Қандастар Ассамблея

Мамандық таңдаудағы бес қателік

23.06.2015 18847
Жар таңдау да, мамандық таңдау да – әлеуметтік тақырып.

Ел арасында «Жар таңдауда, мамандық таңдауда қателеспе» дейтін жиі айтылатын жаттанды сөз бар. Осы әңгіме қанша рет айтылса да, оны іс жүзінде жүзеге асыратындар некен-саяқ. Егер адамдар жар таңдаудан қателеспесе, қоғамда ажырасу азайып, отбасының шырқы бұзылмас еді. Егер, мамандық таңдаудан қателеспесек, дәл қазіргідей маман тапшылығы болмас па еді?!

Жар таңдау да, мамандық таңдау да – әлеуметтік тақырып. Бірінші түйткіл туралы талай мақалалар жазылып жүр. Ал, мамандық таңдауға қатысты біз неге көп қателіктер жібереміз?

Қателіктерді тізбектеп көрейік:

Біріншіден, мектеп қабырғасында оқушылар үнемі математикадан олимпиадаларға қатысып жүргенмен, жеме-жемге келгенде үлкендердің ықпалымен «оқуға жеңіл, көп қиналмайсың» деген сылтауды желеу етіп гуманитарлық пәндерді таңдайды. Қиындықтан қашқан адам айналып сол қиындыққа тап болатыны да белгілі. Сондықтан, математика, физика секілді мамандыққа бейім болсаңыз, әдебиетте, мәдениетте босқа уақыт өткізуіңіз әбден мүмкін. Оның үстіне, физик немесе математик болып та әдебиетке, мәдениетке, саясатқа үлес қоса аласыз. Ал, филология немесе журналистиканы тәмамдап мықты физик, мықты химик, мықты математик болуыңыз екіталай.

Екіншіден, таңдау қиындығы. Мұны «Буридан есегі» деген америкалықтардың пәлсапасымен түсіндіріп өтуге болады. Бұған салсақ, екі бірдей таңдау мүмкіншілігінің болуы шешім шығаруды қиындата береді. Сонымен қатар мүлдем әрекетсіздікке алып келуі мүмкін. Дәл осындай жағдайға тап болуыңыз да қолыңызды мерзімінен кеш сермеп, екіұдай күйде жүргеніңізді білдіреді. Өйткені, тықыр таянғанда таңдау қиындығы барынша әсерін тигізіп, бұрыс қадам жасауыңызға әкеп соғуы мүмкін. Өкінішке қарай, елімізде көптеген орта білім беретін ошақтарда шәкірттерін қабілетіне қарай белгілі бір салаға икемдейтін мұғалімдер шоғыры, ұжымдық кеңестер жұмыс істемейді.

Үшіншіден, ата-ананың ықпалы. Елімізде көп отбасында ата-анасының мамандығы қандай болса, балалары да сол салаға бет бұрады. Бұл жиі кездесетін жағдай. Қарапайым отбасында ешкім баласын ақы беріп оқытқысы келмейді. Сондықтан, өзі танитын мамандыққа беріп, таңдауына араласады. Бұл кей жағдайда сәтті шыққанмен, көп жағдайда қателікке алып барады. Сондықтан таңдау қашан да суық ақылды, бірлескен шешімді тосады.

Төртіншіден, "Мен Астанада немесе Алматыда ғана оқимын" деп қиғылық салу. Кейбір облыстардағы білім беру көрсеткіші Алматы мен Астананың маңдайалды оқу орындарын басып озатындығын саралай алмау. Сондай-ақ, студенттік өмір тек Алматы мен Астанада ғана қызықты өтеді деген алдамшы сезімге бой ұрындыру. Студенттік өмір – ең алдымен жайқалған жастық шақ қана емес, біліміңді жетілдіру, рухани даму, өмір жолыңды таңдау, тіпті тағдырың екендігін естен шығармаған жөн.

Бесіншіден, көп мектеп бітіруші түлектер тест сұрақтарын білімділіктің барометрі санайтындығы. Олардың өзі таңдаған салаға (ғылымға) тек тест сұрақтары тұрғысында ғана дайын болуы. Ал, ЖОО-ларда білім беру жүйесі әрқалай. Тек сессия соңындағы емтихан тесттері болмаса, жаттанды «білімнің» іске аспайтындығы студент өміріне кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан, әр талапкер таңдаған мамандығына байыппен қарап, оқушы кезінен бастап жан-жақты дайындық жүргізгені абзал.


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

Ұқсас материалдар