Қандастар Ассамблея

Махмұд Қашқари

18.08.2014 15126
Махмұд Қашқари - ХІ ғасырда Қарахан мемлекетінде өмір сүрген ірі ғұламалардың бірі.

Махмұд Қашқари - ХІ ғасырда Қарахан мемлекетінде өмір сүрген ірі ғұламалардың бірі. Түркілердің қоғамдық өмірінің барлық жағын қамтыған «Түркі тілдерінің сөздігі» еңбегі оның атын бүкіл әлемге жайды. Түркі жерін ұзақ уақыт бойы аралаған ол түркі халықтарының тұрмыс-салты, тарихы, тілі, ауыз әдебиеті, кәсібі туралы құнды мәліметтер жинап зерттеуші, саяхатшы, тарихшы есебінде өзі өмір сүрген дәуірдің саяси өмірімен де араласты.

«Түркі тілдерінің сөздігі» мемлекеттік басқару мен саяси қызмет туралы бағалы деректер береді. Адамдар арасындағы қарым-қатынасты ашуда ол әдептілік, адамгершілік, ізеттілік, қайрымдылық, жайсаң мінез мәселелерін сөз етеді. «Білімді болғың келсе, дананың айтқанын тыңда», даналардың айтқан сөзі адамгершілікке, қайырымдылыққа, білімділікке жетелейді. «Адам басына жел үйір, жақсы адамға сөз үйір». Елге еңбегі сіңген жақсы адамды жұртшылық мақтайды, өзгелерге үлгі етеді. Зорлық жүрген жерде әділдікке орын қалмайды. Ғұлама әкімдердің ел билеуде ақыл-парасат пен әділдікке, кішіпейілдікке үйір болуын талап етті. «Ұлық болсаң – ізгілік ет» сонда ғана сенің қарамағындағы халық соңыңнан ереді, сенім білдіреді. Жағымсыз әрекеттер әкімдердің қызмет бабына сиыспайды. Ел билеуде күшке сенгеннен ақылға жүгіну әлдеқайда тиімді нәтиже береді. «Ақылменен арыстан да ұстауға болады, ал күшпен тышқан да ұстай алмайсың». Өзінің жеке пайдасын ойлаған әкімдер елге жақсылық жасай алмайды. Махмұд бабамыз әкімнің барлық іс әрекеті халықтың көз алдында, халықтан ешнәрсені жасыра алмайсың, сондықтан қандай ауыр кезең болса да халықпен бірге болуға үгіттеген.

Мемлекеттің қуаты мен күштілігі халықтың еңбегімен құралатын дүние екендігіне үлкен мән берген Махмұд Қашқари «Мемлекеттің қазынасы халықтың табан ақысы, маңдай тері. Әмірші қазына кілтін ұстаған адамға аса сақтықпен қарағаны абзал. Алтын мен күміс бар жерде ұрлық жүрмей қоймайды. Ұрыны ұстасаң, дереу әшкере ет. Бүгіп қалсаң өзің де ұрысың». Демек, жоғарғы билік иесі ел байлығының сақталуына, оған қол сұққандарды әшкерелеп, аяусыз жазалап, ашкөздер мен тойымсыздардың халық қазынасын талан-таражға салуына жол бермеуі керек.

Халықтың қанатты сөздер мен мақал-мәтелдері орынды қолдана білген ғұлама шығармасының құндылығы да, оның кейбір сөз нұсқаларының  қазіргі уақытта да өзгеріссіз қолданылуында. Ел билігі мен әкімдік, әділдік пен адалдық, парасат пен қайырымдылық, заң мен адамгершілік туралы айтылған өсиеттердің көкірегі ояу ұрпаққа берер ғибраты мол.