Қандастар Ассамблея

Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту мәселесі

19.05.2015 13559
Адамзат баласы қалыптасқан кезден бүкіл парасат иелерін толғандырып келе жатқан мәселе мәдени қарым-қатынас пен басқаға деген көзқарас болып табылады.

Адамзат баласы қалыптасқан кезден бүкіл парасат иелерін толғандырып келе жатқан мәселе мәдени қарым-қатынас пен басқаға деген көзқарас болып табылады. Көптеген теориялық  концепциялар мен халықаралық құжаттарда мәдени сұхбат адамзаттың бастапқы болмысымен байланысқан идея, iс-әрекет, құбылыс, жағдай, қалып ретiнде көрiнедi. Адам қарым-қатынас формаларын шексiздiкке дейiн жүзеге асырып анықтай алатын жалғыз тiршiлiк иесi.  

Көне мәдениеттің өзінде-ақ коммуникативтік бастаулардың мәдениетте басымдық танытқаны белгiлi. Өзара әрекет алуан түрлі оқшау этномәдени құрылымдардың қатар өмір сүру кезеңі ретінде анықталған мәдени-тарихи кезеңге анағұрлым тән болып келеді. Қатаң әрі кесімді айтқанда, тек өзара қатынас пен өзара әрекет арқылы мәдениет шынайы бар болады және дами алады. Осының нақтылы көрінісіне Ұлы Жібек жолы бойындағы мәдени ауысулар мен өркениеттік гүлденулер жатады.

Бұл айтылған қағидалар Қазақстан үшін, мәдени сұхбат пен өркениеттік ауысуларға өте маңызды болып келеді. Ұлы Жібек жолы бойындағы мәдени сұхбатшылық, мәдениеттердің өзара тоғысуы мүлдем архаиканың игілігі емес, жаңа дәуірдің III мыңжылдығының басында ол сол замандағыдай құнды. Қазақстанның болашағы дәл осы ұстын бойынша іске асады және еліміздегі мәдениеттану ғылымының өзекті мәселесіне жатады.

ХХІ ғасырда қазақтың ұлттық мәдениеті үшін өзекті міндетке қазіргі әлемдегі жаhандастырушылықтың экспансиясына дұрыс жауап бере білу қабілеттілігін қалыптастыру жатады. Жаhандастыру тарапынан адамзатқа қойылған мәжбүрлеудің алдында ұлттық мәдениет өз бойында озық құндылықтарын жасап шығарулары керек. Өйткені тек жасампаз мәдениет қана жалғыз өзіндік таңдауға ие болып қоймай, жаhандастырушылардың кез-келген жоғары стратегиялық және тактикалық ұмтылыстарына, айла-шарғылары мен шараларына  үйлесімді және дәйекті жауап бере алады.

Адамзат тарихында мәдени өркендеудің көптеген үлгілері кездеседі. Мысалы, Геродоттың тарихы, Гиппократтың медицинасы, Фалестің философиясы, сонымен қатар, лирика, мүсін өнері, поэзия және тағы да басқа салалардың бәрі Эллиндік өркениет жемістері. Ежелгі эллиндік мәдениет өз дамуында әлемнің үш бөлігін – Еуропа, Азия және Африканы аралап өтті. Сол сияқты Қытай мен Орталық Азия, Араб халифаты мен Византияны қосып тұрған Ұлы Жібек жолы мәдениеті тек сауданың ғана күре тамыры емес, сонымен бірге поэтикалық шығармашылық дәуірі, оның ізін қуған өзіндік шығыстық философиялық ой мен ғылымның дұрыс дамуы ортаазиялық Ұлы Жібек жолы мәдениетіндегі шығармашыл жасаушы күштердің шамамен бес жүз жылдай өзінің сара жолында болғанын дәлелдейді. 


Эльдар Темірханұлы

мәдениеттанушы

Ұқсас материалдар