Қандастар Ассамблея

Ұлттық қауіпсіздіктің негізгі тірегі – Қазақстан армиясы

27.10.2014 8349
Ұлттық қауіпсіздіктің негізгі тірегі – Қазақстан армиясы

«Жетінші құндылық бұл – еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және

бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы»

Президент Н.Назарбаев (биылғы жолдауынан)

 

 

Естеріңізде болса, Тәуелсіз Мемлекекеттер Достастығын (ТМД) құру туралы 1991 жылғы 21 желтоқсандағы ортақ әскери-стратегиялық кеңістікті және бірыңғай қолбасшылықты сақтау және қолдау туралы сөз болған еді. Алайда, сол жылғы желтоқсанның ортасында Украина президенті, одан соң Әзербайжан мен Молдова президенттері өздерін стратегиялық күштерден басқа, өз республикаларының территориясында тұрған әскердің бас қолбасшысы етіп жариялады. 1992 жылдың басында бірыңғай қолбасшылықты сақтау ғана емес, ТМД елдері Қарулы Күштерін біріктірудің өзі мүмкін емес екендігі белгілі болды. Бұл басқа да бұрынғы одақтас республикаларды дербес армия құруға мәжбүр етті. Міне, осылайша 1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» және алғашқы қорғаныс министрі етіп генерал полковник (1993 жылдың 9 мамырынан армия генералы) С.Қ.Нұрмағамбетовты тағайындау туралы жарлықтарға қол қойды. Бұл күн Қазақстанның дербес Қарулы Күштерінің құрылған күні болып тарихқа мәңгі өшпестей жазылды.

Тәуелсіз Қазақстан армиясын құруда қорғаныс мәселесі бойынша құқықтық  негіз қалаудың маңызы зор болды. Бұл жұмысты Президент, Үкімет, Қорғаныс министрлігі белсенді әрі мақсатты түрде жүргізді. Жас республиканың Отан қорғау мәселелері жөніндегі алғашқы заңдары өз уақытында және тиісті деңгейде дайындалды. 1992 жылы 22 қыркүйектің өзінде-ақ Жоғары Кеңес «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері және Қорғаныс туралы» Заңды қабылдады. Төрт айдан кейін – 1993 жылы 19 қаңтарда «Жалпыға бірдей әскери міндет және әскери қызмет туралы», ал екі аптадан кейін – 1993 жылы 1 ақпанда «Әскери қызметшілердің және олардың отбасының мәртебесі әлеуметтік қорғалуы туралы» Заңдар күшіне енді. Сондай-ақ, 1993 жылы 11 ақпанда Президент бекіткен Қазақстан Республикасының алғашқы әскери доктринасы ұжымдық түрге дайындалды. Ол соғысты болдырмау, қорғаныс қуатының жеткіліктілігі, ТМД елдерімен өзара көмек одағы принциптеріне негізделді. Доктрина ережелері мемлекеттің сыртқы саяси және әскери қызметінде кеңінен пайдаланылды.

Тәуелсіздік алған күннен бастап Қазақстан Республикасы шет елдермен қарым–қатынасқа үнемі көңіл бөліп келеді. Ол ешбір елді жау ретінде санамайтынын және оларға территориялық та, басқа да ешқандай талап қоймайтындығын мәлімдеді. Барлық билік тармақтарының күш жұмсауымен Қазақстан өзінің бүкіл шекарасы бойында қауіпсіздік белдемін жасауға қол жеткізді. Республикадағы тұрақтылық жағдайы бүкіл әлемдегі өзгерістерге әсер етуде. Блоктардың бір-біріне текетіресі аяқталуымен бірге қырып жоятын ядролық және басқа да қару түрлерін қолдану арқылы дүниежүзілік соғыс тудыру қатері азайды. Қару-жараққа бақылау орнату жүйесі кеңінен өрістеуде, мемлекеттер арасындағы жанжалдарды болдырмау және өрістетпеу шаралары жиі қолданылуда. Алайда теріс бағыттар да жоқ емес. Ядролық қаруға тыйым салу ісі бәсеңдеп қана қалған жоқ, сонымен қатар, республикаға жақын орналасқан Пәкістан мен Үндістан – жаңа ядролық мемлекеттерге айналды. Мұның бәрі мемлекеттің өз армиясына үнемі көңіл бөлуін талап етті және талап етеді.

1997 жылы 17 қарашада Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері үш жақты құрылымға ауыстырылды Жалпы әскери күштер ( оған Құрлықтағы әскер және Жедел қимыл күштері енді), Әуе қорғанысы күштері ( Әскери-әуе күштері мен Әуе шабуылынан қорғаныс күштері біріктірілді) және Мемлекеттік шекараны қорғау күштері (олар Шекара әскерлерінің заставалары мен бөлімдерінен,  Қазақстан Республикасының Әскери-Теңіз күштерінің кемелері мен жағалау қызметінен тұрады). Сонымен бір уақытта Бас штаб Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас Штабы болып қайта құрылды. Көп өтпей, алайда, Шекара әскерлерінің Қорғаныс министрлігіне бағынуының негізсіздігі айқын болып, 1999 жылдың 2 шілдесінен бастап олар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарамағына қайтарылды.

