Қандастар Ассамблея

Мағжанның еңбегі

22.10.2015 2167
Педагогика

Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, педагогика ғылымына елеулі еңбек сіңірген Мағжан Жұмабайұлы өз уақытында «Педагогика» атты еңбегінде баланы дұрыс тамақтандыру тақырыбына да қалам тербеген.

Түн – ұйқы уақыты (Педагогика)

Балаға тамақты тәртіппен беру оның дұрыс өсуіне, аурулы болмауына, мінезінің дұрыс болуына көп пайдасы бар. Балаға тамақ тәртіпсіз, ретсіз, былапыт берілсе, бала аурулы болады. Асқазаны бұзылады, ішкен-жеген тамағын сіңіре алмайды.

Жер жүзінде балаға тамақты тәртіпсіз беретін әйел екеу болса, біреуі – қазақ әйелі. Бала ұйқысы қанып оянса да, оны шешіп алып қарау жоқ, емшегін баласының аузына сала қояды. Бала түнде ың етсе, бесікті албастыдай басып отырып алады. Емшек балада, ана ұйқыда. Кейде баласын басып өлтіріп те тастайды. Баланың ауызынан емшегі алса, баланың қолына басқа бір тамақ ұстатады. Сорлы баланы бір уақ тамақтан босату жоқ. Яки мынадай істе болады: шешесі не бір жұмыспен, не жәй қыдырып кетеді. Мана кеткен шеше әлі жоқ. 

Ерте күн түс болады. Түс кеш болады. Бала аштан аш жатыр. Қарны ашты, шырқырап ішегі қатып жылайды. Бейшара бала жылап-жылап әлсіреп талып барып ұйықтайды. Кешке келіп ұйқылы-ояу жатқан баланы көріп: “құлынымның тамақ іздемей тәтті ғана ұйықтап жатқанын қарашы!” дейтін шешеге не дерсің?

Қазақ қатыны! Өзіңде өзіңнің қастығың болмаса, баланың аузын астан алмай, аспен ұрып жығып, болмаса тамақ бермей, аштан қатырып, талдырып ұйықтатып бала асырауыңды қой. Тамақты беріп-беріп балаңды қарнын қапақтай, бұтын таяқтай көк қарын, ши борбай қылма. Балаңды аурулы қылма. Асты мезгіл-мезгіл беріп, тәртіпке үйрет. Тамақты тәртіппен берсең, балаңның дені сау болады. Құр ас иесі қомағай болмайды. Аузынан ас түспейтін мешкей болмайды. Тамақты тәртіппен ішіп үйренген баланың мінезі де дұрыс болады.

Баланы омыраудан шығару Бала аурулы болмаса бір жасқа толмағанда, ана сүтінен басқа ас ішіп, біраз тісі шыққан болады (8-12). Міне, осы уақытта баланы омыраудан айыру керек. Айырғанда күл, көмір сеуіп, насыбай жағып әуреленбей-ақ, емізуді сиректетіп, баланы бірте-бірте бездіру керек (6-3 апта ішінде). Ал енді кейбір әйелдердің еркелеткеннің жөні осы екен деп, 5-6 жасар баласын арда емізіп қоюлары тым-ақ ұнамсыз іс. Ұнамсыз ғана емес, балаға да, анаға да зиянды іс.

Екі жасар һәм үш жасар баланың тамағы. Екі жасар баланың денесі әжептәуір берік болады. Сондықтан бұл жаста балаға бірте-бірте ет беруге мүмкін. Ет бергенде жеңілінен бастау керек. Ешкі, қой, сиыр еті. Жылқы еті ауыр. Оны 2-3 жасар балаға бермеген дұрыс болады.

Баланың асқазанына лайық нан – бидай ұнынан пісірілген нан берілсін. Балаға шай ішкізу тіпті дұрыс емес, кәмпит, пряник, өрік, мейіз сықылды тәтті беруге де болмайды. Жас бала түгіл, 2-3 жасар балаға да қымыз ішкізу мақұл емес. Қымыз баланың тынышын алып, мең-зең бейшара қылады. Екі-үш жасар балаға тәулікте төрт рет тамақ беру керек. Түнде емес, күндіз, төрт сағатта бір. Балаға тамақты бөлек үйде беру артық. Үлкен кісілермен бірге ішіп, бірге жесе, үлкендерге еліктеп мөлшерден артық ас ішеді. Мұның зиян екендігі белгілі.


Әзірлеген Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

Ұқсас материалдар