Қандастар Ассамблея

Марк Цукербергтің өз қызына жазған хаты (ТОЛЫҚ МӘТІН)

03.02.2016 4987
Фэйсбуктің негізін қалаушы және басшысы Марк Цукерберг қызының дүниеге келуіне байланысты жазған хаты

2015 жылдың 2 желтоқсанында атақты Фэйсбук әлеуметтік желісінің негізін қалаушы және басшысы Марк Цукерберг дүниеге Макс есімді қызының келгенін айтып, жары Присцилла Чан екеуі оған арнап жазған хатын жариялады. Басты сенсация – Цукербергтің Фэйсбуктегі акцияларының 99 пайызын немесе 45 миллиард АҚШ долларын келешек ұрпақтың өмірін жақсартуға жұмсайтындығы. Хаттағы негізгі идея – Макстың замандастарына және олардың ұрпақтары бүгінгіден тәуір әлемді, қоршаған ортаны қалдыру. Еl.kz редакциясы хаттың түпнұсқасын қазақ тіліне аударып, оқырман назарына ұсынады. 

Құрметті Макс,

Сен бізге болашаққа деген үміт сыйладың және анаң екеуміз оны сипаттауға сөз таба алар емеспіз. Сенің жаңа өмірің уәдеге толы және соның бәрін толықтай көру үшін сенің бақытты әрі сау болатыныңа сеніммен қараймыз. Сен сондай-ақ біз өмір сүретін әлем туралы ойлануға түрткі болдың.

Барлық ата-аналар секілді, біз де сенің бұдан да жақсы әлемде өмір сүргеніңді қалаймыз.

Жаңалықтар тек бұрыс дүниелерге негізделгенімен, көп жағдайда біздің әлем жақсарып келеді. Денсаулық тәуірленуде. Кедейлік қысқаруда. Білім ұлғаюда. Адамдар арасындағы байланыс күшеюде. Әр саладағы технологиялық прогресс сенің өмірің біздің бүгінгі өмірімізден әлдеқайда жақсырақ болатынын көрсетеді.  

Біз болсақ осының бәрі орындалуына өз үлесімізді қосамыз. Бұл сені жақсы көргеніміз үшін ғана емес. Біз сондай-ақ, келесі ұрпақтағы барлық балалар үшін моральдық жауапкершілік сезінеміз.

Біз барлық өмір бірдей құнды екеніне сенеміз. Бұл әсіресе келешек ұрпаққа қатысты. Біздің қоғам қазір өмір сүріп жатқандарға емес, біздің әлемге келе жатқан жаңа ұрпақтың өмірін жақсартуға инвестиция жасауға міндетті.

Бірақ дәл қазіргі жағдайда біз өзіміздің ресурстарымызды болашақ ұрпақтың үлкен мүмкіндіктері мен проблемаларына әрдайым бағыттай  бермейміз.

Ауруларды қарастырайық. Бүгінде біз сырқаттанудың себебін зерттеуге қарағанда ауру адамдарды емдеуге 50 есе көп уақыт жұмсаймыз.

Медицина шынайы ғылымға айналғанына 100 жетер-жетпес уақыт енді толды және осы арада біз көптеген ауруларды емдеуде прогресске қол жеткіздік, тіпті бірнешеуін біржола емдей алатын болдық.  Технологиялар үдей түскен сайын, келесі 100 жылда қалған аурулардың бәрі емін табатыны шындыққа айналуда.

Бүгінде, адамдардың басым бөлігі бес нәрседен қайтыс болуда: жүрек ауруы, қатерлі ісік, инсульт, нейродегенеративті және инфекциялық аурулар – біз осы аурулар бойынша және өзге де проблемалар бойынша жылдам прогресс жасай аламыз.

Егер біз сенің және сенің балаларыңның ұрпағы аурулардан аман болсын десек, біз барлығымыз көздегенімізді жүзеге асыру үшін болашаққа көбірек инвестиция жасауға жауаптымыз. Сенің анаң және мен осы іске өз үлесімізді қосқымыз келеді.

