Қандастар Ассамблея

Мұражайдан жеткен жанайқай

16.09.2014 1770
1996 жылдың қаңтар айында жазықмаңдайлылардың өкілі Қызыл бұлт көз жұмды. Бұдан сәл уақыт бұрын, ол қалың көпшілікке өзінің катоба тілінің соңғы сөйлеушісі екенін ресми түрде жариялаған еді.

Катоба тілі

Бөбегім, еңбегің бүлк-бүлк етеді.  Қазағым бала «тас» дегенде еңбегі де тастай қатады дейді. Алыстағы катоба халқында  ертеректе  нәрестенің  маңдайын кеңейтіп, жалпақтап, жазықтап жіберетін дәстүр болған. Осылайша еңбегі қатпаған  еркек кіндік сәбилердің бас сүйегі адам қолымен өзгертілген. Бастың мұндай кейпі адамға батырлық, ержүректік береді деп сенген бұл жауынгер тайпа. Әр халықтың сеніміне, танымына тек бас июге тиістісің. Таңғалып, не табалауға хақың жоқ.

1996 жылдың қаңтар айында жазықмаңдайлылардың өкілі Қызыл бұлт көз жұмды. Бұдан сәл уақыт бұрын,  ол қалың көпшілікке өзінің катоба тілінің соңғы сөйлеушісі екенін  ресми түрде жариялаған еді. Осы жүректі шымырлатар шындығымен Қызыл бұлт әп сәтте дүниеге танымал болды. Үндіс баласы туған тайпасының әнұраны мен аңшылық жырларын таспаға басып, Смитсон мұражайына өз қолымен табыс еткен. Жер бетінде катоба деген тілдің болғанын адамзат ұмытпасын деген тілегінен туындапты бұл ойы...

Бұл тайпа қазіргі Солтүстік және Оңтүстік Каролинаның  түйіскен жеріндегі Катоба өзенінің  бойын  жайлаған. «Катоба» деген сөздің өзі «өзен халқы» деген ұғымды білдірсе керек. Үндістердің жеріне европалық басқыншылар аяқ басқан кезде катобалықтардың саны он мыңның үстінде болған. Отарлаушыларға қарсы күрес, тайпааралық жанжалдар, батыстан жеткен эпидемиялық аурулар, қала берді ішімдікке деген әуестік бұл жұрттың санын мүлдем азайтып жіберді.  

Бөбегім, ішіңді удай ашытатын мына шындыққа қарашы. Ерлік рухы аңыз болған   үндістер араққа салынды дегенге сене аласың ба? Әсіресе , Солтүстік Американы жайлаған ірілі-ұсақты тайпалардың түбіне дәл осы арақ жеткен.   Олардың ғасырлар бойы мұқалмаған айбаты мен жігерін, намысы мен қайратын арақ еш қиындықсыз-ақ жеңген. Ал Амазонканы жағалай жатқан  қайсыбір тайпалар үшін есірткі нағыз қасірет әкелген. Еуропа басқыншылығы үндістерді жерінен айырса, солармен бірге жеткен әдеттер оларды мақсат-мүддесінен, ұлы мұраттарынан айырды. Отарлаушылардың саясаты да осы  еді.

Иә, 1728 жылы катобалықтардан 1400 адам ғана қалды. Ал 1826 жылғы санақ нәтижесі 110 катобалықтың қалғанын жариялады. Бүгінде өзін катобалық санайтын 2600 адам бар. Бұл тайпа федералдық билік тарапынен ресми түрде мойындалғанымен, олар ана тілінен біржолата қол үзіп қалды.

Бөбегім,  нәсіліне, ұлтына, тіліне қарамастан, қай-қайсы халық та адам бола білу, адам боп  боп қалу сынды ізгілік идеясын қуаттайды. Катобалықтар өздерін ертеректе «Ийай» немесе «Ниай» деп атаған екен. Қазақшаласақ, бұл «Адам» әрі  «Нағыз адам»  деген  мағынаны білдіреді. Ниайлардың жанайқайы  Смитсон  мұражайынан естілетін сынды...

Ұқсас материалдар