Қандастар Ассамблея

Мәңгілік тақырыпты арқау еткен фильмдер

15.04.2016 5832
Ғашықтар күніне орай

Бүгінгі «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күніне орай, оқырман назарына махаббат тақырыбындағы қазақстандық бірнеше фильмді ұсынамыз.

«Менің күнәлі періштем» фильмінен көрініс. Актриса Құралай Анарбекова

«Махаббат бекеті»

Шыққан жылы: 1993

Режиссері: Талғат Теменов

Жанр: мелодрама

Ұзақтығы: 76 минут

Фильмде әдеттегі махаббат үштағаны баяндалады. Гүлназ есімді оқушы қызға (актриса Б. Есентаева) Орал (актер Қ. Әділов), Жеңіс (актер Б. Жандаев) деген екі сыныптасы қатар ғашық болады. Гүлназға Орал ұнағанымен, Жеңіс те өз махаббаты үшін күреседі. Бір-біріне ынтызар қос ғашықтың қосылуына түрлі қиындықтар кедергі болып, екеуі араға жылдар салып қайта кездеседі.

«Қаладан келген қыз»

Шыққан жылы: 2004

Режиссері: Рүстем Әбдіраш

Жанр: Драма

Ұзақтығы: 87 минут

"Қаладан келген қыз"  – алғашқы махаббаттың поэтикалық элегиясы. XX ғасыр, 60-жылдардың басы. Партияның жаңа қызметкерінің отбасы Арал теңізінің жанындағы кішкентай ауылға көшіп келеді. Оның қызы Жібек сол ауылдағы Жарас есімді бозбалаға ғашық болады. Екі жастың алғашқы пәк сезімін ата-аналары да, мектеп оқушылары мен ауыл тұрғындары да қолдамайды.

«Сүйрік»

Шыққан жылы: 1984

Режиссері: Аманбек Әлпиев

Жанр: балалар фильмі, мелодрама

Ұзақтығы: 65 минут

Фильмге сегізінші сыныпта оқитын Сүйріктің (актриса Г. Омарова) алғашқы махаббаты арқау болады. Қыз өзінің Марат есімді сыныптасын жақсы көреді. Алайда, бозбаланың аңсары сыныпқа жаңадан ауысып келген басқа қызға ауады.

«Астанаға көктем кеш келеді»

Шыққан жылы: 2009

Режиссері: Еркін Рақышев

Жанр: мелодрама

Ұзақтығы: 118 минут

Фильмге елордаға жоғары оқу орнына түсуге келген жас қыздың хикаясы арқау болған. Сюжет Назымның (актриса А.Орақбаева) оқуға түсем деп алып-ұшып келгенде емтиханнан "құлап" қалуымен басталады. Одан ары басты кейіпкердің басына түскен түрлі қиындықтар баяндалады. Жыл өткен сайын жасарып, құлпыра түскен Астананың гүлденуі мен бас кейіпкердің рухани толысуы қатар өріледі. 

«Менің күнәлі періштем»

Шыққан жылы: 2011

Режиссері: Талғат Теменов

Жанр: драма

Ұзақтығы: 90 минут

Фильм бақытқа жету жолында сергелдеңге салған махаббат хикаясын баяндайды. Дарынды жас әнші Айша Абыроеваның (актриса Қ. Анарбекова) арманы – өнерімен Парижді бағындыру. Жас қыздың бұл арманына қол жеткізуіне көңілдесі, ауқатты кісі Асхат Бабайұлы (актер М. Ахманов) қолдау көрсетеді. Парижден шақыру қағазы келіп, аңсаған арманы қол созым жерде тұрған сәтте, тағдыр Айшаға басқа бақытты бұйырады. Ол шынайы, мөлдір сезім еді...


Әзірлеген Роза СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ

Ұқсас материалдар