Мұхамеджан Қаратаев

31.08.2014 5408
ҚАРАТАЕВ Мұхамеджан Қожасбайұлы (27.12.1910, Қызылорда обл. Шиелі ауд. Телікөл а. – 9.6.1995, Алматы қ.) – әдебиет сыншысы, ғалым, жазушы.

ҚАРАТАЕВ Мұхамеджан Қожасбайұлы (27.12.1910, Қызылорда обл. Шиелі ауд. Телікөл а. – 9.6.1995, Алматы қ.) – әдебиет сыншысы, ғалым, жазушы. Филология ғыл. докт. (1963), проф. (1965), Қазақстан ҒА-ның акад. (1975). Қаз КСР-ның еңб. сің. ғылым қайраткері (1974). Қазақ пед. ин-тын (қазіргі Алматы мемл. ун-ті) (1933), Ленинградтың (Санкт-Петербург) Тарих, философия және әдебиет ин-тының аспирантурасын бітірген (1936). 1936 – 37 ж. Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының жауапты хатшысы, 1937 – 38 ж. төрағасы болып қызмет етті. Қ. бұл жылдары пед. жұмысты қоса атқарып ҚазПИ-де кафедра меңгерушісі (1938) болды. 1947 – 51 ж. Жамбыл пед. уч-щесінде оқытушы, 1955 – 60 ж.  “Қазақ мемл. көркем әдебиет баспасының” редакторы, бас редакторының орынбасары, директоры, 1960 – 88 ж. Қазақстан ҒА-ның М.Әуезов атынд. Әдебиет және тіл ин-тында аға ғыл. қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1967 – 79 ж. “Қазақ совет энциклопедиясының” бас редакторы, 1988 жылдан өмірінің соңына дейін ҚР ҰҒА-ның М.Әуезов атынд. Әдебиет және өнер ин-ты директорының бас кеңесшісі болды. Жалған айып тағылып, 1938 – 51 ж. аралығында саяси қуғынға ұшыраған.

Қ. әдебиетке 1934 ж. келді. Жас сыншы жаңа дамып келе жатқан қазақ кеңес әдебиетіне қызу араласты. Қ-тың алғашқы күрделі еңбегі – С.Сейфуллиннің “Қызыл ат” поэмасы туралы мақала. Әдеби жұртшылық арасында үлкен айтыс туғызған бұл поэманың көркемдік-идеялық құны туралы дұрыс талдау жасады. Ғ.Мүсіреповтің “Шұғыла” повесі туралы да оның сол кездегі мақаласы жұртшылық назарын аударды. Қ. тұтас алғанда қазақ әдебиетінің түрлі мәселелерін қамтыған жеті жүзден астам мақаланың, қырықтан аса кітаптың авторы. Қ. еңбектерінің негізгі арқауы – қазақ әдебиетінің тарихи жолы мен өсу сатылары, туған елдің топырағынан жаралып, ана сүтімен енген ұлттық дәстүр, оның жаңа сапада қалыптасуы, түр мен мазмұнның біте қайнасып, шеберліктің шыңдалуы. Қ. көркем әдебиеттің эстет. мұраты жөнінде де толымды пікірлер айтты. Қ. көркем шығарм-пен де шұғылданды. Оның “Даладағы дабыл” атты көркем публицистик. романы қазақ, орыс тілдерінде басылым көрді. Қ. – көркем аудармаға да елеулі еңбек сіңірді. М.Горькийдің “Менің университеттерім”, М.Шолоховтың “Тынық Дон” романының 3-кітабын қазақ тіліне аударды; көркем аударма теориясын дамытуға қызу ат салысып, қазақ әдебиетін орыс тіліне, орыс тілінен қазақ тіліне аударудың негізгі мәселелері жайында сүбелі еңбектер жазды. Қ. – көптеген оқулықтардың авторы, хрестоматиялардың құрастырушысы. 6 томдық Қазақ әдебиеті тарихының үш томының, орыс тілінде шыққан Қазақ әдебиеті тарихының кеңестік дәуіріне арналған томының бас редакторы және негізгі авторларының бірі болды. Сыншының бірсыпыра еңбектері орыс тілінде де жарық көрген. “Асулар алда” (“Вершины впереди”) атты сын кітабы үшін Қазақстанның Абай атынд. Мемл. сыйл. лауреаты (1974) атағын алды. Ғылымға сіңірген көп жылдық еңбегі үшін Қазақстан ҒА Ш.Уәлиханов атынд. сыйлығының иегері болды (1985). 

Қ. Еңбек Қызыл Ту, “Құрмет Белгісі” ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған.

Шығ.: Туған әдебиет туралы ойлар, А., 1958; І.Жансүгіров, А., 1959; Казахская литература, М., 1960; Любить и утверждать прекрасное, А.-А., 1960; Шеберлік шыңына, А., 1963; Сакен Сейфуллин, М., 1964; Мировоззрение и мастерство, А.-А., 1965; М.Әуезов, А., 1967; От домбры до книги, М., 1969; Эпостан эпопеяға, А., 1969; Әдебиет және эстетика, А., 1970; “Көргенім мен көңілдегім” 1982, “Ізденіс іздері” 1984.

Д. Ысқақұлы

"Қазақ энциклопедиясы"