Ауруларды емдеуге уақыт кетеді. Бес немесе он жылдан тұратын қысқа мерзімдер ішінде айырмашылық сезілмеуі мүмкін. Бірақ ұзақ уақыт аралығында бүгін еккен дәніміз өсіп шығып, күндердің бір күнінде сен және сенің балаларың біздің қиялымыздағыны – аурудан азат әлемді өз көздеріңмен көресіңдер.

Осы секілді мүмкіндіктер өте көп. Егер біздің қоғам өз күшін осы тектес проблемаларды шешуге жұмсаса, біз сендердің замандастарыңа бұдан да жақсы әлемді қалдырамыз.

 ***

Біздің болашаққа деген үмітіміз екі идеяға негізделеді: адамзаттың потенциалын дамыту және теңдікті ынталандыру.

Адамзаттың потенциалын күшейту дегеніміз – адам өмірі сапасының жоғарғы шекарасын бұзу.  

Бізден 100 есе жақсы білім алып, тәжірибе жинай аласыңдар ма?

Біздің замандастарымыз аурулардың емін тауып, сендердің өмірлеріңді ұзақ әрі, салауатты ете ала ма?

Біз, сендердің кез келген идеяға, тұлғаға және мүмкіндікке қол жеткізе алатындай етіп, әлемдік байланыс орната аламыз ба?

Біз, сендер біз елестете алмайтын дүниелерді ойлап таба алу үшін, тазарақ энергияны пайдалана аламыз ба?

Біз, сендер кез келген бизнесті құрып, әлемнің гүлденуі мен көркеюіне кедергі келтіретін барлық проблемаларды шеше алатындай етіп, кәсіпкерлікті дамыта аламыз ба?

Теңдікті ынталандыру дегеніміз – ұлтына, жанұясына немесе өздері дүниеге келген жағдаяттарға қарамастан әрбір адамға осы мүмкіндіктерді қолжетімді ету.

Біздің қоғам мұны әділеттілік пен қайырымдылық үшін ғана емес, адамзат прогресінің айбындылығы үшін  жасауы тиіс.

Бүгінгі таңда біз көптеген адамның потенциалын байлап отырмыз. Толық потенциалға қол жеткізудің жалғыз жолы – әлемдегі әрбір адамның таланттарын, идеяларын және қосқан үлестерін бағыттап отыру.

Біздің ұрпақ кедейлік пен аштықты жоя ала ма?

Біз әр адамды денсаулық сақтау негіздерімен қамтамасыз ете аламыз ба?

Біз инклюзивті және жайлы қауымдастықтар құра аламыз ба?

Біз барлық ұлттың адамдары арасында бейбіт және достық қарым-қатынасты дамыта аламыз ба?

Біз әркімнің, нақтырақ айтқанда: әйелдердің, балалардың,  өз орнын таппаған азшылық топтың, иммигранттар мен байланыстан тыс қалғандардың құқықтары мен мүмкіндіктерін шынайы түрде кеңейте аламыз ба?

Егер біздің ұрпақ дұрыс инвестиция жасай алса, осы сұрақтардың әрқайсысына «иә» деп жауап беруге болады және айтылған мәселелердің бәрі сенің дәуіріңде шешіледі деп сенеміз.

***

Бұл миссия – адамзаттың потенциалын дамыту мен теңдікті ынталандыру – бәрінен осы мақсатқа жетуде жаңа әдісті талап етеді.

Біз 25, 50 немесе тіпті 100 жыл уақытты қамтитын ұзақмерзімді инвестиция жасауымыз қажет. Үлкен қауіп-қатерлер қысқа мерзім ішінде шешілмейді, оларға ұзақ уақыт керек.  

Біз өзіміз қызмет ететін адамдармен жұмыс жасауымыз қажет. Егер біз олардың қажеттіліктері мен тілектерін түсіне алмасақ, біз оларға ешнәрсе бере алмаймыз.

Бізге өзгеріс жасау үшін технология жасау қажет. Көптеген институттар аталған қауіп-қатерлер мен проблемаларды шешуге ақшалай инвестиция жасауда, алайда прогресс инновация арқылы жасалатын өнімділіктен келіп отыр.

