт болашағы үшін жасалып жатқан қамқорлығының арқасында екенін атап өткен жөн деп ойлаймын. Құрметті әріптестер, медицина қызметкерлері күні қарсаңында сіздерді және сіздер арқылы еліміздің түпкір-түпкірінде осы салада қызмет етіп жүрген дәрігерлерді, мейіргерлерді, санитарларды фармацевттерді, денсаулық сақтау саласы үшін кадр даярлайтын ғалымдар мен оқытушыларды кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Сонау Гиппократ заманынан бері адамзаттың тәні мен жанын сауықтыру қиын әрі ізгі іс болып саналады. Кездейсоқ медицина қызметкері болу мүмкін емес. Адамгершілік, мейірбандық, жанашырлық ақ халатты абзал жандардың қанына сіңген қасиет. Халыққа қызмет етіп жүрген адал азаматтарға бүгінгі төл мерекесінде денсаулық, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызда кәсіби сәттілік тілегім келеді.

Салтанатты жиында 12 аталым бойынша «Кәсібінің үздігі» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Олар:

«Үздік дәрігер» - Бақытбек Текіменов, Павлодар облыстық балалар ауруханасының травматологы;

«Үздік ауыл дәрігері» - Қарлығаш Асқарова, БҚО Зеленов орталық аудандық ауруханысының жалпы тәжірибе дәрігері;

«Үздік менеджер – денсаулық сақтау ұйымдастырушысы» - Әнуар Аманов, Алматы қалалық №4 клиникалық ауруханасының бас дәрігері;

«Үздік мейіргер» - Оскана Ткаленко, Қостанай қалалық балалар ауруханасының жансақтау және қарқынды терпия бөлімінің мейіргері;

«Үздік фельдшер» - Қанат Құрманов, Алматы қалалық жедел медициналық жәрдем қызметінің фельдшері;

«Үздік денсаулық сақтау саласының тәуелсіз сарапшысы» - Асқар Рашитов, Ақмола облыстық ауруханасының операциялық блогының меңгерушісі;

«Үздік ЖОО оқытушысы» - Людмила Пивина, Семей қаласының Медициналық мемлекеттік университетінің ішкі аурулар кафедрасының доценті;

«Үздік колледж оқытушысы» - Светлана Сахишева, Республикалық медициналық және фармацевтикалық қызметкерлерді даярлау колледжінің ғылыми-әдістемелік орталығының оқытушысы;

«Үздік түлек» - Анастасия Роговая, Астана медицина университетінің түлегі;

«Үздік ғалым» - Ілияс Әзизов, Қарағанды медициналық университетінің ғылыми-зерттеу орталығының директоры;

«Үздік санитар» - Лаура Насырова;

«Үздік провизор» - Евгений Больгер, «Жаңамед-ПВ» фармацевтикалық компаниясының директоры;

«Мейірім» аталымында КСРО және Қазақ КСР құрметті доноры, қан донациясы саны жағынан әлемде 2 орынды алатын Александр Скаковский жеңімпаз болып танылды. Жеңімпаздарға дипломдар мен сыйлықтарды ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі, ҚР Парламент депутаттары және көрнекті қоғам қайраткерлері табыстады.

2015 жылдың «үздік дәрігері» атанған Павлодар облыстық балалар ауруханасының травматологы әрі нейрохирургы Бақытбек Санатбекұлы ең алдымен бұл мейрамға жеткізген өз әріптестеріне алғысын жаудырды.

«Бұл мен үшін үлкен жетістік. Осы ретте, өзімнің әріптестеріме үлкен алғыс айтқым келеді. Өйткені, олардың берген білімі, айтқан ақыл-кеңестері маған көп көмектесті Онсыз бұндай мейрамға мен қатыса алмас едім деп ойлаймын. Екіншіден, біздің еңбегіміздің жоғары бағалап жатқан Денсаулық сақтау министрлігіне көп-көп рахмет. Бұл сый-құрмет біздерді жаңа жетістіктерге жетелейді», - дейді 13 жыл жұмыс өтілі бар балалар травматологы Бақытбек Текіманов.

«Үздік ауыл дәрігері» атанған БҚО Зеленов орталық аудандық ауруханысының жалпы тәжірибе дәрігері Қарлығаш Асқарова жас маман ретінде мынадай байқауға қатысу үлкен абырой екенін айтты. Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын тәмамдаған Қарлығаш ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартуға бар күшін салуға уәде етті.

Денсаулық сақтау жүйесіне елеулі үлес қосқан еліміздің медициналық қызметкерлері ҚР Үкіметінің алғыс хаттарымен марапатталды.


Материалды әзірлеген: Қаламқас НҰРМАҚОВА

Суреттер авторы: Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

 

Ұқсас материалдар