Қандастар Ассамблея

Маргарита Елисеева: Білесіз бе, мен 5 сыныпқа дейін қазақша оқыдым!

14.11.2014 3215
Бізде талантты жас атлеттер бар. Бірақ, мен секілді нәтиже көрсеткен әлі ешкім жоқ. Мүмкін алдағы жылдары бәсекелестік болып қалар.

Ауыр атлетикадан Әлем чемпионатының кезекті күнінде 48 келі салмақта өнер көрсететін зілтемірші Маргарита Елисееваны кездестріп қалып, орысша амандасып өтіп едік, ол бізге «Сәлеметсіз бе?!» деп таза қазақшалап жауап қатты. Алғашында түсінбей аңтарылып қалдық, қызықтап сөзге тартып едік, зілтемірші қызымыз қазақша судай екен. Сол жерде үнтаспамызды қосып, аз-кем әңгімелескен едік.

– Қазақшаны қайдан үйреніп жүрсіз?

– Мен де әрбір қазақ секілді ауылдың шаңында өскен қызбын. Білесіз бе, мен 5 сыныпқа дейін қазақ сыныбында оқып, таза қазақша сөйлейтінмін. Содан қалаға көшіп, орысшаға көштім. Ұлттық құрамаға келген соң бұл жердегі қазақтар да орысша сөйлейді екен, соларға қосылып орысша сөйлеп кеттім. Қазір қазақша кейбір сөздерді естен шығарып аппын. Сізбен сөйлесіп, қазақшамды аздап дұрыстап алатын болдым (күліп).

– Әлем біріншілігіндегі сәтсіздігіңізді қалай түсіндіресіз?

– Мен Азия ойындарында чемпион болған соң бәрі менен жоғары нәтиже күтті. Бірақ, жанкүйерлер спортта жеңіс бар жерде міндетті түрде жеңіліс жүретінін ұмыт қалдырмауы тиіс. Сондай-ақ, мен бабыма толық енген жоқ едім. Менің негізгі салмағым 55 келі болатын. 7 келі салмақ тастаудың өзі оңай емес. Біраз күш жоғалттым десе де болады.

– Негізгі себеп бұл емес секілді, бас бапкер Алексей Нидің айтуы бойынша Маргарита Азия ойындарынан соң «жұлдыз ауруына» шалдығыпты, бұл қаншалықты рас?

– «Жұлдыз ауруына» шалдыққаным рас. Қалай шалдыққанымды өзім де білмей қалдым. Азия ойындарының чемпионы атандым, бүкіл жұрт мені таныды. Жан-жақтан құттықтаулар ағылды, телефоныма күні-түні тыныштық жоқ. Осыны сезген бапкерім, бірден телефон нөмірімді өзгертуімді өтінді, және біріншілкке дейін ешкіммен сөйлестірген жоқ. Қателігімді енді түсініп жатырмын.

– Әлем чемпионатының өз елімізде өтуі сіздерге қаншалықты әсері бар?

Әрине, біз үшін әсері, пайдасы өте көп. Әркім өз үйінде өзін еркін сезінеді ғой, сол секілді біз де барлық қобалжуларды артта қалдырып, өзімізге сенімді болып жүреміз. Әрбір жанкүйердің ысқырып, қиқулап қолдап отырғаны бізге қосымша күш береді. Және жауапкершілік басқа елде бәсекелерден екі есе жоғары болады.

– Жарысқа дайындықты қанша күннен бастадыңыз?

– Бапкеріміз Жазғы Азия ойындырнан соң 1 апта ғана демалыс берді. Апталық демалыстан соң жаттығуға қайта кірістік, Әлем чемпионы атану үшін. Бірақ өздеріңіз көрдіңіздер, бағым жанбады.

– Қазақ ауыр атлетикасы қазіргі басымдығын қанша уақытқа дейін ұстап тұра алады?