Біз пікір алмасу формасын жасау үшін саясат пен үгіт-насихатқа араласуымыз қажет. Көптеген институттар бұған ниетті емес, бірақ прогресс орнықты болу үшін түрлі қозғалыстардан қолдау табуы қажет.

Біз әр саладағы күшті және тәуелсіз көшбасшыларды қолдауымыз қажет. Эксперттермен әріптестік орнату миссияға жетуде өздігімізден әрекет етуден тиімдірек.

Біз ертеңге сабақ алу үшін бүгін тәуекелге баруымыз қажет. Біз үйренудің алғашқы кезеңіндеміз және біз жасаған көптеген нәрселер жұмыс істемейді, бірақ біз үйренуді жалғастырып, дами бермекпіз.

 ***

Жеке білім алу, интернетке қолжетімділік және қауымдық білім беру және денсаулық сақтаудағы біздің тәжірибеміз біздің философиямызды жасап шықты.

Біздің ұрпақ, біздің қызығушылығымыз бен қажеттіліктерімізге қарамастан бәріне бірнәрсені бірдей қадаммен үйрететін, сынып кабинеттерінде өсіп-өнді.

Сендердің ұрпақтарың кім болғыларың келетініне байланысты мақсаттар қоятын болады. Мысалы, инженер, денсаулық сақтау қызметкері, жазушы немесе қауым көшбасшысы.  Сендер өздеріңді қызықтыратын пән бойынша жылдам дамитын боласыңдар және өздерің қалаған сала бойынша көбірек көмек алуға мүмкіндіктерің болады. Сендер бүгінгі мектептерде жоқ тақырыптарды зерттей аласыңдар. Сондай-ақ сендердің мұғалімдерің де сендер өз мақсаттарыңа жете алу үшін қазіргіден жақсы құрал-жабдықтар мен ақпараттарға ие болмақ.

Бұл аз десең, жақсы мектептердің маңында тұрмағанына қарамастан, бүкіл әлем бойынша оқушылар интернет арқылы жеке оқу құралдарына қол жеткізе алатын болады. Әрине, әр адамға  өз өмірін әділетті бастауға мүмкіндік беру үшін оған технологиядан өзге көп нәрсе керек, алайда жеке оқу барлық балаға жақсырақ білім берудегі және бірдей мүмкіндікпен қамтамасыз етудегі негізгі құрал болмақ.  

Бұл технологияны жасауды біз бастап кеттік және нәтижесі жаман емес. Студенттер өз емтихандарын жақсырақ тапсырып қана қоймай, өздері қалаған нәрсені зерттеп-білу үшін  қажетті қабілеттер мен біліктілікке ие болмақ. Бұл үлкен саяхат енді ғана басталуда. Технология мен білім беру сенің әрбір оқу жылыңда күшейе түспек.

Анаң екеуміз студенттерді оқытып көрдік және мақсатымызға жету үшін не қажет екенін көрдік. Әлем бойынша мектептерге жеке оқуды қабылдау үшін білім саласындағы көшбасшылармен жұмыс істеу қажет. Қауымдастықтармен жұмыс жасау қажет және осы себепті біз Сан Франциско шығанағы аймағының қауымдастығымен жұмыс жасауды бастап кеттік. Жаңа технологияларды жасап, жаңа идеяларды дүниеге әкелу қажет. Сондай-ақ, мақсаттарымызға жету жолында қателіктер жіберіледі, олардың бәрінен сабақ алуымыз қажет.

Егер біз өз ұрпағымызға қандай әлем қалдыра алатынымызды ұғынсақ, қоғам ретінде біз, сол әлем дүниеге келу үшін, болашаққа инвестиция жасауға жауаптымыз.

Біріксек, біз мұны істей аламыз. Біз мұны жасағанда, жеке оқу жақсы мектептердегі балаларға ғана көмектесумен шектелмей, интернетке қолы жетететін кез келген адамға тең мүмкіндік береді.

***

Сенің замандастарыңа берілетін үлкен мүмкіндіктердің көпшілігі әр адамның интернетке қолы жетімді болғанда пайда болады.

Адамдар көбіне интернетті көңіл көтеру мен байланысу құралы көреді. Алайда адамдардың басым көпшілігі үшін интернеттің өмірлік маңызы жоғары болмақ.  

