Ұлттық музей қоры тарихи картинамен толықты

20.07.2016 4000
Құнды жәдігер

Кеше Ұлттық музейде австриялық суретші Питер Иохан Непомук Гайгердің «Ғұндардың аландармен шайқасы» атты картинасынан көшіріп салынған кескіндемелік туынды таныстырылды. Шара «Ұлы дала елі әлемдік өнерде» жобасы аясында өтті.

Шарада алғашқы болып сөз сөйлеген Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай картинаның мазмұнына үңіліп, оның тарихын егжей-тегжейлі баяндады.

Кезінде Рим империясын бізбен санастырған ғұн инновациясы еді. Олар сол заманның өзінде соғыстың ең жетік тәсілдерін меңгеріп, еуропалықтарды айқын басымдықпен жеңіп отырған. Жұртшылыққа Австрия тарихын бейнелеу арқылы танылған Питер Гайгер өзінің 1873 жылы салған «Ғұндардың аландармен шайқасы» картинасында ғұндардың тарихын сәтті суреттеген. Картинаға үңіліп қарасаңыздар, сол замандағы батырлар шылбырмен жақсы жұмыс істей білгенін көресіздер. Мен бүгін сіздерге көрсету үшін арқан алып келдім. Қазір бұл ерекше зат болмауы мүмкін. Бірақ, шылбыр ерте замандарда қазақтар ойлап тапқан «ноу-хау» болып саналған. Шылбыр ғұндардың соғыста жеңуіне себепші болған аса мықты қару болғанын картинадан байқауға болады, – деді Дархан Мыңбай.

Сонымен қатар, музей директоры мұнда қойылған соғыс тақырыбындағы барлық картиналар жас ұрпаққа соғыстың мағынасын түсіну үшін керектігін айтты.  Айта кетейік, аталған картинаны мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді Франциядан әкеліп,  оны музей ұжымына «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы аясында сыйлаған. Кейінірек қазақстандық суретшілер картинаның үлкейген нұсқасын дайындап шығарған.

Өмірбек Байгелді аталған картинаның артықшылықтары мен кемшіліктері туралы айтты:

–Зерттеулерден белгілі болғандай, картинаның мазмұны тереңде жатыр. Дегенмен, автор кей тұстарда мүлт кетіпті. Олай болуы да заңдылық. Себебі өзге елдің тарихын танып білу екінің бірінің қолынан келе беретін дүние емес. Еділ (Аттила) деген бабамыздың әскері шылбырмен қаруланып, үнемі жеңіске жетіп отырған екен. Шылбырды қазақтар жылқының жалынан, құйрығының таза қылынан есіп жасаған. Ол ескірмейді, үзілмейді, шірімейді. Суретші өзінің әйгілі картинасында ғұндарды бұғалық тастаған кезде қолына орағанын бейнелепті. Бұл –  қате. Қазақтар ешқашан шылбыр қолына орамаған, өйткені, ол қолын жұлып кетуі мүмкін. Сондықтан, жауынгерлер оны қай уақытта да тақымына басқан. Бірақ, осындай кемшіліктерге қарамастан, өзге елдің суретшісінің біздің батыр бабаларымыздың ерлік тарихын суреттеуі – үлкен жетістік.

Шарада қазақ халқының жоңғарларға қарсы күресі бейнелеген «Аңырақай шайқасы» (авторы – А. Жамхан) атты картина да көпшілікке таныстырылды.


Роза СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген – Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ 

Ұқсас материалдар