Қандастар Ассамблея

Әлия Телебариcованың жетістік құпиясы

14.10.2014 13444
Қазақ киносында айы оңынан туып, көрерменге мейлінше танылып келе жатқан жас жұлдыздардың бірі – Әлия Телебарисова ханым актерліктен бөлек өмірде де жан-жақты екендігін дәлелдеді.

Қазақ киносында айы оңынан туып, көрерменге мейлінше танылып келе жатқан жас жұлдыздардың бірі – Әлия Телебарисова ханым актерліктен бөлек өмірде де жан-жақты екендігін дәлелдеді. Жұмысынан тыс уақытында аттың жалынан тартып мініп, ән айту, би билеу, тігін тігу, коньки тебу, тоқумен айналысады. Одан бөлек бүкіл үй жұмысын да тап-тұйнақтай етіп атқарады.

Әлия Телебарисованың негізгі өмірлік қағидасы: өзің жан-тәніңмен жақсы көретін жұмыспен айналысқаннан бөлек, жан-жақты дами білу де қажет. Сол себепті, актер бола тұра тоқтап қалмай, одан әрі білімін жетілдіру үшін Қазақ-Американ университетіндегі халықаралық қатынастар бөліміне оқуға түскендігін айтады.

«Мүмкін болашақта бұл мамандық бойынша жұмыс істемейтін шығармын, бірақ жоқ дегенде бір тіл үйреніп шығамын» дейді актриса бұл туралы.

Әлияның аз уақыт ішінде өте үлкен жетістікке жетіп, биік белестерді бағындырып үлгергеніне таңғаласыз. Жасы 21-де болса да, оның 2011 жылы «Мисс Алматы» атағын жеңіп алғандығын көп кісі біле бермейді. Одан бөлек, жапондық компанияның таңдауына ілініп, ұзақ уақытқа дейін Әлия бейнеленген жарнама бүкіл жапон қалалаларында ілулі тұрған. 2013 жылы талантты қыз актерлік өнерін шыңдау үшін мұхит асып, АҚШ-тағы Нью-Йорк кино-өнері академиясына барып дәріс алып қайтқандығы да белгілі болды.

Әлияның алғаш толықметражды фильмі ретінде «Жаужүрек мың бала» фильмінің түсірілімі Әлияға үлкен тәжірибе әкелген секілді. 50-ден астам қыздардың арасынан кастингтен таңдауға іліккен Әлия, фильм түсірілімі басталғанға дейін бірнеше ай бойы атқа шабуды, садақ атуды, тіпті қылыштасуды да үйреніпті. Актриса қыздың айтуынша, дайындық кезінде сырқаттанбаған актер қалмапты, ауа райының кенет өзгеруі актерлердің денсаулығына өте ауыр салмақ салған екен. Ал өзі аттан құлай жаздап, тек Жайдок есімді каскадерлердің басшысы арқасында ғана аман қалыпты.

Осы жазда Әлия тұрмыс құрып, Азамат есімді сүйікті адамына қосылды. Ерін күтіп-баптай білген нағыз инабатты қазақ қызының отбасы жайындағы қағидасы: «жұмысым ол – хоббиім, ал отбасым – менің карьерам». Осы қағидаға сай, Әлия үй жұмыстарының барлығын өзі істейтіндігін, тамақ жасау, кір жуу, жалпы айтқанда нағыз келіннің жұмысын жасайтындығын айтады.


Әлия Телебарисова (Әнуарбек)

Кәсібі: Актриса

Туған күні: 30 сәуір, 1993 ж.

Туған жері: Тараз, Қазақстан.

Жанры: драма, тарихи, телехикая және қысқаметражды түсірілімдер.

Түскен фильмдері: «Жас ұлан» (телехикая), «Ағайындылар» 1,2 (телехикая),

«Город мечты» (қысқаметражды), «Жаным», «Жаужүрек мың бала» (тарихи),

«In100gram» (қысқаметражды), «Вопреки всему» (телехикая);

Суреттердің дереккөзі: Әлияның VK-парақшасы  

Ұқсас материалдар