Егер сен жақсы мектептің маңында тұрмасаң, ол саған жақсы білім алуға мүмкіндік береді. Егер сен емхананың маңында тұрмасаң, ол саған аурудан қалай сақтану немесе дені сау балаларды қалай өсіру жөніндегі ақпарат береді. Егер сен банктің маңында тұрмасаң, ол сені қаржылық қызметпен қамтамасыз етеді. Егер сен экономикасы жақсы ортада өмір сүрмесең, ол саған жұмыстар мен мүмкіндіктер береді.

Интернеттің маңыздылығы сонша, интернетке қолы жетімді әрбір 10 адам үшін бір адам кедейліктен шығады және бір жұмыс орны пайда болады.

Әлі күнге дейін әлем халқының жартысынан астамы, яғни 4 миллиардтан астам адамның интернетке қолы жетімсіз.  

Егер біздің замандастарымыз оларды байланыстырса, біз жүздеген миллион адамды кедейліктен құтқарар едік. Біз сондай-ақ, жүздеген миллион балаға білім алуға және аурулардың алдын алу арқылы миллиондаған өмірді сақтап қалуға көмектесер едік.  

Бұл да бір ұзақ мерзімді талпыныс және ол технология мен кәсіпкерлік арқылы жүзеге аспақ. Интернеттің қолжетімді болуы үшін және байланыс орнатылмаған аймақтарға интернетке шығу мүмкіндігін беру үшін жаңа технологиялар ойлап табу қажет. Ол үшін үкіметтермен, үкіметтік емес ұйымдармен және компаниялармен әріптестік орнату қажет. Ол үшін қауымдастықтармен жұмыс істеп, оларға не қажет екенін анықтау қажет.  Жақсы адамдар болашаққа нық қадам жасауда әртүрлі көзқарасқа ие және сәттілікке жетуге дейін біз көптеген талпыныстар жасаймыз.

Бәріміз біріксек, біз сәттілікке жетіп, бәрі тең болатын әлем құрамыз.

 ***

Технологиялар проблемаларды өздігінен шешпейді. Бұдан жақсы әлемді құру күшті және дені сау қауымдастықтарды құрумен басталады.

Балалар білім алуға мүмкіндігі болғанда ғана үлкен мүмкіндіктерге ие болады. Және олар дені сау болғанда ғана жақсы білім алады. Сау денсаулық – сүйікті жанұядан, жақсы тәрбиеден, қауіпсіз және тұрақты қоршаған ортадан басталады.  

Өмірінің алғашқы кезеңінен жарақатқа толы тәжірибемен соқтығысқан баланың санасы мен денесінің саулығы нашар дамиды. Зерттеулер көрсеткендей, мидағы физикалық өзгерістер когнитивтік қабілеттердің баяулауына әкеледі.   

Сенің анаң дәрігер және педагог, ол осының бәрін өз көзімен көрді.

Егер сенің балалық шағыңның  дені сау болмаса, өзіңнің бүкіл потенциалыңа жету өте қиын болмақ.  

Егер сен тамағың мен тұратын жеріңе алаңдасаң немесе теріс қылықтар мен қылмыс жөнінде көп ойласаң, өзіңнің бүкіл потенциалыңа жету өте қиын болмақ.  

Теріңнің түсіне байланысты колледжге емес, түрмеге түсуге қорқатын болсаң немесе сенің отбасың заңдық статусына байланысты департацияланады деп уайымдасаң, немесе ұстанған дініңе, жыныстық көзқарасыңа немесе  гендерлік ұстанымыңа байланысты зорлық-зомбылықтың құрбаны боламын деп ойласаң, өзіңнің бүкіл потенциалыңа жету қиын болмақ.

Бізге осы сұрақтардың бәрі бір-біріне байланысты екенін түсінетін институттар қажет. Бұл – сенің анаң құрып жатқан жаңа мектеп түрінің философиясы.

