Қандастар Ассамблея

Ұлы Жібек жолы мәдени феномен ретінде

20.05.2015 5742
Ұлы Жібек жолын мәдени феномен ретiнде зерттеу ХХ ғасырда батыс мәдени антропологиясының шығыстың өркениеттiк құбылыстарына деген белгілі бір бетбұрысынан кейін басталады.

Соңғы уақыттарда Қазақстан Республикасы өзінің саяси экономикалық, мәдени дамуы жағынан үлкен жетістіктерге жетіп, алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттер арасынан көрініп жүр. Ұлттық мәдениетіміз туралы сұрақтар қазіргі философтар үшін де философияның негізгі мәселелерінің бірі болып отырғандықтан, бұл сұрақ қазақ философтарын да толғандырмай қоймайды. Мәселенің өзектілігі қазақ ойшылдарынан Ұлы Жібек жолы мәдениеті феноменін ғылыми тұрғыдан талдауды талап етеді.

Еліміздің тұңғыш президенті Н.Ә. Назарбаевтың қолдауымен жасалып отырған «Мәдени мұра» бағдарламасы ескінің жаңаруына байланысты көптеген көкейкесті мәселелерді толық қамтып отыр десек қателеспеген болар едік. Бұл еліміздің өз аузына өз қолы жетіп, әлемдік өркениетке деген ұмтылысының айғағы. Республикамыздың ғылым, білім, мәдениет пен әдебиет қайраткерлерінің кең көлемде қатысуымен жасалатын «Мәдени мұра» бағдарламасын ұлт мәдениетінің тәуелсіздік жағдайына рухани жаңғыруының басталуы деп қарастырған жөн. Әлем даму мен жасампаздық үшін бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер дәуіріне қадам басты. Жаһандану процесінің бір қыры – бұл дүниені әмбебаптандыруға ұмтылушылық, бірыңғай құндылықтармен тәртіп нормаларына берілушілік. Бірақ, жаһандану процесі қалай қанат жайсада, ешқандай халық өзінің тарихи, рухани және мәдени төлтумасынан бас тартпайтыны анық.

Ұлы Жібек жолын мәдени феномен ретiнде зерттеу ХХ ғасырда батыс мәдени антропологиясының шығыстың өркениеттiк құбылыстарына деген белгілі бір бетбұрысынан кейін басталады. Бұл әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдардағы еуропаорталықтық ұстанымдардан арылу үрдістерімен байланысты өрістеді. Жаңа ғасыр, жаңа уақыт, жаңа кезең, жаңа түсiнiктер мен ұғымдарды талап еттi. Ендi ғылым шынайы түрде өз назарын шығыс мәдениетіндегі құбылыстарға аудара бастады.

Ұлы Жібек жолы б.з.д. ІІ ғасырда қалыптаса бастағанымен, бұл феномен өз атауына ХІХ ғасырда  батыс тарихшылары мен этнографтары арқылы ие болды. 1877 жылы неміс саяхатшысы және тарихшысы К. Рихтгофен өзінің «Қытай» деген еңбегінде Ұлы Жібек жолын сауда мен мәдени ауысулар артериясы деп анықтап шығарды.

Шығыс пен Батыстың арасындағы жалпы мәдени ауысуларды зерделеген батыстық зерттеушілер (О. Шпенглер, А. Тойнби, Г. фон Грюнебаум, А. Мец,

В. Бартольд, К. Ясперс, В. Тэрнер, К. Леви-Строс, И. Гердер, К. Шефер,

А. Массэ, Д. Фрезер және т.б.) болды.

Ұлы Жібек жолы мәдениеті феноменін түсiндiру, ұғындыру үшін көпшілік ғылыми және әр түрлi ілімдерді қолданады. Осы бағыттағы көптеген iзденiстердiң нәтижесiнде мәдениеттiң сұхбаттық концепциясы дүниеге келдi. Осының арқасында сұхбат мәдениеттiң қозғаушы күшi болып табылатындығы анықталды. Мәдени сұхбаттық және оның Ұлы Жібек жолы бойындағы өркениеттерге  тигізген ықпалын қарастыруда зерттеушілер М. Бахтиннің, В. Библердің, А. Құлсариеваның және т.б. еңбектерін пайдалану бұл феноменді толыққанды түсiнуге мүмкіндік береді. Сондықтан да Ұлы Жібек жолы феноменін зерттеу адам болмысының көп қырларын түсiнуге септiгiн тигiзетiнi сөзсiз.

Ұлы Жібек жолы мәдениетін зерттеген ғалымдар: К. Байпақовтың «Ұлы Жібек жолы: Еуразия мәдениеттерінің сұхбаты» (История Казахстана. – Алматы, 2003), «Ұлы Жібек жолы және ортағасырлық Қазақстан» (Алматы: Қазақстан, 1992, А. Нұржановпен бірге), Ә.Х. Марғұланның «Из истории городов и строительного искусства древнего Казахстана»  (Алматы: Ғылым, 1950), М. Орынбековтың «Қазақстандағы ежелгі сенім-нанымдар», «Ежелгі қазақтың дүниетанымы» (Алматы: Жазушы, 1996), Ә. Хасеновтың «Қазақстан мәдениеті мен өнерінің тарихы» (Алматы, Қазақ университеті, 1988), Ж. Мүтәліповтың «Мәдени диалог және өркениеттер тоғысы» (Алматы, 2002), А. Құлсариеваның «Мәдениеттер мен діндер арасындағы сұхбат» (Бейбіт мәдениеті жолында. - Алматы, 2000) деген  еңбектерінің мәдениеттануда алатын орындары ерекше. Ұлы Жібек жолын аталмыш ғалымдарың ойлары аясында зерттеу бiз үшiн құнды, себебi олар бұл феноменді жан-жақты зерделеп, оның адамзат мәдениетіндегі орны мен рөлiн, оның қазiргi заман мәдениетiне тигізетін ықпалын анықтап бередi, мәдени ауысулар құбылысының мәнiн философиялық, тарихи, мәдениеттанулық жағынан түсiнуге мүмкiндiк бередi.


Эльдар Темірханұлы

мәдениеттанушы

Ұқсас материалдар