Қандастар Ассамблея

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы батыр қалалар: Ленинград

13.02.2015 15052
1965 жылдың 8 мамырында КСРО Жоғары кеңесінің президиумы 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы жылдары елімізді қорғауда жаппай ерлік көрсеткен қалаларға «Батыр қала» атағын беру туралы Жарлық шығарды.

1965 жылдың 8 мамырында КСРО Жоғары кеңесінің президиумы 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы жылдары елімізді қорғауда жаппай ерлік көрсеткен қалаларға «Батыр қала» атағын беру туралы Жарлық шығарды. Аталмыш жарлықпен: Мәскеу, Ленинград, Киев, Одесса, Сталинград, Севастополь қалалары және Брест қамалы «Батыр қала» атанды. Дәл осы тектес жарлықтар кейін тағы шығып, қалалар саны артты. Мәселен, 1973 жылы 14 қыркүйекте аталмыш статусқа Новороссийск, Керчь қалалары, 1974 жылы 26 маусымда Минск қаласы, 1976 жылы 7 желтоқсанда Тула қаласы, 1985 жылы 6 мамырда Смоленск, Мурманск қалалары ие болды. Ел.кз редакциясы осы қалалардың әрқайсысына жеке-дара тоқталып, олардың соғыс жылдарындағы тарихы жайлы жазуды жөн көрді. Алғашқы қала: Ленинград. 

Ленинград қаласы (қазіргі Санкт-Петербург). Фашистердің қоршауында қалған бұл қаланың тұрғындары 872 күн бойы жаумен арпалысты. 1941 жылдың 8 қыркүйегінен 1944 жылдың 18 қаңтарына дейін жау қоршауында болған Ленинград қаласына 1965 жылы 8 мамырда «Батыр қала» атағы берілді. Қала қоршауда қалған кезде 1,5 млн адам қаза тапты. Оның 97 пайызы аштықтан көз жұмды. ҰОС-дағы бұл шайқас тарихта «Ленинград блоккадасы» деген атпен қалды. Ленинградты қорғауға, оның түбіндегі жау әскерлерін талқандауға Қазақстанда жасақталған әскери құрамалар (310, 314-атқыштар дивизиялары) қатысты. Мыңдаған қазақстандықтар Ленинград түбінде ерлікпен шайқасты. Ладож көлінің үстіндегі мұз арқылы салынған жолды қамтамасыз еткен 340 жауынгердің  ішінде қазақстандықтар да болды: күніне 3-4 рейс жасай білген С.Қабиев, К.Оспанов және С.Ичевский және салынған жолдағы учаскелердің біреуіне жетекшілік еткен кіші лейтенант К. Ахмедгиев және т.б. Соғыстың ауыр күндері Ленинград қаласын қорғаймын деп парторг Сұлтан Баймағамбетов Александр Матросовтың ерлігін қайталады және сол үшін Кеңес Одағының батыры атағын иеленді. Сұлтан Біржанұлы Баймағамбетов 1943 жылғы шілдедегі Ленинградты Үлкен жермен байланыстырып тұрған қылтаны кеңейту үшін жүргізілген ұрыстарда  Ленинград майданының 67-армиясы 43-атқыштар дивизиясына қарасты 147-атқыштар полкінде пулемет бөлімшесінің командирі болды. 1943 жылы 25 шілде күні болған шайқаста жау дзотын кеудесімен жауып, ерлікпен қаза тапты. Қазақстан халқы ленинградтықтарға азық-түлік пен делегациялар жіберіп те, хат арқылы да рухани көмек беріп отырды. Қазақтың халық ақыны Жамбыл Жабаевтың “Ленинградтық өренім!” атты жалынды жыры жауынгерлерді шайқаста жігерлендіре түсті.


Дәурен Омаров

Ұқсас материалдар