ҰЛТ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ ЖАЛАУГЕРІ – ҚАШАҒАН ЖЫРАУ - 1

03.03.2014 2759
Бибіайша НҰРДӘУЛЕТОВА, филология ғылымдарының докторы, Ш.Есенов атындағы КМТжИУ профессоры

Бибіайша НҰРДӘУЛЕТОВА, филология ғылымдарының докторы, Ш.Есенов атындағы КМТжИУ профессоры

ҰЛТ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ ЖАЛАУГЕРІ – ҚАШАҒАН ЖЫРАУ

Қазақ топырағында тәуелсіздік үшін күрес тарихының бірнеше кезеңдері, әр кезеңнің өзіне тән күрес қаруы, амал-әрекеті болды десек,  қазақ халқының материалдық және рухани қазынасына қол сұғып қана қоймай, сол арқылы ұлттық еркіндікке шек қоюды мақсат тұтқан отарлаушыларға қарсы халық рухын оятуда жыраулар поэзиясының орны ерекше.

XIX ғасырдың екінші жартысы – қазақ елінің Ресей патша өкіметінің қол астына кіріп, бірақ әлі де болса бодандықтың қамытын толық мойындай алмай, еркіндіктен айрылғанына опық жеп, өкінішпен күн кешкен кезеңімен сәйкес келеді. Бодандықтың кейінгі ұрпаққа тигізер зардапты залалын алғаш аңғарып, жырларымен зар төккен ақын-жыраулардың тәуелсіздік идеясы кейінгі кеңес үкіметіне де жаға қоймағаны белгілі болып отыр. Орыстандырудың там-тұмдап етек ала бастаған белгілеріне ұлт тамырына балта шабылатын нышан ретінде шошына қараған жырауларға (Шортанбай, Мұрат, Әбубәкір  т.б.) қазақ мәдениетінің кеңестік тарихында «зар заман ақындары» деген ат қойылып, «кертартпа, ұлтшыл ақындар» деп айдар тағылды. Кеңестік идеологияның салқынымен жыраулық мұра бірыңғай дидактикалық мазмұндағы поэзия ретінде талданып келді. Азаматтық, қаһармандық қыры «таптық күрес, байлар мен молдаларды сынау, жоңғарларға қарсы соғыс, батырлықты дәріптеу» тұрғысынан ғана талданды. Ал жыраулар поэзиясындағы ұлттық идея, жырлардың ұлт тәуелсіздігі жолындағы күреске үндейтін, отаршылдықты әшкерелейтін саяси, идеологиялық қыры елеусіз қалып келді. Дұрысында, «ұлтшыл, байшыл» деген қаралауға ұшырап кетпес үшін, жыраулық мұраның саяси-идеологиялық мазмұндағы жолдары «репрессияланды».

Рухани тәуелсіздігіміздің 20 жылдық белесінде әлі де бас-аяғын жинатпай жатқан Маңғыстау жыр мектебі өкілдері қатарында шығармалары барынша мол жеткен әрі республикалық басылымдарда насихатталып жүрген Қашаған жырау екені белгілі. Жәдігер жырдың жоқшысы Қабиболла Сыдиықұлының жинақтауымен ақын өлеңдері бірнеше рет жеке кітап түрінде де жарияланды. Жыраудың 170 жылдық мерейтойы қарсаңында маңғыстаулық мұратанушы Ж.Жылқышиевтің күшімен қайта толықтырылып, жинақталған «Қайыртпай кеткен Қашаған» атты шығармалар жинағын баспаға әзірлеу барысында түсінгеніміз: ақынның бұған дейін ресми басылымдарда көрініп жүрген жыр-мұралары – «асылдың шашырап түскен сынықтары» ғана, ал «шын алтынның құймасы» халықтың зердесінде сақталып келген. Жыраудың біршама шығармаларының мәтіндері қысқартылған, өзгертілген, тіпті ресми басылымдарға мүлде енбей қалған туындылары да табылуда. Осы тұста Қашаған жырау Күржіманұлы басқан топырақтан түлеген қара сөздің абызы Ә.Кекілбайұлының ақынның 150 жылдық мерейтойына арнаған лебізінде: «Жыр сұңқарға неге томаға кигізілді? Жыр тұлпарға неге кісен салынды? Айтпаса да белгілі...» деген жолдары еске түседі.   

Жыраудың, әсіресе, дастандарының мәтіні қатты өзгеріске ұшыраған. Жыр жолдары қалып қойғаны өз алдына, біртұтас шығарманың әр шоғыры әртүрлі атпен бөлек-бөлек шығармалар түрінде кездеседі. Мысалы, ақынның «Жұт жылы» дастанының үзінділері «Топан» жинағында «Жұттан кейін», «Замана халі» деп аталатын бөлек-бөлек жыр үзіктері түрінде берілген. 