Мектептермен, денсаулық сақтау орталықтарымен, ата-аналар тобымен және жергілікті үкіметтермен әріптестік орната отырып, барлық балалардың тамағы және күтімі бар екеніне көз жеткізе отырып, біз бұл теңсіздіктерді өзара байланысқан түрде қарастыра аламыз. Тек содан кейін ғана біз ұжымдасқан түрде әрбір адамға тең мүмкіндік бере аламыз.

Бұл модельді толықтай дамыту үшін көптеген жылдар керек. Алайда бұл адамзат потенциалын дамыту мен теңдікті ынталандырудың өзара байланысқандығының тағы бір мысалы болмақ. Егер біз мұны қаласақ, біз ең алдымен инклюзивті және дені сау қауымдастықтарды құруымыз қажет.

***

Сенің замандастарың бұдан да жақсы әлемде өмір сүруі үшін біздің замандастар өте көп нәрсе істей алады.

Бүгін сенің анаң және мен өз өмірімізді осы проблемаларды шешуге үлес қосуға арнағалы отырмыз. Мен Фэйсбуктің басшысы ретінде қызмет етуімді көптеген жылдар бойы жалғастыра бермекпін, алайда бұл мәселелер сенің есеюіңді күту үшін тым маңызды. Жас кезден бастау арқылы біз өміріміздің барысында жасаған істеріміздің жемісін көреміз деп үміттенеміз.

Сен Чан Цукерберг жанұясының келесі ұрпағын бастайын деп тұрғандықтан, біз Чан Цукерберг инициативасын бастап, келесі ұрпақтағы барлық балаларға арналған адамзат потенциалын дамыту мен теңдікті ынталандыру жұмыстарына қосылғалы тұрмыз. Біз айналысатын бастапқы сала  жеке оқу, ауруларды емдеу, адамдарды байланыстыру және күшті қауымдастықтарды құру.

Біз Фэйсбуктегі акцияларымыздың 99%, яғни 45 миллиард шамасындағы АҚШ долларын өміріміздің барысында аталған миссияны жүзеге асыруға жұмсайтын боламыз. Бұл осы сұрақтарды шешуге арналған барлық ресурстар мен таланттарға қарағанда соншалықты үлкен үлес емес екенін біз білеміз. Бірақ біз көптеген жылдар бойына қолымыздан келгенін істегіміз келеді.

Біз толық ақпаратпен келесі айларда, перзентханадан шығып, жаңа жанұяның ырғағына үйренген соң бөлісетін боламыз. Сіздерде осының бәрін не үшін және қалай жүзеге асыратынымыз жөніндегі көптеген сұрақ болатынын біз түсінеміз.

Ата-ана атанып, өз өміріміздің келесі кезеңіне ене отырып, біз осының бәрін мүмкін еткен әрбір адамға алғыс білдіреміз.

Біз мұны артымызда күшті жаһандық қауымдастық тұрғандықтан ғана жасай аламыз. Фэйсбукті құру келесі ұрпаққа арналған әлемді жақсартуға ресурстар жасады. Фэйсбук қауымдастығының әрбір мүшесі осы жұмыстың бір бөлігін атқаруда.  

Біз осы мүмкіндіктер бағытындағы прогресті тек эксперттердің көмегімен жасай аламыз. Олар біздің тәлімгерлеріміз, әріптестеріміз және осы алаңды жасауға үлес қосқан көптеген тамаша адамдар.

Біз тек осы қауымдастыққа және миссияға қызмет етеміз, өйткені біздің қасымызда сүйікті жанұямыз, қолдаушы достарымыз және ғажайып әріптестеріміз бар. Сенің де өз өміріңде осындай терең және жігерлендіретін қоршаған ортаң болатынына үміттенеміз.

Макс, біз сені жақсы көреміз, сол үшін саған және барлық балалар үшін жақсырақ әлемді қалдыруға үлкен жауапкершілік сезінеміз. Біз сенің өмірің сен бізге берген махаббатқа, үмітке және қуанышқа толы болуын тілейміз. Біз сенің осы өмірге не әкелгеніңді тағатсыздана күтеміз.

Махаббатпен,

Анаң және әкең


Аударған – Дәурен Омаров

Хаттың түпнұсқасы

Материалды пайдаланғанда El.kz интернет-жобасына тірі сілтеме қою қажет

Ұқсас материалдар