Ұлыстың ұлы күні туралы өлеңдер мен баталар

28.03.2016 41379
Наурыз айы табиғаттың жаңғырар, біреудің екеу болар, тіршілік атаулының тірлік танытар мерзімі, жыл тоқсанның басы. Ұлыстың ұлы мерекесіне қатысты арғы-бергі әдебиетімізде кездесетін өлең жолдарынан үзінді ұсынып отырмыз.

Наурыз айы табиғаттың жаңғырар, біреудің екеу болар, тіршілік атаулының тірлік танытар мерзімі, жыл тоқсанның басы. Ұлыстың ұлы мерекесіне қатысты арғы-бергі әдебиетімізде кездесетін өлең жолдарынан үзінді ұсынып отырмыз.

 

«Қобыланды» жырында:

...Қаз жайлауын саз деймін

Наурыздан соң жаз деймін, – деп келетін жолдар бар.

 

1925 жылы 22 наурыз күні «Еңбекші қазақ» газеті бұқара халықты Ұлыс тойымен құттықтап, өзінің бірінші бетіне ірі әріптермен:

Қыс өтіп, қар кетіп,

Шырайлы жаз жетіп,

Шаруаның кенелген,

Мейрамы ежелден,

Құтты болсын бұл наурыз! – деп жазған екен.

 

Ел аузында айтылатын Ұлыс жырлары:

 

Ұлыс күні кәрі-жас,

Құшақтасып көріскен.

Жаңа ағытқан қозыдай,

Жамырасып өріскен.

Шалдар бата беріскен:

«Сақтай гөр!» – деп терістен.

«Кел, таза бақ, кел!» десіп,

«Ием тілек бер!» десіп,

«Көш, Қайрақан, көш!» десіп,

«Көз көрместей өш!» десіп,

Бата-тілек бөліскен.

***

Ұлыс күні қазан толса,

Ол жылы ақ мол болар.

Ұлы кісіден бата алсаң.

Сонда олжалы жол болар.

***

Ұлыстың ұлы күнінде

Бай шығады балбырап.

Қасында жас келіншек,

Тұлымшағы салбырап.

Бәйбіше шығар балпиып,

Күндігі баста қалқиып.

Келіншек шығар керіліп,

Сәукелесі саудырап.

Қыз шығады қылмиып,

Екі көзі жаудырап.

Ақбөкендей зырқырап,

Құл құтырар құрықтан.

Күң құтылар сұрықтан.

Кетік ыдыс, шөміштің,

Буы кетер бұрқырап.

***

Ұлыс күні қар кетті,

Ақ қар, көк мұз жұтатқан,

Шаруа елінен зар кетті,

Ұлыс күні жаз кірді,

Жаз періште әз кірді.

Күнеске тосып арқасын,

Жан біткенге наз кірді...

 

Ұлыс күні амандасудың, бата-тілек айтысудың үлгілері:

 

Ұлыс бақытты болсын,

Төрт түлік ақты болсын!

***

Ұлыс оң болсын,

Ақ мол болсын,

Қайда жүрсек жол болсын!

***

Жасың құтты болсын,

Өмір жасың ұзақ болсын!

***

Ұлыс береке берсін,

Бәле-жала жерге енсін!

***

Ескі жылда есіркесін,

Жаңа жылда жарылқасын!

Саба іркіт пен саумалдан босамасын.

Өре құрт пен ірімшектен босамасын,

Мал ішсіз, келін құрсақсыз болмасын,

Түн ішінде түйе қомдатпасын,

Інгеннен айырып ботасын боздатпасын,

Қараңғыда ит ұлып, сиыр мөңіремесін,

Ата – ұлдан, ана – қыздан айрылып еңіремесін!

***

Аспанымыз жауынды болсын,

Жеріміз шөпті болсын,

Малымыз сүтті болсын,

Халқымыз тоқ болсын,

Қайғы-қасірет жоқ болсын!

***

Ұлыстың ұлы күнінде

Бақытты ас берсін,

Ұзағынан жас берсін

Ұлың ұяға қонсын,

Қызың қияға қонсын,

Малың өріске толсын.

Дәулетіңді асырсын,

Дұшпаның басылсын,

Менің берген бұл батам,

Ұлыс күнге сақталған сүр батам,

Тәңірдің құлағына шалынып,

Қабыл болсын!

 Суреттердің авторы – Сәрсенбек Қызайбекұлы.

Ұқсас материалдар