Маңғыстаудағы мәдениеттер тоғыстығы

27.02.2015 4447
Адамзат баласын жақындастыратын басты факторлардың бірі – тіл, екіншісі – мәдениет.

Адамзат баласын жақындастыратын басты факторлардың бірі – тіл, екіншісі – мәдениет. Оның айқын дәлелі Ақтаудағы «Бір шаңырақ астында» әлеуметтік жобасы. Бұл жоба аясында облыстағы 50-ден астам ұлт өкілдері жиналып, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына арналған мерекелік шаралар эстафетасын қабылдап алды.

Өңірдегі этно-мәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары 100-ге тарта әртіс көрермендердің алдында Қазақстанда тату-тәтті өмір сүріп жатқан ұлттардың әнін айтып, биін биледі. Ауқымды шаралар «Бір шаңырақ астында» әлеуметтік жобасы аясында өтті.

Фестиваль қатысушыларының бірі - «Әлтаир» халықтық би ансамблі. Жарты ғасырлық тарихы бар ансамбльдің қоржынында әр түрлі халықтардың 100-ден астам бар.

Ұлттық билерден Отанға деген сүйіспеншілік сезімін байқауға болады. Ол әр түрлі халықтардың өнері мен мәдениетінен сыр шертеді. Сол себепті, «Әлтаир» халықтық би ансамблін өңір тұрғындары ерекше қошемет танытты.

«Би қимыл-қозғалыс икемділігіне үйретумен шектелмейді, ол – әр халықтың мінез-құлқын тануға көмектеседі. Би мәдениеті бар халықтың жүрегі бар деген сөз. Біздің Қазақстан барлық халықтардың алтын бесігі және бейбітшілік қорғаны деуге болады. Мұның бәрі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының арқасында болып жатыр», - дейді «Әлтаир» халықтық би ансамблінің жетекшісі Тамара Думановская.

Бірі ән салады, бірі би билейді, енді бірі халықтық қолөнер бұйымдарының көрмесіне қатысады. Бұл көрмеден кәріс ұлтының әсем көйлектерін, сәнді матрешкаларды және т.б. алуан түрлі әсем бұйымдарды сатып алуға болады. Бүгінгі таңда Ақтауда елуден астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. «Бір шаңырақ астында» әлеуметтік жобасының аясында екінші жыл қатарынан концерттер, шығармашылық кештер, балалар суретінің байқауы мен облыстағы жексенбілік мектептерді қолдауға бағытталған іс-шаралар жүзеге асып тұрады. Биыл ұйымдастырушылар Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына арналған 20 маңызды іс-шара жасауды жоспарлап отыр.

Еділ Жаңбыршин, Ақтау қаласының әкімі:

Біздің жоба халықаралық жобаға айналып үлгерді. Бізге көптеген елдерден – Әзірбайжан, Башқұртстан, Татарстан және т.б. республикалардан ресми делегациялар келіп жатады. Биыл Мәскеуде біздің жоба ТМД қалаларының ішіндегі ең үздік тәжірибе ретінде дипломдармен марапатталған болатын. Алдағы уақытта «Бір шаңырақ астында» жобасының ұйымдастырушылары ауқымды экспедиция жасауды жоспарлап отыр. Қазақстан халқының достығы мен толеранттығы, сондай-ақ маңғыстаулық таланттар жайлы бұрынғы кеңестік мемлекеттердің барлық тұрғындары білуі керек.


Қаламқас НҰРМАҚОВА

Ұқсас материалдар