            1900 жылы Жем өзені арнасынан асып, жағасына жақын орналасқан елді мекендерді су шайып кетеді. Адам, мал шығыны көп болады. Табиғат апатынан зардап шегіп сансыраған халыққа сол кездегі қазақ жерін уысында ұстап отырған патша үкіметінің жергілікті әкімшілігінен ешқандай жәрдем көрсетілмейді. Осы жайларды көзімен көріп, күйінген ақынның ашу-ызасы жыр болып төгіледі. Жыр бірте-бірте тереңдеп, «Топан» деп аталған дастанға айналады. Осы дастан «Топан» жинағында 335 тармақпен берілген. Жергілікті баспасөз беттерінде дастанның бір бөлігі «Топан», келесі бір бөлігі «Жем тасығанда» деп аталып, екі бөлек шығарма ретінде жарияланып келді. Кейіннен бұл екі жырдың тұтас бір дастан екені анықталды. Сонымен  «Топан» дастанының «Қайыртпай кеткен Қашаған» атты жаңа жинақтағы толықтырылып, қалпына келген нұсқасы 534 жолды құрайды.

Дастанның негізгі мағыналық шоғырлары:

1. Кіріспе. Бегім төреге арнау сөз. («Бегім төре, нәніміз, Сөзге құлақ салыңыз»,- деп басталатын 23 тармақ).

2. Асан қайғының Еділ мен Жайықты тастап көшуі туралы (Күндердің күні болғанда...)

3. Өткен тарихтан мысал-үлгі айту («Ноғайлының елінде, Үш қиянның жерінде, Талай хандар шалқыған...»)

4. 1900 жылғы оқиға тұсында қазақ жеріндегі саяси-әлеуметтік жай-күйді сипаттау. («Әлеумет, пәмді ішпен сез, Асанқайғы атам айтқан сөз. Еліңді кімнің алғанын Көріп тұр шыққыр, міне, көз...»)

5. Оқиғаны суреттеу («Құтырынған бір құйын Кетірді жаман ел күйін...»)

6. Оқиғаның себебі мен салдарына талдау жасау, жырдың түйіні.

«Топан» жинағында дастанның 1-шоғыры мүлде жоқ. 2-шоғырдағы кейбір шумақтар арасындағы түсіп қалған жеке тармақтарға тоқталып жатпай, алынып тасталған тұтас шумақтарды көрсете кетсек: Күндердің күні болғанда, «Орыстар зорлық етер, – деп, – Жағама қолы жетер, – деп, – Еңіреп ерлер өтер», – деп, Асан қайғы бабамыз Жерінен безіп сол үшін, Амалсыз тастап кетіпті Көк Еділ мен Ақжайық, Кең Нарынның қонысын!.. Қалып қойған келесі шумақ: Батырлар да өтті әруақты, Қанжығасы қанға малынған. Бексауытын жамылған, Дұшпаннан кегі алынған. Көрмесе жауын сағынған, Алмастан қару тағынған. Қамалға шауып, шеп бұзып, Жүрегін басқан қабынған. Он сан ноғайлының хандығын Билігімен басқарып, Орақ, Мамай, Телағыс, Асанқайғы атам, Қазтуған – Олар да кеткен шарасыз Мынау көлденең жатқан Нарыннан. Өлең жолдары Асанқайғының Еділ, Жайық, Нарынды тастап көшу тарихын, себебін баяндайды.