– Дәл уақытын кесіп айта алмаймын. Қазақстан ауыр атлетикасы енді дамып келе жатыр. Және бірқатар жас талантты зілтеміршілер өсіп келе жатыр. Сөзімнің дәлелі, бүгін ғана Жазира Жаппарқұл мен Жасұлан  Қыдырбаевтар. Бұлардан бөлек қаншама жас талантты спортшылар бар. Қазақ ауыр атлетикасы жалдағы жылдары әлем бойынша өз үстемдігін ешкімге беріп қоймайды. Қайта алға жылжиды деп сенем.

– Ауыр атлеттер құнарлы тамақ ішеді деп білеміз. Осы жағын қалта көтере ме?

– Әрине, біз бабымызда жүру үшін құнарлы тағамдар жеп тұру керек. Біздің жеп-ішуімізге өз қалтамыздан ешқандай шығын шықпайды. Өйткені, біз әрдайым жаттығу жиынында немесе түрлі жарыстарда жүреміз. Бос уақытымыз мүлдем жоқ. Сондықтан ол жағын федерация қөтереді. Тамағымызды, киімімізді, жатар орнымыздың бәрін федерация төлейді. Негізгі жейтін тағамдарымыз ет пен қазы. Бұл тағамдар артық салмақ қоспайды және күшімізді көбейтеді.

– Жарыс басталмас бұрын кімнің жүлдеге ілігетінін біздер де аңдып отырамыз. Осы жағы сіздерде қалай?

– Біз де спортшыларды қарап, олардың деңгейін біліп отырамыз. Тіпті кімнің нешінші орын алатынын да біліп отырамыз. Кейде тактикамен жұмыс жасаймыз, кейде кешегі менікі секілді тактика дұрыс орындалмай қалып жатады.

– Достарыңыз көп пе?

– Достарым көп, бірақ бәрі спортшылар, зілтеміршілер. Біздің араласатын ортамыз осы ғой. Ортамызда жүрген спортшылардың бәрімен доспыз. Басқа саладан дос табуға, арласуға бізде уақыт жоқ.

– Кейбір спортшылар жарысқа шығар алдында шахмат ойнайды, тіпті кейбір спортшылар терлеп билеп алып жатады. Ал, зілтеміршілер жарыс алдында не істейді?

– Зілтеміршілер жарыс алдында демалады. Миды демалдырады. Артық қимыл жасамаймыз. Бізге ойлануға, шаршауға, басқа бірдеңені уайымдауға болмайды. Тек бір бөлмеде демалып жатамыз. Сосын барып жарысқа шығамыз.

– Жаттығу кезінде неше келіге дейін көтеріп жүр едіңіз?

– Мен өз салмағымда жұлқа көтеруде 92 келі, серпе көтеруде 113 келі көтеріп жүрген болатынмын. Ал, Азия ойындарында серпе көтеруде 88, жұлқа көтеруде 106 келіні бағындырдым.

– Сіздің салмағыңызда мықтылардан кімдер бар?

– Талантты жас атлеттер бар. Бірақ, мен секілді нәтиже көрсеткен әлі ешкім жоқ. Мүмкін алдағы жылдары бәсекелестік болып қалар.

– Алдағы жоспар қандай?

– Алдағы жоспар – келер жылы АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтені Әлем біріншілігіне жатпай-тұрмай дайындалу. Әлемге, жанкүйерлеріме өзімнің кім екендігімді дәлелдеуім керек. Бұл чемпионатта сәтсіздікке ұшырап қалғанымды дәлелдеймін. Бұйырса, келер жылы Әлем чемпионы атанамын. Қазіргі қарсыластарым менен асып түсетін ештеңесі жоқ. Оларға лайықты қарсылық көрсете аламын. Оған сенімдімін!

– Әңгімеңізге рахмет!


Арнайы El.kz үшін сұхбаттасқан – Әли Битөре.

Ұқсас материалдар