ТМД-ның әрбір елінде Қарулы Күштер құрылған кезден бастап, олардың басшылары өз қорғаныстарын ұжымдық негізде құрғысы келетіндерін мәлімдеді. Алайда, 1992 жылы 15 мамырда Ташкентте ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа (ҰҚШ) тек 6 ел ғана – Армения, Қазақстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан қол қойды. Келесі жылы оған Әзербайжан, Беларусь және Грузия қосылды. Небәрі бес жыл өткеннен кейін, 1999 жылы 4 ақпанда Әзербайжан, Грузия және Өзбекстан ҰҚШ-ға мүшеліктен шығу туралы шешім қабылдағанын мәлім етті. 2-3 аптадан кейін бұл үш елдің бірінің қабылдаған шешімінің қате болғанын сезінуіне тура келді. Ташкенттің орталығында ислам оппозициясы күштері ұйымдастырған жарылыс болды. Діни уағыздармен бүркемеленген мұндай күштер Тәжікстан және Қырғызстан Республикаларында жанданды. Ауған талибтерінің, Усама бен Ладеннің және басқа да халықаралық экстремистердің қолдауына сүйенген олар Ферғана жазығында және Тәжікстанның, Қырғызстанның оған көршілес аудандарында, Өзбекстанның Сурхандария облысында ислам мемлекетін құру идеясын көтерді. 1999 жылы үкімет әскерлерінің күшінен жеңіліске ұшыраған олар 2000 жылы өздерінің арандату әрекетін қайталап, бірақ тағы да қуылды. Алайда бүкіл ортаазиялық республикаларға, оның ішінде Қазақстанға да елеулі қатер төнгені айқын болды.

Біздің көршіміз – Қытай Халық Республикасы үшін де қауіп күшейді. Бұл бұрынғы КСРО-ның ортаазиялық республикалары мен Қытай кіретін «Шанхай бестігінің» қызмет ауқымын кеңейтуге негіз болды. Шекара мәселелерін және шекаралық белдемдердегі сенім шараларын шешуге негізделген «Шанхай бестігі» терроризм қатерімен күресте де бірлесе әрекет етуге шешім қабылдады. Осы мақсатпен олардың арасында әскери-саяси ынтымақтастық кеңеюде, халықаралық террористердің қауіпті әскери қимылдарын тойтару жөнінде біріккен жаттығулар өткізу, бітімгершілік шараларға қатысу көзделуде. Осы және басқа мәселелер бойынша келісімдер 2000 жылғы наурыздың соңында Астанада өткен Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан қорғаныс министрлері кеңесінің қорытындысына негізделген Бірлескен коммюникеден өз көрінісін тапты.

Бір айдан соң Ташкентте Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, және Өзбекстан президенттерінің екі күндік кездесуінің қорытындысы бойынша, саяси және діни экстремизмге, транс-ұлттық ұйымдасқан қылмысқа және тұрақтылық пен қауіпсіздікке нұқсан келтіретін басқа да қатерлерге қарсы күрестерге бірлескен қимылдар туралы шартқа қол қойылды. Көршілес мемлекеттер басшылары мұны «Қорғаныс Одағы» деп атады. Көрші елдегі «Баткен соғысы» деп аталған жағдайлар, оның біздің мемлекетіміздің оңтүстік аудандарына өтуінің тікелей қатері «Қорғаныс одағы» – ҰҚШ-ға қатысушы елдердің өзара қарым-қатынасын нығайтып қана қоймай, сонымен бірге бұрын басталған әскери реформаны жеделдетуді талап етті. 2000 жылы 10 ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев жаңа Әскери доктринаны бекітті. Ол бұрынғыша қорғаныс сипатына ие және әскери қақтығыстарды болдырмауды, оларды дипломатиялық жолдармен шешуді басты міндеті санайды. Геосаясаттағы өзгерістер терең талдана отырып, жаңа әскери доктринада жаңа қауіп қатерлердің өскені, әсіресе, оның халықаралық терроризм, саяси және діни экстремизм, ұйымдасқан қылмыс, қару-жарақ пен есірткіні заңсыз тасымалдау тарапынан болып отырғаны мәлімделді. Осыларды, сондай-ақ, қарулы күрес құралдары мен әскери өнердегі өзгерістерді ескере отырып, жаңа доктрина соғыстың сипаты, құрылымы және әскерлердің әскери іс-қимылдары туралы мәселелерді жаңаша түсіндіреді. Жалпы, небір одақтасулар мен бірігулер арқылы, президентіміздің дипломатиялық көрегендігі арқылы ҚР қарулы күштері қалыптасты. Бүгінде Қазақстан армиясы – ұлттық қауіпсіздігіміздің негізгі тірегі болып отыр.

 

 

 

Дінмұхамед Аязбеков

 

Ұқсас материалдар