Дастанның ең көп қысқартылған бөлігі төртінші мағыналық шоғырда. Ақын «Асанқайғының болжап айтып кеткені шынға айналды, соны шыққыр көзіміз көрді» деп күйіне сөз етіп отырғаны – Ресей патша үкіметінің  қазақтың жерін шындап жаулай бастаған тұсы. Жем мен Жайықтың бойындағы қорғасындай балқыған құйқалы жер, Жайықтың исі аңқыған бекіресі талайдың арманына айналып еді. Сарытау, Самар, Қазанның саудагерлері мен келімсек қоныстанушылары, Хиуаның саудагер сарттары ағылып келіп, олжаға белшесінен батып, ақшаны сарайлап жинап, елдеріне тасушы еді. Сол келімсектер тойынғасын «құдайларын» ұмытып, жергілікті елді көзіне ілмей, кемсітіп қорлауға айналды. (Жем мен Жайық құт еді, Тарқамас базар-дүкені. Берекелі қазаным, Қызығы кетпес базарым, Ақ шуақты ажарым. Кешіп жатыр басынан Келімсектер мазағын). Халықтың қазанына қол сұғып, өз несібесін өзіне татырмады (Сарытау, Самар, Қазаннан Келгеннің қызық көргені, Тастары өрге өрледі. Бектерімді баяғы, Есіктегі, аяғы, Құлы құрлы көрмеді. Билеп ап судың балығын Бұқара байтақ халықтың Жеуіне де бермеді...). Қазақтың мүддесімен ешкім санаспады, бас көтерсе, жазаға тартты (Бас көтерген қазақты Пәлеге тартты кесектеп). Бір кездерде қазақты «қой баққан надан ел» деп менсінбей, қазақтың жеріне аяқ басуға жиренетіндер енді басқаша сайрап жүр (Сахыраның елі шашық деп, Баруға алыс-қашық деп, Шаңды-аяқ елге бармайық, Бара алмаспыз асып деп... Жоламаушы еді әуелде. Бүгінде басқа сайрап жүр, Тор-тұзағын сайлап жүр «Зердесіз елдің байлығын Қарпып қалуға асық» деп...). Бұл келімсектер қазақтың байлығына сұғынғаны аздай, енді елдің рухани болмысын бүлдіруге әрекеттенуде. Алдымен елдің жүрегін жадылап, арамза молдалары келді (Ноғайлар тапқан жан-айла, Указной молдалар Өп-өтірік құдайлап). Артынан елдің санасын тұмандатып, есінен адастыратын арағы мен темекісі қоса жетті (Қалаға келген билері Арақ ішіп, елірді. Кеудесі бұған семірді, Папиросы шегулі...). Тентек-тебірін қазы мен билердің алқасына салатын салтымыз аяқасты боп, түрме деген сұмдығы шықты (Тентек қылса бір қазақ, Түрмеге барып маталды). Қазақтың сөзін сөйлеуге тиісті бай-мырзаларын арзан қызықпен алдап-сулап, басын айналдырып қойды (Қайырсыз кілең қаста бай Айдаған малға қуанып, Қой-қозыға жұбанып; Қалалы жерде мырзасы Қос арғымақ пар жегіп, Тарантас арба туарып, Кәршөндікке қамалып, Шалқыды талай мас болып, Нәпсісін ылайға суарып...). Бұған дейінгі жарияланымдарда нәпсісін шайға суарып түрінде беріліп келген тіркес жаңа нұсқада нәпсісін лайға суарып болып түзетілген. Біздің ойымызша, ақынның лай деп отырғаны арақ болса керек. Қаладаға мырзалар кәршөндікке қамалып шай емес, арақ ішетіні түсінікті. Шалқыды талай мас болып деген тармақ та лай (арақ) сөзіне меңзейді. Арақ – адамның санасын лайлайтын жағымсыз, лас сұйық ретінде образдалып беріліп тұр деп түсінеміз.

«Топан» жинағында төмендегі шумақтар жоқ:

Бес күндік дәулет мас қылып,

Болмайтын іске бәс тігіп,

Дұшпанға артын аштырып,

Жақсыны жаман табалап.

Бәледен бәле балалап,

Көбейді хабар жаманат...

 

Сарттан болды молдасы,

Шайтан болды жолдасы.

Құл-құтанға қор болды,

Азамат ердің ордасы.

 

Алла деген артық бақ,

Бұрынғы өткен заманнан,

Қызыл тілім, сайрасаң,

Оқиғаларды айтып бақ.

Жастабан, Шарға, Келдібай –

Таз деген туыс жұртымның

Жүрегі жаман шайылды-ақ.

Байұлының ішінде

Білікті қарттар қайымдап,

Білген екен пайымдап.

«Су тасады жымдай» деп,

«Байтақ жатқан халыққа

Бәле келеді мұндай» деп.

Алты күн бұрын өтулі

Елі-жұртын аралап,

Айтқан екен шамалап:

«Елді бүлгін шалад» деп

«Топан су тасып ағад» деп.

«Бәле келед тұлданған

Кер заманға қырындап, –

Айдың басы қауіп» деп.

Білікті шалдар айтыпты

Оқиғадан бұрын-ақ.

Тыңдаған бірақ жан бар ма,

Шалдардың сөзін ырымдап?

Адамзаттың азғындауының белгісі: тәубе, шүкір, қанағат деген кісіліктің үш критерийін ұмыту. Алланы ауызға алмау. Бәленің белгісін болжаған даналыққа құлақ аспау. Міне, қаншама жанды жалмаған қасіретті оқиғаның себебі. Алланың құдіретін жария ететін жолдар міндетті түрде қысқартылып не өңі айналдырылып, өзгертілген. Мысалы: «Салих құлын бір Алла От ішінде сақтар» деген сөз Көнеден жеткен ақпар-ды. Бітіне, бұзық көбейіп, Хаққа қарсы іс қылғасын, Қайсысын аман сақтар-ды.- деген жолдар бұрынғы нұсқада: «От ішінде сақта» деген сөз Қайсысын аман сақтады. – түрінде құйрық-жалы күзеліп ұсынылған. Бірінші нұсқасында: «Салих (адал) құлын Алла от ішінде де сақтайды деген көнеден жеткен қасиетті сөз бар еді, бірақ адамзат күнаға шексіз батып, Хаққа қарсы іс қылғасын Алла оларды жазалады» деген ұғымды берсе, қысқартылған кеңестік нұсқасы «от ішінде сақта деген сөздің жалған екені осыдан көрінеді» деген ойға меңзейді.

жалғасы...

Ұқсас материалдар